- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Адамзат жойып жіберген...
Адамзат жойып жіберген алып жануарлар
Біз мегафауналардың жаппай жойылуын табиғаттың күрт өзгеруімен байланыстырамыз. Мың жылдан астам уақыт ішінде сүтқоректінің 170-тен аса түрі толықтай жойылғаны белгілі болған. Дегенмен соңғы жылдары зерттеушілердің арасында жануарлардың жойылуына адамзат баласының өзге құрлықтарға қоныстана бастауы себеп болды деген пікірді ұстанушылар саны артып келеді.
Жақында ғалымдар осы уақытқа дейінгі жинақталған деректерге сүйене отырып, біздің заманымызға дейінгі 132 000 жылдан 1000 жыл аралығында өмір сүрген ірі сүтқоректілердің әрбір аймақ бойынша жойылуына толық сараптама жасаған: олар климат өзгерісін бақылап, орташа температура, бұлттылық пен өзге де ерекшеліктерді назарға алған.
Мегафаунаның жойылуының 20 пайызы табиғи апат салдарынан болса, қалғанына адамзат эволюциясы айтарлықтай әсер еткен. Мысалы, епті адам тұрақтаған Африка аймағында ірі жануарлардың небәрі 18 түрі, Оңтүстік және Солтүстік Америкада 62 және 43 түрі, Аустралияда 26, Еуропада 19 түрі жойылған.
Жануарлар асқан жылдамдықпен жойылған Оңтүстік Америкада климат өзгерісі айтарлықтай болмаған. Тіпті, Оңтүстік және Солтүстік Американың кей аймақтарында өсім сол күйі қалған. Африкада керісінше, климат өзгергенімен, ірі жануарлардың басым бөлігі сақталған. Ғалымдар Еуразия аймағындағы мегафаунаның қырылуын ғана табиғатпен байланыстырып отыр. Қалған құрлық үшін бұл себепке жүгіну қисынға келмейді. Сондықтан ғалымдар адам популяциясының орналасуы мен көшу картасын құрастыра бастады. Олардың құрлықтарға жіктелуін, уақыты мен ежелгі миграция географиясын жануарлардың жойылуы уақытымен салыстырды. Африкада жойылған жануарлар саны өте аз, өйткені ірі жануарлар өздерінің екі аяқты "бауырларымен" бірлесе өмір сүруге бейімделген. Ал, адамзат қоныс аудара бастағаннан кейін мегафаунаның басым бөлігі "жерді бөліп" мекендеуге дайын болмаған. Бірте-бірте адам күнін көру үшін аңшылықты кәсіп етеді. Бүгін назарларыңыз адамзат кесірінен жоғалғанға дейін әр құрлықта тіршілік еткен жануарлар тізімін ұсынамыз:
Аустралия
Аустралиядағы мегафауналардың жойылу үрдісі басқа құрлықтармен салыстырғанда ертерек басталды: шамамен 50-40 мың жыл бұрын адамдар бұл аймаққа қоныс аудара бастаған. Бүгінде бұл құрлықтан салмағы 45 килограмнан асатын ірі жануарды кездестіру мүмкін емес. Аң аулау үшін олар нулы ормандарды отқа ораған, нәтижесінде Аустралияның біраз бөлігі құрғақ, шөлді аймаққа айналды.
Дипротодон – жер бетіндегі ең ірі қалталы жануар. Дипротодонның салмағы шамамен 2800 килограмм, ал ұзындығы 3 метр, биіктігі 2 метрге жеткен. Олар өсімдікпен қоректеніп, балаларын өздерінің "табиғи" қалтасына салып жүрген.
Прокоптодондар ірі кенгуру түріне жатады. Алдыңғы аяғының тырнақтары ұзын әрі өткір болған. Салмағы – шамамен 230 киллограмм. Оның өсімдікпен қоректенетін жануар екеніне қарамастан, Аустралияның ежелгі тұрғындары алып жануармен көрші болуды қаламаса керек. Бүгін оның тек ұсақ тұқымдастары ғана тіршілік етуде.
Мегалания – ғаламшарымыздағы ең ірі кесіртке (болған). Археологтар әлі күнге дейін оның толық қаңқасын таба алмаған. Сондықтан бұл "құбыжықтың" өлшемі жайлы толық ақпарат жоқ. Аустралиялық кесірткенің ұзындығы 4,5-9 метрге, ал салмағы 330-2200 килограммға жетеді деген болжам бар. Кесірткенің бұл түрі ірі сүтқоректілермен қоректенген. Адамдарға шабуыл жасауы әбден мүмкін.
Азия
Азия құрлығында қырылған жануарлар үлесі – 16 пайыз. Мамандар көрсеткіштің аз болу себебін сол уақытта мекендеген адамдардың аңшылықпен айналыспауымен түсіндіреді. Бүгінде тек Африка мен Азияда ғана салмағы 1000 килограмнан асатын жануар түрлері сақталған. Бірақ, кейбір жануарлар бұл аймақтан да жоғалып кеткен. Соның ішінде мамонттарды атап көрсетуге болады.
