Қызылордалық Тұрғанкүл Айдарова әженің дүние есігін ашқан тұңғышына кигізген ит көйлеті сақтағанына 66 жыл болыпты. Оны енесі тігіп берген екен. Содан бері оның он екі перзенті бірінен кейін бірі киіпті. - Он екі құрсақ көтерсем, соның тоғызы көз алдымда жүр. Ұл-қыздарымның бәрі ит көйлекті кигендіктен иістері сіңді. Қазір оны немерелеріме жастап жүрмін,-деді абыз ана. Иә, 1952 жылы басталған ит көйлек эстафетасы 1973 жылға дейін жалғасыпты. Осы жылдар аралығында перзенттері қырқынан шыққанша кигізген екен. Сәбидің қырқынан шығарылғанша киген көйлектің тігісі сыртына қаратылып, жөрмелеп, іліп қана тігілген. Кейде ит көйлекті көп жасаған адамның киімінің қалдығынан да тіккен. Етегін, шеттерін бүкпей, кең, үлкен етіп тігуі нәрестенің жақсы өсіп, жасының ұзақ болуын тілеуден туған. Жалпы, иткөйлекке байланысты ырымдар көптеп кездеседі. Бірде Тұрғанкүл әженің алыс туыстарының баласының басы дауға қалады. Амалдары таусылған ағайынның бірі иткөйлектің шетін жыртып әкетеді. Содан не керек, әлгі кісі бәле-жаладан аман-есен құтылыпты. Тұрғанкүл әжей 66 жыл сақталған ит көйлектің киесі немере-шөберелерін жамандықтан қорғайтынына сенеді. Міне, қарт ананың алтындай сақтап отырған ит көйлегінің мәні осында... Ерболат Тұрсынқожа