Афина аспанындағы шырақтар

Бүгінде Грекия өз тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірін бастан кешіріп жатыр. Елдегі қаржы дағдарысы гректердің моральдық жағдайына да әсер етпей қоймады. Дәл қазір онда құлдырау мен жабырқаңқылық, уайым-қайғы салтанат құрып тұр десе де болады. Алайда, көпшіліктің мұндай жағдайға бойсұнғылары келмейді екен. Бұл сөзіміздің дәлелі - жақында ғана ұйымдастырылған Beforelight жобасы бола алады. Аталған іс-шара барысында қала орталығындағы көшеде әртүрлі пішіндегі, алуан түрлі көлемдегі шамшырақтар пайда болды.

Көңілді көшенің дүниеге келуіне ат салысқан - Афинаның байырғы тұрғындары. Олар өздеріне қажет емес ескі шамшырақтарды Beforelight студиясына өткізген. Жиналған 150-ден астам шырақ бүгінде Афина аспанында жарқырап тұр.

Көшені безендіру жұмыстарына қатысуға ниет білдірген кез келген тұрғынға рұқсат берілген. Осындай талпыныс пен ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде дүниеге келген жоба қала тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айналып, ерекше шаттыққа бөледі. Мұнда күндіз-түні ағылып келіп жатқан халықтың санында шек жоқ. Әсіресе, бала-шаға мәз-мейрам.

Beforelight студиясы мұрындық болып отырған жобаның басты мақсаты - ең күйзелісті шақтардың өзінде өмірді жарқын, көңілді етуге болады дегенді дәлелдеу. Бүгінде студия өз мақсатына ақырындап жетіп жатыр.

Суреттер:kulturologia.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева