Ағаштың жасын оның діңі мен сақинасына қарап есептеуге болатыны белгілі. Бұдан бөлек, ағаш сақинасының тағы бір қасиеті бар: ол – сақинаның табиғи және техногенді апат болған уақытты "есте сақтап қалатыны". Яғни, апат болған жыл сақинада бөлек белгімен қалады. Сол белгіге қарап қай уақытта және қай жерде қандай апат болғанын анықтауға болады.
Ағаш сақинасының осы қасиетін зерттеген зерттеушілер 600 жыл бойы кесілген ағаштардың сақинасына қарап, жер бетіндегі климаттық өзгерістің қашан басталғанын анықтады. Айтуларынша, ХХ ғасырдың ортасынан бастап жер шарындағы климат адам танымастай өзгерген. Мұны Proceedings of the National Academy of Sciences журналы жариялады.
Ғалымдар Оңтүстік Американың қуаңшылық атласын жасау барысында Аргентина, Чили, Уругвай, Парагвай, Боливия, Бразилия мен Перу елінде кесілген 286 ағаштың діңін алып зерттеп, Американың оңтүстігіндегі жаппай құрғақшылық 1930 жылдан басталғанын анықтады. Басында құрғақшылық аз болған, бірақ уақыт өте келе жауыны жоқ жылдар көбейіп, 1960 жылдан бастап әр он жыл сайын бір қуаңшылық болатыны белгілі болды. Яғни, климат жылына бастаған.
Аргентинаның Ғылым мен технология жөніндегі ұлттық зерттеу кеңесінің палеоклиматологы Мариано Моралестің айтуынша, қуаңшылық қазір елдердің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісіне үлкен зиян келтіріп отыр. Жалпы құрлықтағы құрғақшылық жайы бірдей емес: егер Аргентина мен Чили сынды елдерде тарихта болмаған қуаңшылық жайласа, Оңтүстік Американың оңтүстік-шығыс жағында керісінше ылғал көбейген. Осыған мән берген ғалымдар климаттың жылынуы мен өзгеруіне адам ғана емес, табиғаттың өзіндік себептері де әсер етуде деген пікірге келді.
– Климаттың өзгеруіне адам ғана кінәлі деп айтудан аулақпыз. Антропогенді факторды күшейтетін түрлі себептер бар. Біздің ойымызша, климаттың өзгеруіне бәрібір табиғаттың өзі себепші. Мәселен, Тынық және Атлант мұхитының бетіндегі температураның өзгеруі, Антарктида маңындағы шығыс белдеу желдерінің өзгеруі мен экватордағы ыстық пен ылғалды полюске қарай айдайтын Хэдли ұяшығының пайда болуы – табиғи себепке жатады, – дейді Мариано Моралес.
Бұл табиғи құбылыстың бәрі адам шығарып жатқан парник газының әсерінен күшейіп, ғаламдық жылынуға әкелуде.
– Құрғақшылық та, ылғал да ғаламдық жылынуды күшейтуде, – дейді Колумбия университетінің климатологы Джейсон Смердон (Jason Smerdon).
Ғалымдар енді ашылған жаңалық климатты түсінуге және табиғи, антопогенді құбылыстардың алдын алуға көмектеседі деген ойда.