- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Ағаш өсіретін мұнара...
Ағаш өсіретін мұнара
Индиана штатында орналасқан Гринсбург қаласы әлемге «Ағаш қала» деген атпен мәлім. Бұлай аталуына осы аймақтағы ағаштың өте көп өсуімен қатар, Декейтер сот ғимаратының мұнарасынан өсіп шыққан жас шыбықтар себеп болса керек. 1870 жылы аталған ғимарат мұнарасының солтүстік-батысынан ағаш бұтағы өне бастаған. Алайда алғашында бұл құбылысқа ешкім мән бермеген. Кейіннен «ағаш өсіретін мұнара» атанып, басты жаңалыққа айналып шыға келді. Арада бірнеше жыл өткеннен соң, мұнара басына тағы да бес бірдей жас шыбық өсе бастайды. 1888 жылы ғимараттың тазалығына жауапты мамандар мұнара басындағы жас шыбықтарды қырқып, тек биіктігі 4,5 метрден асып қалған бұтаны ғана кеспей қалдырған. Арада қанша жыл өтсе де, дауыл мен борандардан аман қалған ағаш қурағаннан кейін, Декейтер орталық тарихи мұражайына тапсырылыпты. Тағы бір қызығы, қазіргі таңда ғимарат мұнарасының оңтүстік – шығыс бөлігінен тағы да бір жас ағаш өркен жайып келеді.
33 метрден асатын ғимарат мұнарасының басына жыл сайын жас шыбықтар өседі. Алайда оны жылда қырқып отырады. Ал көпшіліктің көзі үйренген ең алғашқы ағаш туралы алып-қашпа әңгімелер де жетерлік. Көптеген адамдар оны жөке ағашы десе, енді біреулер ақтерек деп дәлелдеп бақты, ал Смитсонов ғылыми-зерттеу институтының зерттеушілері қылқан жапырақты көктерек деп дәлелдеген-ді. Бірақ 2007 жылы Пердью университетінің орман шаруашылығы мамандары алғашқы ағаштың тұт ағашы екенін анықтады.
Шын мәнінде ғимарат мұнарасында бұл ағаш қалай жайқалып тұр? Ол қандай тіршілік нәрімен өсуде? Мұның барлығы тұрғындар үшін беймәлімдеу. Көбіне мұны ғимарат мұнарасының сызды, қабырғасының дымқыл болып келуімен түсіндіреді. Енді біреулер ағашты мұнарада орналасқан сағаттың тілі арқылы нәр алады деп әзілдейді.
сурет:masterok.livejournal.com
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
О. Сансызбай