Әлем ағылшын тілінде сөйлеуге үлкен қызығушылық танытуда. Бірі мектеп кезінен бастаса, енді бірі орта жастан асса да, тіл үйренуді қолға алуда. Бұл әлемдегі ақпарат қорының басым бөлігі ағылшын тілінде болуымен тығыз байланысты. Ағылшын кеңесінің мәліметіне сүйенсек, әлемде ағылшын тілін 1,75 млрд адам біледі. Яғни, әрбір төртінші адам ағылшын тілінде сөйлей алады. Ал, 2020 жылы бұл сандық көрсеткіш 2 млрд адамға дейін өсуі мүмкін деген болжам бар. Дегенмен, бұл ағылшын тілі ана тілі саналатын елдер өзге тілдерді үйренбейді дегенді білдірмейді. Ұлыбританияда халықтың қызығушылықпен үйренетін тілдерінің ішінде көш бастап тұрған француз тілі. Бұны Франциямен географиялық жақындығын және француздардың ағылшын тіліне деген бейқамдығымен байланыстырады. Екінші орынға неміс тілі іліккен. Неміс тілі лексикалық норма бойынша, сөздерді қолдануы мен сөз тіркесі арқылы ағылшын тіліне көбірек ұқсайды. Ал, үшінші орында испан тілі. Испания ағылшындықтар жиі демалып баратын туристтік ел ретінде бірінші орынға шыққан. Тілге қызығушылықтың жоғары болуын осымен байланыстырады. Аустралия көп тілді мемлекет болғанына қарамастан, екінші тілді меңгерген адамдар санымен мақтана алмайды. 1960 жылдары 12 сынып оқушылары арасында шет тілін меңгергендер көрсеткіші 40% болса, бүгінде ол көрсеткіш небәрі 10-12%. EducationHQ білім платформасының мәліметіне сүйенсек, аустралиялықтардың арасында кеңінен танымал шет тілін екі топқа жіктеуге болады: шығыс және еуропа тілдері. Шығыс тілдеріне: жапон, қытай және индонезия тілдері жатады. Оны елдің геополитикалық қызығушылығымен түсіндіруге болады. Сонымен қатар, білім мен мәдениет саласында өзара қызмет пен студенттердің алмасу арқылы білім алуын қамтамасыз етіп отырған Аустралия билігімен де байланыстыра аламыз. Ал, еуропа тілдерінің арасында кеңінен танымал: итальян, фрацуз және неміс тілдері. Бұны халықтың тарихи өткенімен байланыстырады. АҚШ-та мемлекеттік тілдің жоқ екендігіне қарамастан, оны ағылшын тілді мемлекеттер қатарына жатқызады. Тарихи тұрғадан халықтың басым көпшілігі ағылшын тілінде сөйлегендіктен, негізгі тіл де ағылшын тілі ретінде қарастырады. Олардың шет тілін үйрену мүмкіндігін сараптау қиын. Өйткені, АҚШ-та ағылшын тілін керісінше екінші шет тілі ретінде үйреніп жүргендер саны көп. Ал, өзге тілді үйренуге келгенде америкалықтар салқынқандылық танытады. Америка заманауи тілдер асоциациясының зерттеуіне сүйенсек, 2013 жылдан 2016 жылға дейін испан тілін үйренушілер саны 9,8%, француз тілі 11,1%, неміс тілі 2,3% азайған.