Америкалық ғалымдар осыдан 80 миллион жыл бұрын өмір сүрген динозаврлардың жаңа түрін тапты.
АҚШ-тың қазір Биг-Бенд Ұлттық саябағы орналасқан аумағында тіршілік еткен динозавр мұрын мен иегінің құрылымымен ерекшеленеді. Оның иегі кәдімгі үйрекке ұқсайды.
Бұл динозаврдың қалдықтарын алғаш 1980 жылдары Техас университетінің профессоры Том Леман бастаған зерттеушілер тобы тапқан. Алайда ол кезде мамандар сүйектердің нақты қай динозаврға тиесілі екенін анықтай алмаған.
Динозаврдың бұрын-соңды кездеспеген бұл түрі мұрнының құсқа ұқсас болуына байланысты Aquilarhinus palimentus деген атау алды. Сарапшылар динозаврдың мұрнында бүркіттің тұмсығына ұқсас берік, ал төменгі иегі W әрпі пішініне сай келетінін анықтаған. Aquilarhinus palimentus динозаврлары бастапқы кезде АҚШ-тың оңтүстік-шығысында мекендеген.
Өткен жылы археологтар Қытайдың Шандунь провинциясында шамамен 120 миллион жыл бұрын жасаған 7 түрлі динозаврдың 300-ге тарта ізін тапты. Линь университеті маңындағы геология және палеонтология институты директоры Ван Сиолиннің хабарлауынша, осы уақытқа дейін динозавр қалдықтары кездесіп көрмеген Шандуньда олардың іздерінің табылуы ғалымдарды таңғалдырған.
Археологтар табылған іздерге қарап динозаврлар туралы кейбір мәліметтердің жаңсақтығына көз жеткізіп отыр. Себебі табылған іздердің негізгісі дейнонихтерге тиесілі (осыдан 121-98 миллион жыл бұрын жасаған кесірткіге ұқсайтын бойы 3,3-5 метр, салмағы 70 келі болатын жыртқыш диназаврлар түріне жатады). Ал ғалымдар оларды жеке-дара өмір сүрген деп келген еді. Бірақ тастағы таңбалар дейнонихтердің топтасып өмір сүргенін дәлелдейді.