- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- 2013 жылғы саяхатқа...
2013 жылғы саяхатқа арналған ең үздік қалалар
Жуырда ғана әлемнің тәуелсіз әрі коммерциялық емес ұйымдарының мамандары 2013 жылдың ең үздік туристік бағыттарының тізімін жасап шығарды. Қалаларды бағалау үш апта бойы онлайн-дауыс беру түрінде жүргізілді. 2013 жылдың ең үздік туристік бағыты деген атаққа Еуропаның 20 қаласы таласты. Нәтиже төмендегідей:
Рейтингтің шымылдығын түріктер қаласы Ыстамбұл түріп отыр. Бұл – Шығыс пен Батыс мәдениеті біріккен әлемдегі жалғыз қала. Қала физикалық түрде Еуропа мен Азияға бөлінген. Ыстамбұл туристер үшін осы ерекшелігімен қымбат.
Жеңімпаздан 439 ғана кем дауыс жинаған Лиссабон екінші орынды иемденіп отыр. "Жеті қырдың ар жағындағы қала" немесе "ақ таңның қаласы" атанып кеткен шаһар алаңсыз серуен үшін таптырмас мекен. Лиссабонның жайлы ауа-райының арқасында көптеген көрікті жерлерді аралап, табиғат тамашаларының куәгері атанасыз. Жалпы, қала бұл тізімге алғаш рет еніп отырған жоқ. Ол 2010 жылы осы тізімнің көшін бастаған екен.
Мәртебелі үшінші орынды Вена қанжығасына байлады. Оған себепкер болған – веналық кофе, шарап, асхана, веналық балдар. Аустрияның астанасы жылдың қай уақытында болмасын туристерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлай алады. Сондай-ақ қалада әдемі ғимараттар мен көз тартар көрікті мекендер жетіп жатыр.
Тізімнің төртінші орнында Барселона тұр. Туристер қауымы испандық қаланы көпқырлылығы үшін жақсы көреді. Живопистік құрылыстар, әсіресе Антонио Гаудидің сәулет өнері, клубтар мен барлардағы қызу түнгі өмір және қайталанбас шопинг... Керемет емес пе?
Бесінші орында - Амстердам. Велосипедтер қаласына оның жарқын сәулеті мен кофешоп үшін ғана барып қоймай, басқа да ғажайыпты іздеуге болады. Мәселен, Амстердам – әлемнің ең романтикалық қалаларының қатарында тұр және сіз бұл жерде ешбір жерден таба алмайтын тыныштықпен қауыша аласыз. Екіншіден, бұл әлемдегі ең қауіпсіз қала. Сондай-ақ, Амстердамда Венециядан да көп каналдар бар екенін ескеру керек.
Үздік бестікпен таныс болсаңыз, туристік бағыттардың толық тізіміне көз жүгіртіңіз:
1. Ыстамбұл, Түркия
2. Лиссабон, Португалия
3. Вена, Аустрия
4. Барселона, Испания
5. Амстердам, Нидерланды
6. Мадрид, Испания
7. Валетта, Мальта
8. Ницца, Франция
9. Милан, Италия
Суреттер:vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева