- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- 440 күндік жалғыздық...
440 күндік жалғыздық
Сальвадор азаматы, балықшы Хосе Альваренга ескексіз қайығымен 14 ай бойы мұхитта жалғыз қалып қойған. Оның не суы, не тамағы болмаған. Осы бір жылдан астам уақыт бойы оның серігі мұхит пен күн болыпты. Шытырман оқиға мен оның басты кейіпкері Хосенің жергілікті газеттерге берген сұхбатын ұсынамыз.
2014 жылы қаңтар айында Маршал аралдар қосының бірі Эбон аралының жағалауындағы үйдің алдында әлдекімнің запыран даусы шығады. Жағалаудағы жалғыз үйдің тұрғындары Эми Либокмето мен Рассел Лейкедрик далаға жүгіре шыққан кезде алдарында түтіліп кеткен іш киімді, сақал-мұрты өсіп кеткен адам тұрады.
- Ол қолын ары-бері сілтеп, бейтаныс тілде бірдеңе айтып жатты, - дейді Әми. – Қолында пышақ бар. Біз қолындағы қаруды жерге тастауын ыммен түсіндірдік. Ол қолындағы пышақты жерге тастады да бірдеңе айтқан болып, тізерлеп отыра қалды. Біз жақындай келе жағада ағаш қайықты көрдік. Содан-ақ бұл адамды толқын адастырып әкелгенін білдік. Ол жерде әл үстінде жатып өз атын атаумен болды: «Хосе, Хосе».
7 метрлік қайықтың түбінде тұщы су жабысқағы өсіп кеткен.
Фото: Гифф Джонсон
«Құймақты дастарханға қойғанда ол оған жыртқыш аңдай жабысты»
Эми мен Рассел бейтаныс адамды үйге кіргізіп бірінші кезекте су ішкізіпті. – Хосеге беретін тамағымыз болмады, - дейді Эми. – Рассел тоңазытқыштан сүт әкеліп, құймақ жасауға кірісті. Бұл уақытта мен Хосені моншаға кіргізіп, таза киімдер бердім. Оның жағдайы тым төмендеп, біз түсінбесек те өз тілінде бірдеңе айтып жатты.
- Құймақты дастарханға қойғанда ол оған жыртқыш аңдай жабысты. Басын еш көтерместен барлығын бірақ тауысты. Оның бұл әрекеті қорқынышты еді, - дейді Рассел.
Эми Хосеге қағаз бен маркер ұстатып, не айтқысы келгенін жазуын өтінген. Оның жазып берген хатын көрші ауылдың баласы велосипедпен Эбон аралының мэрі Ионе де Брумға апарып беріпті. Хат испан тілінде жазылған. Ал 6 шаршы шақырым аумақты алып жатқан аралдың 700-ге жуық тұрғынының ешқайсысы да испан тілін түсінбепті. Бірақ Норвегиядан тәжірибеден өтуге келген жалғыз студент-антрополог Ола Фьелбдстад оған көмекке келеді. Десе де ол да испан тілін түсінбесе де, итальян тілін ұғады екен, себебі итальян тілі испан тілімен ұқсас екен. Хаттың мәнін түсінген қала мэрі дәрігерлер мен полицияны алып, Хосеге қарай асыққан.
- Хосе Мексиканың батыс жағалауындағы Пхеньян қаласында балықшы болып жұмыс істегенін айтып берді, - дейді Ола. – Хосенің айтуынша, ол 2012 жылы теңізге шығыпты. Қайығы дауылдан басқаруға келмей, ашық мұхитқа қарай әкетіп қалған екен. Ол өзінің жасы 37-де екенін айтқан. Ал фамилиясы Альваренга. Мексиканың батыс аймағынан Маршалл аралдарына дейін 10 000 шақырым екен! Хосенің оқиғасы ақылға қонымсыз әрі өте қызықты.
Хосе күннен осы балыққа арналған ағаш жәшікпен қорғаныпты.
