99.99 – cөредегі бағалардың сыры

Бағалар төрт түрге бөлінеді: шекті баға – 55. Соңында нөл қосылған шекті баға – 57.00. Таза баға – 56,75. Тартымды баға – 59.99.

Неге баға 100 емес 99,99 болып жазылады? Бұл бағаның нарыққа енуі туралы түрлі нұсқалар бар. Cолардың бірнешеуін ұсынамыз.

©foodweb.it

Тартымды бағалар

Психологтар алға тартқан теорияға сәйкес 99.99 бен 100 адам миында мүлдем екі бөлек әсер етеді.

Ағылшындар соңы тоғызбен аяқталатын тауар бағаларын charm prices яғни "тартымды бағалар" деп атаған. Өткен ғасырдың аяғындағы зерттеулер көрсеткендей, соңы тоғыз санымен аяқталған тауарлар басқа бағадағы тауарларға қарағанда көп сатылған.

Эксперимент кезінде 36 доллар тұратын тауар бағасын  әдейі 39 долларға өзгерткенде тауар сатылымы 30% -ға артқандығы дәлелденген.

©nidiasdesign.com

Бірінші сан маңызды

Сатып алушы бағаны солдан оңға қарай оқиды, сол жақтағы бірінші сан ең маңызды деген ой миға сіңген. Мысалы, егер киімнің бағасы 19,99 доллар болса, адамдар бағаны "20 долларға жетпейді" деп қабылдап, оны арзан деп санайды. Алайда, егер киімнің бағасы 20 доллар болса, сатып алушы оны қымбат деп есептейді.

Тағы бір қызық тәжірибе. Қуырылған картоптың кішкентай орамасы 3 долларға, ал үлкені 5 долларға сатылады делік. Адамдар үшін ортасындағы 2 долларлық айырмашылық кішкентай болып көрінеді және олар үлкен пакетті сатып алады. Егер сіз кіші пакеттің бағасын $ 2,99, ал үлкен пакеттің бағасын $ 4,99 етіп өзгертсеңіз, олардың арасындағы сома адамдар үшін үлкен болып көрінеді.

Ірі компаниялар да тоғыз санын бағаға пайдаланады. Мысалы, Apple. Кезінде Стив Джобс iTunes дүкендеріндегі әндерді альбом түрінде емес, даналап 99 центтен сатуды ұсынған. Нәтижесінде алғашқы 6 күнде 1 миллион ән сатылған.

©chicagology.com

Тиындар орнына газет

Бағаның бұл түрінің пайда болуы газет сатумен байланысты деген пікір бар. Чикаго Daily News-тің негізін қалаушы Мелвилл Стоун газетіне оқырмандар тарту үшін мынадай қулық жасаған.

1876 жылдары АҚШ-та тек қана 1 цент, 5 цент және 10 цент-тік майда тиындар бар еді. Мелвиллдің бәскелестері газетін 5 центтен сататын. Себебі ол кезде 1 цент табылмайтын уақ тиын еді.

Мелвилл болса газетін 1 центтен сатуды жоспарлайды. Ол үшін жергілікті ірі саудагерлерді тауарларын 4,99 долларға сатуға көндіреді. Өзі Филадельфия банкімен келісіп, көп мөлшерде 1 центтік тиынды айналымға енгізеді. Содан соң  сатып алған тауарларының қайтарымына алған 1 цент адамдар қалтасында жиналып қалатын болады. Бұл тиынннан құтылу үшін олар Chicago Daily News газетінің тұрақты оқырманына айналады.

Тағы бір түсінік бойынша, 99-бен бітетін бағаларды дүкен иелері ұрлықпен күресу үшін әдейі жасаған. Яғни, егер дүкен қызметкері жақсы тауарды 3 долларға сатса, ол нақты соманы бастығынан жасырып, қалтасына салып қоюы мүмкін. Егер тауардың бағасы 2,99 доллар болса, сатушы 1 цент қайтарып беру үшін ақшаны кассаға салуға мәжбүр болады.