Қарапайым британдық фермер Тед Кинселдің кішкентай кезінен орындалмай жүрген ұлы арманы болған. Ол – аты аңызға айналған қызыл «маскл-кар» Ford Mustang еді. Әлі ешкімнің қолы тимеген жарқын келбетін алғашқы рет журналдың бетінен көрген балақайдың қиялындағы сол бір тұлпары есінен шықпай қойған болуы керек.
Есейген шақта оның алдына үлкен кедергілер тұра бастады. Біріншіден, бай-манаптар қатарына жатпайтын шаруада қаржылық жағынан қиындықтар болған. Екіншіден, Тед әлеуеті зор, аса қуатты машинамен Англияның оң жақ бағыттағы жол тораптарына үйренісе алмаудан қорыққан. Ал үшіншіден, Mustang-ты АҚШ-тан өз еліне жеткізіп алу біраз жүрісті талап етті. Ford-тың осы бір түрі Еуропада бүгінгі күнге дейін сатылмай келген.
Жылдар өте Тедтің балалық шақтағы асыл арманын ұмытып, өзін-өзі тоқтатып, тежейтін кезі келді-ау дейтін де шығарсыз?! Сіз қандай жағдай болса да, алған бағытыңыздан таяр ма едіңіз? Жоқ!... Аңсаған бақытына дейінгі осынау ауыр жолда ол да сілесі қата шаршаған болуы керек...
Сөйтіп, Тед Кинсел ел ішінде ертеден қолданылып жүрген әдіске көшеді. Яғни, қанша сеніп, ойға алғаныңмен таудың өзіңе жақындамайтынын біліп, оған қарай бет алу. Осылайша, Тед Мустангқа деген адал махаббатын дәлелдеуді ұйғарды. Өзінің егістігінде жүздеген жасыл бұта, тал-шіліктердің басын құрап, жай желістен шоқыраққа көшкен аттың 60 метрлік сұлбасын салды. Ол – сол көлікті шығаратын компанияның атақты танымбелгісі (логотип) еді.
Ал енді сенсеңіз де, сенбесеңіз де - өз еркіңізде?! Бұл оқиға Ford компаниясының басшылығының жанына қатты батқан болуы керек, жартығасырлық тарихы бар темір тұлпар 2015 жылдан бастап, Еуропа елдері аумағында ресми түрде сатылымға түсетін болды.
Біздің қиялшыл кейіпкеріміз болса, тұңғыш рет балғын шағында көрген сол ашық-қызыл Mustang-ты алуға тапсырыс беріп қойыпты. Ал әзірге ол тұлпары үйіне оралғанша, жергілікті мақтанышқа айналған жасыл тұлпарын баптай тұрмақ.
Жолдаған: Айбол Исламғали
Сурет: adme.ru