Мамонттар барлық құрлықтарда өмір сүрген: Еуразия, Африка, Солтүстік Америка. Бірақ, генетикалық тұрғыдан жақын туысы азиялық пілдер саналады. Олар бүгінгі пілдерден екі есе ірі болған: салмағы 14–15 тоннаға дейін жеткен. Ежелгі жануардың қаңқалары Сібір мен Алясканың суық аймақтарынан табылған. Оның тері асты май қоры жақсы сақталған. Ал үлкен мүйізі жануарға қарлы жолдарды тазартуға септігін тигізген. Олар суықта өмір сүруге бейімделген. Мамонттардың басым бөлігі шамамен 10 000 жыл бұрын қырыла бастаған: климат әсерінен емес, оның жойылуына ірі жануарды ашкөздікпен аулаған аңшылар себеп болған.
Эндрюсарх – Орталық Азияны мекендеген жануарлардың бірі. Жануардың бас сүйегін Монғолиядан 1923 жылы америкалық саяхатшы Рой Эндрюс тапқан. Беймәлім жануарға саяхатшының аты берілген. Бас сүйегінің ұзындығы 83,4 сантиметр, ені 56 сантиметр болған. Сондықтан, эндрюсарх жер үстін мекендеген ең ірі сүтқоректі жыртқыш саналады. Ғалымдардың пікіріне сенсек, бұл жануар тұяқты, сонымен қатар, тамақ түрін талғамайтын болған. Тіпті, өлекселермен қоректенген деседі. Оның сырт келбетін бар қаңқалары арқылы құрастырғанымен, ол туралы ақпарат өте аз.
Еуропа
Тарихи деректер бойынша бір кездері Англияда бегемоттар, Нидерландта пілдер, ал Румынияны қоңыр аюлар мекендеген. Бірақ, Еуропа аймағында тіршілік етіп, кейін жойылып кеткен жануарлардың ең ерекшесі – Anisodon grande тұқымдасына жататын ұзын мойынды, салмағы 6 тонна мегафауна. Олардың алдыңғы аяқтарының тырнақтары өткір болған, сонымен қатар өсімдікпен қоректенген. Олардың ұзындығы 1,5 метрге жеткен. Бүгінде олардың не тұқымдасы, не түрі сақталмаған.
Америка
Шамамен 3 миллион жыл бұрын, Панама шығанағы көтеріле бастағанда жануарлардың басым бөлігі құрлықтан құрлыққа көшкен. Кейбірі діттеген жеріне жетпей қырыла бастады. Бұл аймаққа адамдар келген бойда мегафауналардың жойылу үрдісі жылдамдай түсті. Әсіресе, Кловис мәдениеті өкілдерінің аңшылықпен айналысуы мегафауналардың қырылуына үлкен әсер етті. Соның ішінде үшкір тасты жебелер мен қаруларды қолдана бастады. Алғашқы америкалықтар садақ, найза, сақпан секілді қарулармен жұмыс істеп қана қоймай, топ болып шабуыл жасауды үйренген еді.
Ірі жалқау жануар қазіргі тұқымдастарынан басты айырмашылығы ол ағашта емес, жерде өмір сүрген. Олар баяу қозғалған, сол себепті америкалық үндістердің сүйікті "тағамына" айналған.
Стегомастодондар тұмсықтылар тұқымына жатады және бүгінгі пілдерге қатты ұқсайды. Бірақ, оларға қарағанда ірі әрі тістерінің құрылысында айырмашылық бар. Стегомастодондар шамамен 6 тонна болған. Басында олар Солтүстік Американы мекен еткен. Кейін материктер қосылғанда Оңтүстікке қарай көшкен. Табиғат құбылысына байланысты олар тамақтану әдісін оңай өзгерткен. Сондықтан құрғақшылық пен суықтың кезектесуі оларға аса қиындық тудырмаған.
Токсодондар – өсімдікпен қоректенген оңтүстік америкалық жануарлар тобы. Олар жер бетінен 12 000 жыл бұрын жоғалған. Ғалымдар оларды қосмекенді болған деп болжайды.
Археологтар Америка құрлығынан Кловис мәдениеті кезінде жойылған жануарлардың қаңқаларын жиі табады. Сол себепті, адамзаттың епті бола түскені, айналасындағыларға айтарлықтай кері әсерін тигізген деген пікірмен келіспеуге амал қалмайды. Сол уақытта мегафауналардың жаппай қырылуы адамзаттың қажеттілігін туған. Бірнеше мыңдаған жылдан кейін келер буын адамзат піл, арыстан, аю секілді жануарларды көңіл көтеру үшін (цирк) жойған демесіне кім кепіл?
Т. Есқали