Кәсіп ашу, ашқан кәсібіңнің еңбегін жеу көпшіліктің қолынан келетін іс. Ал ашқан бизнесің ғасырлар бойы жұмыс істеп, табыс келтіру екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Жапон императоры көмекшісінің ұлы Фудзивара Махито міне, сондай кәсіп ашқан адам. Фудзивара Махито 705 жылы Nishiyama Onsen Keiunkan қонақ үйінің негізін қалаған. Аталған қонақүй әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.
Nishiyama Onsen Keiunkan Жер бетінде ең ежелгі қонақүй ретінде Гиннестің Рекордтар кітабына да енген.
Қонақүй алғашында Жапон императорының демеушілігімен ашылған. Содан бері 1300 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Оған Жапониядағы ең беделді адамдар келетін болған. Сондықтан болар Махитоның қайтыс болуынан соң қонақ үй оның 52 үрім-бұтағының қолынан өтіп бүгінге жеткен.
Nishiyama Onsen Keiunkan Хонсю аралындағы Акаиси тауының етегінде орналасқан. Ол табиғи минералдардың жанына салынғандықтан, қонақүйден гөрі шипажайға ұқсайды. Ол жердегі spa-тағамдарды жапон халқы ежелден сүйсініп жейді. Бұдан бөлек Nishiyama Onsen Keiunkan атақты Фудзи тауына барар жолда орналасқан. Сондықтан Фудзи тауына баратын туристтер жолда бұл қонақүйге тоқтап, шипалы суына шомылып, демалғанды ұнатады. Бүгінде қонақүйде 40 бөлме мен бірнеше ванналар бар.
Бағасы да заманауи. Бір түнге түнесеңіз екі адамға арналған бөлмеге таңғы ас пен кешкі асты қоса есептегенде 34,7 мың иен (265 доллар) төлейсіз.
Қонақүй соңғы рет 1997 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бірақ жапон дәстүрі толықтай сақталып қалған. Бұл жерде ежелгі Жапониядағыдай еденге отырасыз және каисекиге (тағамдардың кең таңдауымен дәм тату мәзірі) тапсырыс бере аласыз. Келген қонақтарға дәстүрлі киім беріледі және ғимаратқа кіргенде көшедегі аяқ киіммен кіруге рұхсат жоқ. Және қонақүйде Wi-Fі жұмыс істемейді.