Үндістанда 62 жыл бойы тырнағын алмаған Шридхар Чиллал есімді қарт Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Қария атын әлемге әйгілеген тырнақтарын түн ұйқысын төрт бөліп күзетеді екен. Тіпті, жарты сағат сайын оянып, сол қолын қозғап тұруы керек. Себебі, 16 жасынан бері баптап келе жатқан "байлығы" кез келген уақытты морт сынуы мүмкін.
Бүгінгі таңда Шридхар 78 жасқа толса, ал оның тырнақтары 62-ге келді. Жарты ғасырдан астам уақыт "мұрты бұзылмаған" тырнақтың жалпы ұзындығы 909,6 сантиметрге (әр саусағындағы тырнақтың ұзындығы 164,5-200 сантиметр) жеткен. Гиннес рекордтар кітабына енген қарт мұнымен тоқтап қалмай, атын әлемге мәшһүр еткен тырнақтарын мұражайға тапсыруды жөн көріпті.
Ал әйелдер арасындағы ең ұзын тырнақ Лас-Вегастық Крис Уолтонға тиесілі. Ол 2011 жылы Гинесттің рекордтар кітабына енді. Тырнақтарының жалпы ұзындығы алты метрді құраған. Шашынан тырнағы ұзын Уолтон ханым "алты құлаш" "байлығын" баптауға күніне бірнеше сағат жұмсайды екен.