«Life» журналы: «өмір басталды», «өмір аяқталды...»

«Life» журналы: «өмір басталды», «өмір аяқталды...»
Фото: i-fakt.ru

1883 жылы Американың Джон Эймс Митчелл баспа үйі «Life» танымдық және қызықты ақпараттарға толы журналды жарыққа шығара бастады. Аталған журнал беттерінде әлемге танымал суретшілер, жазушылардың өмірлері жарық көрген. Ал журналдың негізін қалаушы автор 1918 жылы көз жұмды. Оның өлімінен кейін «Life» журналын Чарльз Гибсон есімді азамат он сегіз жыл басқарады. Өкінішке орай отызыншы жылдардың кезінде журналдың беделі күрт түсіп кетті. Ақыры амалы таусылған журнал 1936 жылы Генри Люс есімді адамға 92 мың долларға сатылады. Бір қызығы Гибсонның өзі журналды алғаш алған кезде миллион доллар төлеп алған. 

Журналды сатып алған адам, журналдың ендігі иесі оны фото-архив ретінде жасауды көздейді. Ендігі жерде «Life» журналы саясаттан, ғылымнан, мәдениеттен және әдебиеттен ақпарат бере бастады. Өзгешелігі – журнал барлық ақпаратты суреттер арқылы жеткізіп отырған. Журнал бетінде барлығы он миллионға жуық сурет жарыққа шыққан. Ал журналды асырау қиынға соққан емес. Себебі оның бетіне жарнама беру үшін өте көп құн төлеуге тура келген. Жарнамадан түскен ақшаның көптігін ескерген әкімшілік әрбір данасын 10 центтен сатып отырған. 


1936 жылы жарық көрген журналдың ең бірінші санына жаңа туылған нәрестенің суреті шыққан. Ал журналдың ең бірінші бетіне тақырып: «Өмір басталды» деп қойылған. Бір қызығы қызыл шақа кезінде суретке түскен Джордж Сторидің одан кейін бірде-бір суреті журнал бетінде жарық көрмеген. 

1972 жылы журнал апта сайын жарық көріп отырған. Тек біраз уақыт өткен соң барып, алты жылдық демалысқа кеткен. 1978 жылы «Life» журналы қайтадан жарық көре бастады және ендігі жерде айына бір-ақ рет шығатын болды. Осыдан кейін журналдың ғұмыры тағы да 22 жылға созылды. Бірақ дамыған технология журналдың өмір сүру ұзақтығын тоқтатып тастады. Осыдан кейін журнал шығуын тоқтату мақсатында түрлі жиын өткізіп, келісімге келе алмаған. Бірақ 2000 жылы ақыры «Life» журналының соңғы нөмірі жарыққа шықты. 

Мына қызықты қараңыз, 1936 жылы ең алғашқы санына басылып шыққан Джордж Сторидің суреті қайта журналдың басты бетінде жарық көрген. Бірақ бұл жолы нәресте емес, 64 жастағы қария болып шыққан. Ал журналдың басты бетіндегі тақырып былай деп қойылған: «Өмір аяқталды». Өкінішке орай Джордж Стори журнал шыққаннан кейін араға екі-үш күн салып дүниеден озған. 

Оның өмірі журналмен бірге басталып, журналмен бірге аяқталды. Бір адамның ғұмырымен астасқан журналдың бетінде қаншама тағдырдың өмірі баяндалды... 

М. Ақан