- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Адамзат әлі анықтамаған...
Адамзат әлі анықтамаған алып тіршілік иелері бар ма?
2020 жылы зерттеушілер жер бетіндегі ең ұзын тіршілік иесін Аустралия жағалауына жақын маңдағы терең шатқалдан байқаған. Ол су астындағы сифонофора еді. Ұзындығы шамамен 45 метр болған.
Адам көзіне түспеген, зерттеушілер назарына әлі ілікпеген ірі тіршілік иелері бар ма? Бұған ғалымдар бүгінге дейін бас қатырып келеді. Ұзын деп саналған сифонофораны көргеннен кейін зерттеушілерді бұл сұрақ одан ары қызықтыра түсті.
Сифонофора – медузаға ұқсас келетін жыртқыш. Құрылысы мыңдаған зооидтардан тұрады. Барлығы бірігіп бір организмнің қызметін атқарады. Бұл жаратылыс балықпен қоректенеді. Уы қатты болғандықтан, адамдар үшін қауіпті.
Ғалымдар анықтауы бойынша айтар болсақ, сифонофора мұхитта 700-1000 метр тереңдікте тіршілік етеді. Ал мұндай тереңдікті зерттеу оңай емес. Мұхит түбі әлі де зерттелмеген, ғылымда анықталмаған тіршілік иелеріне толы. Мұхит түбіне сүңгіген зерттеушілерден биікке көтерілген ғарышкерлер әлдеқайда көп.
2011 жылы Жаңа Зеландиядағы жағалаулардың біріне ғылымда белгісіз тіршілік иесінің қаңқасы шығып қалған. Ғалымдар мұны былтырға дейін зерттеп, мұхит түбінде өмір сүретін, сирек кездесетін, көзге көп түспейтін киттердің бірі деп анықтаған. Осыдан-ақ мұхит түбі әлі талай сырды бүгіп жатқанын айқын аңғаруға болады.
Жер бетінде (құрғақта) тіршілік ететін ірі жан-жануарлармен зерттеушілер таныс-ақ. Жаңа алып тіршілік иесінің табыла қоюы да екіталай. Көбіне тірідей емес, зерттеушілер көбіне қаңқасын ғана кездестіріп жатады. Жердің геологиялық тарихы әлі де зерттелуде. Құрғақта тіршілік еткен алып жануар ретінде титанозавр аталуда. Бұл жаратылыс иесінің қаңқасы жуырда ғана Аргентина жерінен табылған. Алып қана емес, осыған дейін табылған ең көне жануар қаңқасы да екен.
Зерттеушілер титанозавр қаңқасын бұған дейін де тапқан. Келешекте де кездестіреріне күмән келтірмейді. Осыған дейін табылған аймақтарға жақын маңды палеонтологтарға көбірек қарау керек болады. Ерте заманда өмір сүрген алып тіршілік иелерінің қаңқасы толық табылуы да неғайбыл дүние.
Мегалодон қандай болған?
Фильм кадры. © Warner Bros. пен InterCom
Жерде тіршілік еткен алыптардың бірі - Otodus megalodon. Ұзындығы 50 метрге дейін жеткен деп болжанады. Бұл жайлы фильм де жарыққа шыққан. Бірақ ғылымда мегалодонның қандай болғаны жайлы нақты тұжырым жоқ. Бұл жайында жуырда ғана Historical Biology басылымында жазылды.
Мұхиттағы алып тіршілік иесі миллион жыл бұрын жойылған. Қазір оның тісі мен омыртқасының кей бөліктері ғана табылып отыр. Ғалымдар мегалодон қазіргі ламнид акулаларға ұқсаған деп болжайды. Дегенмен Калифорния университетінің палеонтологтары бұл тұжырыммен келісе қоймайды.
Н. ҮсеноваАлып акуланың қандай болғаны жайлы сенімді деректер жоқтың қасы. Бәрі де болжамдар ғана. Сондықтан да қазіргі ғылым деңгейінде бірін шын, екіншісін жалған деп айту қиын. Мегалодон мүлде басқаша болуы да мүмкін, - дейді зерттеушілер.