- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- 17 жасында Нобель...
17 жасында Нобель сыйлығын алған қыздың жүрекжарды сұхбаты
Осыған дейін Массагет сайтында 17 жасар Малала атты пәкістандық қыздың бейбітшілік саласында Нобель сыйлығына ие болғанын айтқан болатынбыз. Бүгін Малаланың сыйлыққа ие болмай тұрып Comedy Central арнасына берген сұхбатын ықшамдап аударып беруді жөн көрдік.
17 жасар Малала Юсуфзай өзінің жас екеніне қарамастан, құқық қорғау саласында белсенді түрде жұмыс жасап келеді. Бұған дейін Пәкістандағы талибтер оның өміріне қастандық жасауды жоспарлаған. Дегенмен, олардың ойы іске аспай, жас қыз аман қалды. Талибтердің бұл ниетіне Малаланың BBC сайтында жүргізген блогындағы сыни көзқарастары негізгі түрткі болды.
Малала өзі туып-өскен Суат өлкесіндегі қыздардың білім алуына мүмкіндік берілуі керектігін айтып бас көтерген.
Малала Ұлыбританияға келіп емделгеннен кейін Лондонда басып шығарған "Мен - Малала" атты автобиографиялық еңбегінде: "Мені атқан адамның кім екенін білсем де менде оған деген жеккөрушілік сезім болмады. Мен кек дегенді ойымнан шығарып тастаған адаммын", - деп жазған.
СС: Сізді көргеніме қуаныштымын. Қонақ болып келгеніңіз үшін алғыс айтамын.
МЮ: Сізге де рақмет. Бұл мен үшін үлкен мәртебе.
СС: О не дегеніңіз? Сіздің келгеніңіз біз үшін мәртебе! Малала, айтыңызшы, сіздің жасыңыз бар болғаны 16-да болса да осындайсыз. Бойыңызда білімге деген құштарлық қалай пайда болды?
МЮ: Біз адам баласымыз. Білімге құштарлық – адамның болмысы. Біз көп нәрсенің маңызын басқа іс түскенде ғана түсінеміз. Мен білімнің маңызын мектепке баруды доғарған кезде ғана түсіндім. Білім – адамға тірек боларлық үлкен күш. Бірақ, террористер білімді әйелдерден қорқады. Себебі, олар әйелдер қауымының дәрежесі еркектерден жоғары болып кетуі мүмкін деп санайды.
СС: Талибандар Суат аймағына (Пәкістан) қай уақытта келді? Бұған дейін сіздерде барлығы жақсы еді ғой?
МЮ: Олар 2004 жылдары келді. Бірақ ол кездері олар өздерін террорист ретінде көрсетпеді және ешқандай мектептерді жаруды бастамаған болатын. Олар нағыз террорлық әрекеттерге 2007 жылдары кірісті. Суаттағы 400-ден аса мектепті жарып жіберді. Адамдарды атып өлтіре бастады. 2009 жылдың наурыз айларында әр түні кем-дегенде 3-4 адам өлетін. Әйелдерді жаппай қанай бастады. Біз XXI ғасырдың ең үлкен айуандықтарын бастан өткердік. Сол кездері өміріміздегі ең бір қиын, азапты күндерді бастан кешірдік.
СС: Олардың бұл ісіне қарамастан, сіздер жертөлеге түсіп, оқуды жалғастыра бердіңіздер. Сіз, тіпті, олардың саясатына ашық түрде қарсы шықтыңыз. Бұндай ерлік бойыңызға қалай бітті? Қалай қорықпадыңыз?
МЮ: Маған менің әкем үлкен тірек болды. Ол әйелдердің құқығы мен адамдардың білім алуының маңызы туралы айтып жүрді. Сол кезеңдерде маған мынадай ой келді. Мен неге мен үшін басқа біреудің бас көтергенін күтуім керек? Мен неге мемлекеттің немесе оның әскерінің көмегін күтіп, қол қусырып отыра беруім керек? Мен неге өз дауысымды естіртпеуім керек? Біз неге өз құқығымыз туралы айтпаймыз? Мен өз ойымды барлық платформаларда айтып, жұртқа білдіре бастадым. Күн сайын күнделік жазумен болдым. Мен Суаттағы жағдай туралы барлығына айтуым керек деп ойладым. Әлемге Суаттың терроризмнен зардап шегіп жатқанын жеткізуім керек болды. Біз терроризмге қарсы соққы беріп, онымен күресуіміз керек деп шештім.
СС: Талибтердің сізді нысанаға алғанын қай кезде түсіне бастадыңыз?
