- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Ағаш жазда қала...
Ағаш жазда қала экологиясын нашарлатады
Қалада егілген ағаштар күн ыстықты экологияны нашарлатып, адам денсаулығына зиян заттар бөледі. Мұндай тосын пікірді Америка ғалымдары айтуда.
Ағаш тіршілік көзі – оттегіні бөлетін жаратылыс иесі. Ағаш пен тал көп болған сайын, қаланың экологиясы да жақсаратыны сөзсіз. Бұл – логика.
Алайда АҚШ-тың экологиялық институтының мамандары керісінше айтады. Ғалымдардың зерттеуінше, ағаш жазда, күн ыстықта оттегімен бірге қосымша органикалық заттар бөледі. Ал ол заттар автокөліктен шыққан азот оксидімен әрекеттесіп, ауаға зиян шектіретін көрінеді. Азот молекуласына айналған бұл қоспа өте улы, қауіпті. Оның үстіне, салмағы ауыр болғандықтан, ауамен жоғары көтеріле алмай, жерде қалады да адам тыныстаған ауамен араласып кетеді.
Зерттеушілер күн ысыған сайын ағаштан бөлінетін органикалық заттың да көбейетінін әрі соғұрлым көбейген сайын, автокөліктен шыққан улы түтінмен әрекеттесіп, зиянды қалдықтың да артатынын айтады.
Алайда бұл – қаладағы ағаштарды кесіп тастау керек деген сөз емес. Ғалымдардың айтуынша, ең алдымен автокөліктерді азайту қажет. Оның орнына экологиялық таза транспортты қолданған абзал. Ол үшін мұнай өнімдерімен оталатын қозғалтқыштардың көзін құртқан жөн.
Қ. Слямбек