Фото: Гифф Джонсон
«Оның 14 ай бойы мұхитта адасқаны күмәнді»
Бұдан кейін Хосе отбасына хабарласуды ойлап, телефон сұрағанда қала мэрі оған қарсылық білдіріпті. Себебі оның айтқан сөзінің растығын, шындығында бұл адамның кім екенін өздері анықтауы керек болған. Сөйтіп, оны Маршал аралдарының астанасы Маджуро қаласына жөнелтеді.
Астанаға патрульдік кемемен жеткенше Хосе суға бұдан былай қарай алмайтынын айтыпты. Жол бойы банан мен кокос жеумен болыпты.
Хосе Маджуро қаласына портқа келіп тіркелген кезде оны журналистер мен қала тұрғындары қарсы алған. «Ол жағдайы жақсы адамға ұқсап кемеден түскендіктен барлығы да бір жыл бойы мұхитта адсып жүрген адам екеніне сенімсіздік танытты» дейді Ола. Қанша көңілді болса да тексеруге ауруханаға кіргізгенде-ақ екі аяқ буыны ұстамай жерге құлапты. Оның аяқ қан тамырлары ісініп кеткен екен. Дәрігерлер оны бір сағаттай уақыт демалған соң жіберуге болатынын айтқан. Бұдан кейін оған телефон берілмей екі күн бойы қонақ үйде жатуы талап етілген. Бірақ екі күннен кейін оның денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға қайта жатқызылады. Сөйтсе, Хосенің асқазаны сорғыпты. Мұнымен қоймай, оның есте сақтау қабілеті нашарлағаны белгілі болған.
- Хосе жағалауға жеткен соң қан қызуымен жүре берген. Қайта-қайта талып қала беретіні де сондықтан. Бірақ күндер өте оның дансаулығы жақсарады дейді дәрігер. Десе де, бұл адамның мұхитта 14 ай бойы адасып жүргеніне күмәнмен қараймын. Себебі 1992 жылы осыған ұқсас жағдай болған еді. Сонда теңіз бетінде алты ай бойы жүзіп жүрген адамдар жағалауға жеткізілгенде олардың есінен танып қалғандығы тіркелген болатын, - дейді Хосенің жағдайын тексерген дәрігер.
Маршал аралдары жайлы фильм түсіріп жүрген режисер Джек Ниденталь Хосемен жеке сөйлесу мүмкіндігіне ие болыпты. Джек Ниденталь онымен сөйлескен соң былай депті. «Бұл адам нағыз тозақтан өтіпті. Қарапайым балықшының мұндай жағдайға тап болуына неліктен күмән тудыруымыз керек?»
Хосенің шын мәнінде кім екенін, нақты қай елдің азаматы екенін анықтау үшін жергілікті билік Мексикаға сұраныс хат жіберген. Бірақ Мексика полициясы Хосе Альваренга есімді балықшының іздеуде емес екенін айтыпты.
Сонымен, Хосе кім?
Бірнеше күн өткен соң Хосеге үйіне телефон соғуға мүмкіндік беріледі. Билік орындары оның телефонын тыңдаған. Бірақ Хосе Мексикаға емес, Сальвадорға телефон соғады. Кейін анықталғандай, Хосенің туған жері Сальвадор екен. Хосенің бұл жайлы бұған дейін неге тіс жарып айтпағаны белгісіз. Дәрігерлер оның есте сақтау қабілетінің күрт нашарлағанын тіркепті, оның осы маңызды деректі айтпауының мәні осында жатуы да мүмкін.
- Хосе Мексикаға 15 жыл бұрын кетіп қалған, - дейді оның анасы Мария Альваренги. – Басында телефон соғып, суреттерін жіберіп тұратын. Бірақ соңғы рет хабарын біз тек 8 жыл бұрын ғана алғанбыз. Одан кейін ұшты-күйлі жоғалды. Оны іздеуге біздің де шамамыз келмеді. Біреулер оны өлдіге балады.