МЮ: 2012 жылы біз әкеміз екеуміз отырғанда бір әйел келіп "ғаламтордағы видеоны көрдің бе, Гуглдан атыңды теріп көрші, Талибтер саған қоқан-лоққы көрсетіп жатыр" деп айтты. Бірақ ол видеоны көргеннен кейін де мен өзім үшін де, әкем үшін де қорықпадым, себебі талибандықтар соншалықты кішкентай баланы өлтіретіндей қатігез болып кетпеген шығар деп ойладым. Ол кезде мен 14-те едім. Мен бұл туралы көп толғандым. Малала, деп өз-өзіме сұрақ қойдым: "Егер олар сенің артыңнан келетін болса не істейсің?". Қастандық ойлағандардың өздерін атып түсірсем бе деген ой да келді. Кейін мынадай тоқтамға келдім. Егер мен де ататын болсам, олардан не айырмам қалады? Олармен қатігездік арқылы күреспей, барлық нәрсені бейбітшілік жолмен, дұрыс диалог құру арқылы, жетік білім арқылы шешкен дұрыс. Мен оларға білімнің маңызын айтамын деп ойладым. Осының бәрін айтып болған соң, райыңнан қайтпасаң, не істесең де өзің біл деп қоя саламын деп ойладым.
СС: Сізге сұрақ қойсам бола ма? Студия сыртында сіздің әкеңіз отыр. Ол саған риза, сенімен мақтанады. Егер мен сені асырап алатын болсам, әкеңіз ашуға булықпайды ма екен? ....Талибтер Суат аймағына алғаш келген кезде қара халық оларды аймаққа тәртіп алып келеді деп ойлады. Бірақ олар мемлекетке бағынбай өз айтқандарып жүргізе бастады. Кейін халық оларға қарсы шықты. Осы туралы айтып беріңізші.
МЮ: Алғашқыда олар жұртты жақсылыққа сендіргісі келді. Дінді бұрмалап қолданып, өз көзқарастарына халықты сендіруге тырысты. Біз қоғамда басқаша тәртіп орнатамыз деп жар салды. Халық оларға мойынсұнбағандықтан, басқаша әдіске жүгінді, яғни күштеп бағындырғысы келді. Елде адам өлімі көбейе бастады. Бірінші жарылыс бүкіл Мингола қаласын электр энергиясымен жабдықтап тұрған генераторда болды. Ол кез "Рамазан" айы болатын. Тұрғындар су іше алмайтын жағдайға жетті, өйткені су құбыры электр энергиясы арқылы жұмыс істейтін. Күнімізді үйде, тас қараңғылықта өткіздік. Осы кезде менің әкемнің қалаға ықпалы көп болды.
Әкем бұған қарсы тұруға тырысты. Мектепке электр тоғын тартты, көшелерге су тартты. Халық қиын халге түсіп, сонда да қатты қиналып жатқан еді.
Кейін олар әйелдердің еркіндігіне қол сұға бастады. Біз дүкенге бара алмайтындай болып қалдық. Қыздардың білім алуы мүмкін болмай қалды. Әйелдердің құқығы аяққа таптала бастады.
Мен әйелдер мен еркектердің арасында ешқандай айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Тіпті, әйелдерді еркектерден әлдеқайда мықтырақ дер едім.
СС: Олардың бұндай қатігез идеясының сәтті таралуын немен түсіндіресіз?
МЮ: Біріншіден, олар өте қатігез болды. Мылтық тақап тұрғанда өмірін сақтап қалу үшін халықтың көнбеске амалы қалмады. Халық қорықты. Әрине, айтқандарын істейді. Екіншіден, олар діннің атын жамылып қимылдады. Бірақ кейін халықтың ішінен батыл адамдар шыға бастады. Бұл кездері біз 11-12 жастамыз. Әрбір медиа платформаларда – газеттерде, телеарналарда құқықтарымыздың тапталып жатқандығын айта бастадық. Біз бұның барлығын Суатта бейбітшілік орнатуға ықпал ету үшін жасадық. Суат өте керемет, жұмақтай аймақ. Мен тек екі жұмақтың барына сенемін. Бірі өмірден кейінгісі, екіншісі біздің Суат. Себебі, Суат өте әдемі, сұлу жер. Ауасы, суы өте таза.
СС: Малала, балалардың бейбітшілікке мұқтаж екенін көріп жүрсің. Оларға қалай көмектесуге болатынын білмейміз. Бұл туралы сенің ойың қалай?
МЮ: Американың бейбітшілікті қолдайтынына сенемін. Олар Суатта қайта қырғынның басталмауын қолдайды. Сондықтан, біз осы мәселенің шешімін табуға тырысуымыз керек. Менің ойымша, бұл проблеманың шешімі тек қана білімде. Оқыған адам ойлана да алады. Мектепке бару деген тек пәндерді ғана оқып-білу емес. Мектепте балалар өзгелермен қарым-қатынасты, қалай өмір сүруді, өз елінің тарихын үйренеді. Бұдан бөлек теңдікте өмір сүруді үйренеді. Әрбір елдің тілімен, салт-дәстүрімен, тарихымен танысады. Құқықты үйренеді. Өзгелерді құрметтеуді үйренеді. Өзгелермен бірге өмір сүруді үйренеді. Сондықтан, менің ойымша, балаларды оқыту керек, білім беру керек. Бұл – терроризммен күресудің ең дұрыс жолы. Мен әлемнің барлық елдеріндегі қиналып жүрген балаларға осылайша көмек бергім келеді. Ал оның жолы – біреу. Ол – білім.
Аударған және ықшамдаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: www.cc.com
Е. Қайрахан