Адамдардың кіруіне тыйым салынған құпия мекендер

Бүгінгі таңда біраз мекен саяхатшыларға ашық. Тіпті үйде отырып әлемнің бір бұрышына саяхаттай аласыз. Гималай шыңына шығу, қауіпті ормандардағы арыстандарды бақылау немесе зәулім ғимараттан секіру әдеттегі саяхаттың бір бөлігі.

Бірақ дүниежүзінде адамдардың кіруіне тыйым салынған мекендер де бар. Тіпті, сіз атақты патшалар әулетінен болсаңыз да, рұқсатыңыз болмаса кіре алмайсыз. Назарыңызға сондай мекендердің бірнешеуін ұсынамыз.

Метро-2

1992 жылғы жазда "Юность" әдеби-публицистикалық журналы жазушы және сценарист Владимир Гониктің "Тозақ" романын жариялады. Романдағы оқиғалар Мәскеудің жер асты бункерлерінде өтеді. 1993 жылы автор кітабының тұсаукесерінде "Коммерсантъ" газетінің тілшісіне берген сұхбатында "Метро-2" терминін өзі енгізгенін және романға керек мәліметтерді жиырма жыл бойы бункерлер мен метрополитенді біріктіретін құпия жолдар туралы жинақтаған ақпарат негізінде жазғанын айтты.

Кейін жазушы Владимир Гоник "Метро-2" деп аталатын бункерлер Саяси бюро мен КОКП Орталық Комитетінің басшылығын, сондай-ақ соғыс болғанда олардың отбасын орналастыру үшін салынған деп мәлімдеді. Метро 2 СОКП Орталық Комитетінің әрбір мүшесінің кеңсесі, демалыс бөлмесі, асханасы мен жуынатын бөлмесі бар, жалпы ауданы 180 м² болатын жеке үйлерден тұрады. Гониктің айтуынша, қорғаныс министрлігінің клиникасында дәрігер болып жұмыс істегенде пациенттерінен кітапқа арқау болатын мәліметтер жинаған.

Ватиканның құпия архивтері

1881 жылы Рим Папасы Лео XIII Ватиканның құпия архивтерінің бар екенін ресми түрде мойындады. Мұрағат коллекцияларының тарихы әлдеқайда ертерек басталған. Негізінен, мұрағат қоры 1610 жылы Ватикан кітапханасынан архивті бөлген Рим Папасы Павел V кезінде құрылған. Тарихтың құпияларын тек таңдаулы ғалымдар ғана зерттей алады. 100 шақырымдық жер асты үңгіріндегі сөрелерде адамзаттың тылсымға толы құпия құжаттары қаттаулы жатыр.

Сентинел аралы

Сентинел аралындағы сентинелдік тайпа Бенгал шығанағындағы Андаман аралдарын мекендейді. Олар сыртқы әлеммен байланысты үзіп, келушілерді агрессивті түрде қарсы алады. Олармен сұхбаттасқысы келгендер соңғы рет 2006 жылы 26 қаңтарда барған. Қарапайым балықшы қайығымен барған екі адамға аралдағы тайпалар шабуыл жасаған. Нәтижесінде екі балықшы да садақ оғынан қаза болған. Қазіргі уақытта сентинелдіктердің нақты саны белгісіз. 2001 жылы тікұшақпен жүргізілген санақ кезінде 39 адам көзге іліккен. Бірақ бұл көлемі 59,67 км² аралда тұратын халықтың нақты санын білдірмейді.

Межгорье қаласы

Ресейдегі Башқұртстан Республикасында Межгорье қаласы бар. Бұл жергілікті ең ежелгі қала. Қала туралы көптеген қауесет бар: мұнда атом энергиясының жұмбақ тәжірибелері жасалады немесе Ресей қазынасы осы жерде сақталады деп есептелген. Ресейлік БАҚ Оңтүстік Орал тауларындағы құпия Межгорье қаласын әлемдегі ең жұмбақ мекендердің бірі деп жазған. Ресей ол жерде стратегиялық және азық-түлік қорын және жоғары басшылыққа арналған "ядролық бункерді" жасырған болуы мүмкін.

Маунт-Уэзер

Маунт-Уэзер орталығы – АҚШ-тың жоғары шенді шенеуніктерінің соғыс кезінде жиналатын орны. Президент ядролық шабуыл болған кезде осы жерде орналасқан бункерде жасырынады. Маунт-Уезерде қоғамдық қауіпсіздік агенттіктері мен АҚШ әскери күштерін басқа штаттармен байланыстыратын жоғары жиілікті радиобайланыс жүйесі FEMA ұлттық радио жүйесі (FNARS) орналасқан.

39-кеңсе

Office 39 немесе кеңсе 39 – Солтүстік Кореядағы және бүкіл әлемдегі ең құпия орындардың бірі. Шетел БАҚ өкілдері бұл жерде әлімнің заңсыз қаржы аударымдары жүргізіледі деп мәлімет таратқан. Кейбір батыстық барлау қызметтері 39-шы кабинет есірткі саудасымен және қару-жарақ контрабандасымен айналысады деп мәлімдеген, дегенмен КХДР басшылығы бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарған.

Menwitһ Hill

Menwith Hill – британ әуе күштерінің базасы, оны әлемдегі ең үлкен электрондық бақылау орталығы деп атайды.

Бұл жердегі станция бірқатар жасанды жер серіктерімен байланысқан және зымырандарды тойтаруға және байланысты басқаруға арналған жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған. Ол 1960 жылдары қырғи қабақ соғыс кезінде КСРО мен оның Шығыс Еуропадағы одақтастары қолданған әскери және дипломатиялық арналарды қадағалау үшін құрылды. Кейінірек бұл база саяси барлау мен өндірістік тыңшылықтың, сондай-ақ экстремистік топтардың ізіне түсудің орталығына айналды.

Исэ храмы

Бұл мекен Жапониядағы ең қасиетті орындардың бірі саналады. Исэ – 100 храмнан тұратын кешен. Синтоизм діни дәстүрлерін сақтай отырып, Исе ғибадатханалары әр 20 жылда бұзылып, қайта салынады. Ішке кіруге құқығы бар жалғыз адам – ​​діни қызметкер. Дін өкілі Жапон империя отбасының мүшесі болуы керек.

Area 51 (Зона 51)

АҚШ-тың Невада штатында аты аңызға айналған "Зона 51" әскери-әуе базасы фантастикалық киноларда, компьютер ойындарында бірнеше рет көрсетілді. Бұл нысан туралы түрлі алып-қашпа әңгіме бар: "өзге ғаламшарлықтардың технологиясын зерттейтін жер, мұқым адамзатты жоқ қылып жіберетін қауіпті вирустардың отаны, генетикалық тәжрибелер ордасы және тағы басқалары. Осындай сөздердің әсерінен Пентагон кейбір құпия мәліметтерді жариялауға мәжбүр болған.