Бұдан кейін журналистер оның тағдырына қызығушылық білдіріп, оның туған жері Гарита-Пальмера қаласына барады. Отбасылық фотоальбомдарға қарап отырып, олар Хосенің оқиғасының шын екеніне көз жеткізеді.
Ал кейін Мексикадан хабарлама келеді. Онда 2012 жылы 17 қарашада Чьяпас штатының Коста-Асуль ауылында екі балықшының із-түссіз жоғалып кеткені, кейін ауа райының қолайсыздығына байланысты іздеу жұмыстары тоқтатылғаны туралы жазылған. Полиция есебінде із-түссіз жоғалғандардың аты-жөні көрсетіледі: Эсекьель Кордоба және Сирило Варгас. Ал Хосе Альваренганың Мексикада тіркелген аты Сирило Варгас екен!
Хосе Мексикаға қайтып бара алмайды. Себебі Альваренганың көп жыл бойы қолдан жасалған құжатпен жүргені анықталады. 12 ақпан күні Хосе Комалапа қаласына ұшып келеді. Оны күтіп алған анасы үнсіз жылап, журналистермен сөйлесуге мұршасы жоқ екенін айтқан.
Тағы бірнеше күн емделуден өткен Хосеге оның әріптесі Эсекьель Кордоба жайлы сұрақтар қойыла бастайды. Хосе қайтыс болған досы жайлы былай дейді: «Эсекьель алда өлетінін білді. Сосын маған өзінің анасын, әкесін жақсы көретінін және олар үшін дұға оқитынын айтты». Көз алдында досы көз жұмған соң оның денесін бірден суға тастағысы келмепті. Хосе бастапқы уақытта құтқарушылар іздеп тауып қалып жатса оның денесін дәстүрлі жағдайда жер қойнына тапсыруға болады деп үміттеніпті.
Құтқарылғаннан кейін Хосе марқұмның туған-туыстарына барып, ұлдарының қалай қаза тапқаны жайлы айтып береді.
Хосе енді қандай іспен айналысатынын әлі білмейді. Бірақ енді ешқашан да мұхитқа шықпайтынын айтыпты.
Мұхит құрсауында ең көп уақыт қалып қойғандар тізімі:
Жыл сайын әлемде суға кеткен адамдар саны 200 000. Көп уақыт бойы мұхитта адасып жүргендердің тізімін ұсынамыз:
- Мексикалық балықшылар. Лусио Рендон, Сальвадор Ордоньес және Хесус Виданья ашық мұхитта 9,5 ай бойы жүзіп жүріпті. Олар жағалаудан 2005 жылы 28 қазанда шығып, ұшты-күйлі жоғалған. 2006 жылы 9 тамызда Маршал аралдарының жағалауынан табылған.
- Америкада тұратын вьетнамдық Ричард Ван Фам мұхитта 3,5 ай адасқан. Ол 2002 жылы Калифорния жағалауынан кетіп, сол жылы 17 қыркүйекте 480 шақырым қашықтықта орналасқан Коста-Рика жағалауынан табылыпты.
- Тоакай Тейтой есімді полинезиялық балықшы мұхитта 3 ай бойы адасыпты. 2012 жылы 28 мамырда Тарава жағалауынан ұзап кеткен ол 9 қыркүйек күні Маршал аралдарынан табылған.
- Америкалық яхташы Стивен Каллахан 2,5 ай бойы мұхитта адасқан. Ол 1982 жылы 29 қаңтарда Канар аралдар жынысының Иерро портынан шығып, 21 сәуір күні Гваделупадан бір-ақ табылған.
- Полинезиялық балықшылар Саму Перес, Фило Фило және Эдуард Насау мұхитта 1,5 ай адасқан екен. Олар 2010 жылы 5 қазанда Атафу аралынан шығып, 24 қарашада Уоллис аралынан табылған.
Автор: Гифф Джонсон, Сьюзан Чутаро
Аударған: Ардақ Құлтай
Сурет: vokrugsveta.ru
А. Құлтай