Сингапур — бір уақытта алып шаһар, әдемі арал әрі ірі мемлекет. Экономикалық Барлау Бөлімінің сараптамасы бойынша, өмір сүру сапасы жөнінен дүние жүзінде он бірінші орынға табан тірепті. Бұл елдің әлемнің алдыңғы қатарында сап түзеуі мемлекет атауымен де байланысты сияқты. Сингапур сөзі малай тілінің синга — "арыстан" және санскрит тіліндегі пура — "қала" деген сөздерінен құралған екен. Олай болса, әлеуеті мен мәдениетін тең ұстаған "арыстан қалаға" бірге саяхат жасайық.
Фэншуй үлгісімен бой түзеген, көкпен тірескен ғимараттары, қызылды-жасылды саябақтары, ірі сауда орталықтары — бәрі-бәрі бір-бірімен әдемі үйлескен. Тағы бір ерекшелігі, ғимараттары заманауи үлгіде салынса да, этникалық нақыштан ажырамаған.
Қаланың ең танымал орны – Марина Бей жағалауы және оның аймағы. Бұл ауданға сәулетшілер демалыс орнын да, ботаникалық бақты да, мұражайды да, көрме галереясын да, тіпті жұмыс орындарын да шоғырландырған.
Бұл ғимарат тек қонақ үй емес, сонымен қатар, Сингапурды жоғарыдан қарап, бақылап отыратын орын секілді. Алматылықтарға түсінікті болу үшін, бұл орынды Көк-Төбенің бірге тумаған егізіне баладым. Мына жерден үш 55 қабатты мұнара мен екі үлкен театрды, ғылым және өнер мұражайын, мұз айдынын, сауда орталықтарын көруге болады. Ал осы 57 қабатты қонақ үй жоғарғы қабатындағы үлкен хауызымен әлемге танымал.
Бұл – әлемдегі ең үлкен субұрқақтарының бірі һәм бірегейі. Көлемі Исаакиев соборы күмбезінің үлкендігіндей, қоладан жасалған сақинадан құралған. Сингапур халқында осы субұрқаққа қатысты мынадай сенім бар: егер қолды суға салып, үш рет сағат тілінің бағытымен айналса, ойлаған тілегіңіз орындалады екен.
Ал мына ғажайып әрі ғаламат кешеннің ерекшелігі мынада: бұл – биіктіктері 25-50 метр болатын алып теректерден құралған орман. Екі 42 метрлік ең үлкен ағаш 22 метpлік көпірмен байланысқан. Қас қарайған уақытта мына алып ағаштар еліктіретін әуеннің ырғағымен түрлі түске енеді.
Қаланың әйгілі символы — Мерлайон ескерткіші. Ол аңыз бойынша, арыстан бейнелі, балық денелі жануар. "Сингапур" сөзінің синга — "арыстан" және пура — "қала" деген сөздерінен құралғандығын жоғарыда атаған едік. Өздерінің этимологиялық құндылықтарын жоғалтпаған қала өз тарихын осылай насихаттайды екен.
Аралға сән берген сұлулардың бірі – түрлі-түсті өңге енетін ғажайып гүлдері. Гүлдердің сан түрін жинаған мына ұлттық орхидея саябағы, Пальма алқабы, Жанжабіл бағы, Аққулы көл Сингапурдың ботаникалық саябағын құрап тұр.
Әлемнің ғажайып хайуанаттар саябағы да осы Сингапурда орналасқан. Бұл бақтың ерекшелігі – аңдарға арналған ешқандай тор жоқ. Бақтың ішіндегі жылғалар мен бөренелер орманда жүргендей әсер береді.
«Джуронг» атты құстар саябағында да құстар емін-еркін ұшып жүреді. Жоғалып бара жатқан африкалық пингвин осы саябақта сақталған екен. Әр құстың жеке жанұясы бар. Оған қоса, мұнда құстармен бірге түрлі қойылым көрсетіледі екен.
25 метр биіктікте орналасқан 250 метрлік Tree Top Walk көпірі — «Мак Ритчи» саябағының мақтанышы. Бұл көпір джунглидің үстінен бақылауға мүмкіндік береді. Экзотикалық құстардың шырқаған әуені мен гүлді алқап саябақтың тағы бір құндылығы болып есептеледі екен.
Universal Studios ойын-сауық саябағы. Мұнда кино және мультфильм әлеміне саяхаттауға болады. Сонымен қатар, Азиядағы ең үлкен «Америкалық төбешік» аттракционы да осы саябақта орналасқан.
«Теңіз тіршілігі» атты океанариум — әлемдегі ең ірі океанариум. Онда су жануарларының 800 түрі кездеседі. Океанариумның ені - 36 м, ал биіктігі - 8,3 м. Алып океанариумда барлығы 100000 теңіз жануары өмір сүреді екен.
Иә, қалай? Сіздерге арыстан-қала ұнады ма?
Сурет: adme.ru, iauto.ru, hdwyn.com