Германиядағы Кельн Университетінің тарихқа дейінгі геология институтының оқытушысы Стефан Крефлин бастаған халықаралық ғалымдар тобы жердің ең ыстық аймағына зерттеу жүргізген. Олардың сараптама нәтижелері бойынша, Сахара жайлы бірнеше дерек жарияланған. Қазіргі дәуірден 6 мың жыл бұрынғы Сахараға сапар шегу мүмкін болса, онда біз жасыл көрпеге оранған нулы да сулы, көрікті аймаққа тап болар едік. Ол кезеңде Сахара гүлге оранып, ағаштар жайқалып, аймақта кішігірім көлшіктер көп болған. Ал, осыдан 2700 жыл бұрын гүлденген бұл аймақ ғаламшардың ең ыстық нүктесіне айналды. Өкінішке орай, бұл аймақтың құмға айналу эволюциясын толықтай анықтауға көмектесер факторлар біздің дәуірімізге жетпеген. Десе де, ғалымдардың бұл тұжырымды жасауына Чад Республикасының солтүстігіндегі Йоа көлінің түбінен табылған шөгінділер көмектескен. Бұл шөгінділерді түбегейлі зертеуге күш салған экспедиция мүшелері геохимиялық сараптама жасау арқылы аймақтың шөлейт далаға айналғанға дейінгі тіршілігін топшылаған. Ағаштар мен түрлі өсімдіктердің, микроағзалар мен жануарлардың қалдықтары зерттеушілердің жұмысын алға ілгерілеткені сөзсіз. Германия, Канада, АҚШ-тың ғалымдарынан жасақталған құрам осы уақытқа дейін қалыптасқан Африка 5500 жыл бұрын шөлейтке айналды деген теорияны жоққа шығарды. Құм құшағына оранған өлі далада жер асты суларының әсерінен пайда болған суқойма бар. Гельта Аршей деп аталатын оазис тұтас құрлықтың мақтанышына айналған. Сахараның қақ ортасында орналасқан суқойма аймақтың жан-жануарын жойылып кетуден сақтап тұрған көрінеді. Сәні мен салтанаты жарасқан оазис көз тартар көркемдігімен де әйгілі. Сонымен қатар, бұл суқоймада жойылудың алдында тұрған Ніл қолтырауындары тіршілік етеді екен. Сахара құпияға толы жұмбақ мекен. Құм шағырлардың астында талай тарих, талай тылсым дүние жатқаны анық. Жердің ең ыстық аймағы бола тұра, бұл аумақта төгіліп қар жауғанының өзі табиғатқа қайшы құбылыс. Адамның миына кіріп-шықпайтын оқыс оқиғалармен де Сахара әлем халқының аузында жүр.