2012 жылдың ең көрікті жерлері

Дәл қазір, үстеліңізге жақсылап жайғасып алыңыз да, қолыңызға бір шыны ыстық шәй алып, "Әлемтану" парақшасын ашып қойыңыз. Өйткені, бүгін сіздерге әлем халықтары мойындаған 2012 жылдың ең көрікті жерлерінің тізімін ұсынбақпыз! Ол үшін сізге билет сатып алып, ұшаққа мінудің, шегі мен шеті жоқ ұзақ жол жүрудің қажеті жоқ. Бар болғаны бар назарыңызды жазбамызға аударсаңыз, жетіп жатыр. Келістік пе?! Ендеше кеттік!

Малайзиядағы Macalister Mansion атты аппақ қардай қонақ үй. Ministry of Design сәулет бюросы салу және безендіру жұмыстарын жүргізген бұл қонақ үй Малайзиядағы Пенанг аралында орналасқан. Ғимарат өзінің қайталанбас стилімен және жайлылығымен ерекшеленеді.

Аса қызықты Сорек үңгірі. Сорек немемесе Сталактитті үңгір атымен танылған мына бір мекен Иерусалимнен 20 минут қашықтықтағы Бейт-Шемеш ауданында орналасқан. Үңгір 1968 жылы табылған болатын. Аталған таңғажайып үңгір 5 мың шаршы метр жерді алып жатыр.

Le Sereno қонақ үйі. Атақты париждік дизайнер Christian Liaigre осы бір салтанатты қонақ үйдің безендіру жұмыстарын жасаған. Сен-Бартелеми аралындағы бұл ғимаратта бір түн қону - миллиондаған туристердің қолжетпес арманына айналды.

Тас астындағы ғажайып қала. Сетениль-де-лас-Бодегас атты испандық қалашықта 3000-нан астам адам өмір сүреді. Қалашықтың ерекшелігін тәптіштеп айтпасақ та анық байқаған боларсыз. Жергілікті тұрғындар күндердің-күнінде басымызға тас түсіп кете ме деген қорқынышпен өмір сүретін көрінеді. Өйткені бұл тастардың дәл осылай тұрғандығына миллиондаған жылдар болды.

Грекиядағы Мелиссани үңгірі. Грекиядағы Кефалония аралының шығысында сіз естімеген Мелиссани атты көрген көзді ынтықтырар тамаша үңгір бар. Мұндағы таңдай қақтырып, бас шайқатар сұлулықтың құрбаны болған талайлаған турсистер өз елдеріне кеткісі қелмей қалады екен.

Kanuhura аралы. Адам айтқысыз сұлулықты бір бойына жинаған Kanuhura аралы Үнді мұхитының құшағында жатыр. Тыныштық пен мамыражай өмірді аңсайтын кез келген турист үшін бұл арал - таптырмас өлке екендігіне кепілдік береміз.

Адачи бағы. Жапониядағы Адачи бағы - әлемдегі ең үздік бақтардың көшін бастап тұр. Бақтың авторы -  Зенко Адачи есімді азамат. Білесіз бе, бақтағы сұлулықтың куәгері болған адамдар оны басып жүруге батылдары бармай, терезеден ғана қарап кетеді екен. Адачи - өміріңізде бір рет болсын барып көруге лайықты жер!

Канкун шипажайлық қалашығы. Юкатана аралындағы мексикандық Кинтана-Роо штатының құрамындағы Канкун қалашығы 2012 жылдың ең үздіктерінің қатарына енді. Мұндағы қонақ үйлер, виллалар терезелерінен тек қана түсіңізде ғана елестете алатын кереметтей көріністерге куә боласыз. Жалқаулықтың патшалығы, жұмыссыздық, ертеден қара кешке дейін жалғасатын жағалаудағы өмір, аяқты аспанға көтеріп жату, шат-шадыман думан және асқазаныңыз үшін қайталанбас мереке мен Кариб теңізінің жаныңызды сергітер самалы... Расымен де, жылдың ең үздік демалыс орны деген атқа әбден лайық мекен емес пе?

Суреттер:dayevents.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева