- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- 20 жаста еді:...
20 жаста еді: Нью-Йоркты бағындырып, секта кесірінен өлім құшқан талдықорғандық модель
Батыста «орыс Рапунцелі» деген лақап атқа ие болған модельдің өлімінің мән-жайы әлі күнге дейін жұмбақ. Біреулер бұл трагедияны сектаның кесірі санаса, енді бірі махаббаттағы сәтсіздіктер мен мансабының құлдырауы деген пікірді ұстанады. Біз арман өмірге енді жете бергенде өлім құшқан арудың жұмбақ және қайғылы оқиғасын баяндаймыз.
«Мен қатты дыбыс естідім. Сол бойда көлік адамды қағып кетті деп ойладым. Бұрылып қарасам, жолда бір қыз жатыр екен », - деді 20 жастағы супермодель Руслана Коршуновамен болған қайғылы оқиғаның куәгері. 2008 жылы 28 маусымда әйгілі модель Манхэттендегі пәтерінің терезесінен құлап кетті. Қыз өз-өзіне қол жұмсау туралы жазба қалдырмаған. Оның қанында алкоголь немесе есірткі болмаған. Ресми нұсқа бойынша, Руслана мұны өз еркімен жасады деген болжам айтылса да, марқұм қыздың туыстары тергеу нәтижесіне әлі сенбей келеді.
Одақ кезінде шетелге шығуға мүмкіндік болмағандықтан, славян модельдері әрқашан болашақ подиум жұлдыздарын іздейтін еуропалық букерлер үшін таптырмас бақ еді. Ұзын аққұба, сары шашты, көк көзді... Батыста мұндай типтегі қыздарды «орыс мафиясы» деп атайтын, өйткені олар бәсекелестеріне ешқандай мүмкіндік қалдырмайтын. Ең танымалдардың арасында Наталья Водянова, Евгения Володина, Александра Пивоварова, Наташа Поли бар. Қазақстанда Алматыда дүниеге келген Руслана Коршунованың ол кезде бар әлем танитын модель болуы екіталай болатын. 2003 жылдың қарашасында Models 1 модельдік агенттігінің аға брокері Дебби Джонс ұшақта журнал парақтап отырып Руслананың фотосуреттерін кездейсоқ көріп қалады.
Көп ұзамай Коршунова Нью-Йорк, Париж, Лондон, Миланды жаулап алуға аттанды. Сол кездегі көптеген модельдер әлеуметтік өмірдің құйынына тез сіңіп кететін: таңға дейін көңіл көтері, шампан мен тыйым салынған заттар. Достарының айтуынша, мұның бәрі Руслананы қызықтырмаған. Ол ерте жатып, өлең жазып, әлеуметтік желіге жариялап жүрген екен. Қыздың модельдік мансабы да адам сенгісіз қарқынмен жоғары көтерілді.
Ол Vera Wang, Christian Dior, Джилл Стюарт және Бетси Джонсон сияқты үздік брендтермен жұмыс істеді. 2005 жылы Vogue журналы оған мақала арнады. The New York Post газеті қыздың 5 мың доллар тауып, Қазақстандағы отбасына ақша жібергенін жазды.
Көп ұзамай оның басты жетістігі болған Nina Ricci брендімен келісімшартына қол қойды, соның арқасында сәнге қызығушылық танытпайтындар да бұл қыз туралы естіп білді. Руслана хош иістің бет-бейнесі болып, ертегідей жарнамалық роликке түсті. Бұл оған әлемдік даңқ әкелді және сән бренді тарихындағы ең әдемі науқандардың біріне айналды.
Бірақ 2008 жылы 28 маусымда Руслана пәтерінің терезелерінің астынан өлі табылды. Үш күннен кейін ол 21-ге толар еді. Модельдің бір-екі ай бұрын көшіп келген Манхэттендегі пәтерінде полиция күдікті ештеңе таппады, суицид туралы жазба да жоқ. Бірақ Руслананы білетін адамдар оғаш нәрселерді байқаған. Мәселен, Коршунованың үйінде жұмыс істеген және оның денесін тротуарда алғашқылардың бірі болып көрген консьерж модельдің атақты ұзын шашын аяусыз қайшымен қырқып, қысқартқанына қатты таң қалды – «біреу жасаған сияқты. Асығыс, - деді ер адам.
Тергеудің ресми нұсқасы бойынша, қыз өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда Руслананың туыстары оған қыздың үш ай бойы барған «Әлем раушаны» оқу орталығында «көмектескеніне» сенімді.
Көптеген журналистер қайғылы оқиғаның мән-жайын түсінуге тырысты. Солардың бірі британиялық телепродюсер және жазушы Питер Померанцев болды, ол жасырын камерамен «Әлем раушаны» тренингтеріне баруды ұйғарды. «Сектаға кіргендер қараңғыда айғайлайды», - деп жазады ол. — Бәрі де сананы тұншықтыру, сыни ойлауды тоқтату үшін жаралған. Содан кейін «өмір жаттықтырушысы» пайда болады. Оның тез сөйлейтіні сонша, зейініңді жинақтай алмайсың, басың ауыра бастайды».
Тергеуші екі қайғылы оқиғаны – Коршунованың өлімін және оның 2009 жылы құрбысы, модель Анастасияның өз-өзіне қол жұмсауын өзара байланыстырды. Анасына қалдырған жазбасында: «Мені бәрі үшін кешір» деп жазылған. Қыздың заттарының арасынан анасы модель Коршуновамен бірге қатысқан «Әлем раушаны» оқу орталығына қатысты қағаздар тапты. «Мен оның бөлмесін әбден тінтідім, - деді Дроздованың анасы Питерге берген сұхбатында. – Қағаздарда: «Анастасия, сенің бесік жырың – қыстың соңы. Сен жолдасың» деген жазу болды. Бұл нені білдіруі мүмкін? «Әлемнің раушан гүлі» дегеніміз не? Мен оның Русланамен бірге барғанын білемін».
Померанцев өз еңбегінде секталық оқытудың мәнін жан-жақты сипаттады. Үш күндік курс үшін 1000 доллар төлейтін қатысушылардан ең нашар оқиғаларды еске түсіру сұралады. Померанцев Коршунованың әкесінің өлімі мен сәтсіз махаббат хикаясы туралы айтып, «орталықтағы ең ынталы спикер» болғанын анықтады.
Тергеу барысында Питер «Әлем раушанындағы» өз тәжірибесін «үш күн айқайлау, естеліктерді қалпына келтіру, биден кейінгі медитация, экстаздан кейінгі көз жасы» деп сипаттады.
Бұл процесте қатысушыларды сессиялар үшін көбірек төлеуге көндіреді: Коршунова мен Дроздова оқуға кеткендердің қатарында болды. Померанцев «Әлем раушаны» идеологиясы 1974 жылы АҚШ-та құрылған Lifespring культіне негізделгенін анықтады. 1980 жылдары бұрынғы мүшелер мен олардың туыстары берген көптеген сот процестерінен кейін Lifespring АҚШ-та жабылды. Дегенмен, оның филиалдары көптеген елдерде бар.
Дроздова «Әлемнің раушанында» бір жыл, Коршунова үш ай болды. Алайда орталық мүшесі Померанцевпен сұхбатында бұл қайғылы оқиғалардың «Әлем раушанымен» байланысты екенін жоққа шығарды: «Коршуновада біз «қайта оралу» деп атайтын нәрсе болды. Ол өзін біртүрлі сезінді. Сіз оның не істеп жатқанын білмей қаланы кезіп жүргенін байқауыңыз мүмкін еді. Бірақ ол өзін өлтіруі мүмкін емес. Біз оның жан жарасын емдедік. Ал Дроздова? Ол абдырап қалды. Біз оған көмектесуге тырыстық. Бірақ ол өзгеруден бас тартты. Мұның бәрі модель өмірімен байланысты, мүмкін, біз емес, есірткі».
Алайда, Cult Education Forum аталатын коммерциялық емес діни зерттеу тобының жетекшісі Рик Росс мұнымен келіспейді. Питермен әңгімесінде ол: «Бұл ұйымдар ешқашан өздерін кінәламайды. Олар үнемі «жәбірленуші кінәлі» дейді. Олар есірткі сияқты жұмыс істейді: олар жаңа тәжірибе ұсынады, ұстанушылар әрқашан жаңа тәжірибе үшін оралып отырады. Күрделі мәселелер адамдар кеткеннен басталады. Діни жаттығу олардың өміріне айналады».
Руслана Коршунованың өлімінің нақты себептері әлі белгісіз – бұл қайғылы оқиғаның құпиясы ешқашан ашылмауы әбден мүмкін. Ал «Орыс Рапунцелі» сән тарихында Нина Риччидің таңғажайып жарнамасындағы алма ұстаған қыз бейнесінде мәңгі қалады.
А. Оралқызы