Адамның өмір сүру мерзіміне байланысты жарияланған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін адамдар Жапонияның Окинава аралында екен. Бұндағы қариялар орташа есеппен 120 жасқа дейін өмір сүреді. Ал, жекелей алсақ, 140 жасқа келіп дүниеден озғандар да бар. Қызығы, бұл аймақтағы жасы 100-ден асқан көнекөздердің 90 пайызы әйелдер екен. Ғасыр шеңберінде жүректің тоқтаусыз соғуына себеп көп. Бірақ, бұл тек жапон аралдарына ғана тиесілі табиғи артықшылықтар. Ғалымдар бұл турасында түрлі болжам жасайды. Су тіршілік көзі. Бұл мекендегі күнделікті тұтынатын қара судың өзі адам ағзасына пайдалы дәрумендермен толыққан. Коралл минералына бай ауыз су денсаулықты қалыпқа келтіріп, түрлі ауру-сырқаудан сақтайды. Сонымен қатар, ұзақ жасаудың тағы бір себебі теңіз тағамдары. Балдырдан даярланған тағамдарды жапондықтар сүйіп жейді. Туғаннан түрлі әдіспен дайындалған теңіз жәндіктерін, балықтарын тұтынатын халық осындай көрсеткіш көрсетіп отыр. Жапон тілінде окинавалық тұрғындар жиі қолданатын кусуимун деген диалект сөз бар. Оның мағынасы медициналық тағам. Яғни, олардың барлық тағамдары денсаулыққа пайдалы. 70 жас бал шағың, 80 жас жастығың, 90 жаста аталарың сені өздеріне шақыра бастайды. Ал, сен 100 жасқа толғанша оларды күттіре тұр. 100-ден асқаннан кейін, солардың қатарына қосылатыныңды сезін де, ақырындап сен де дайындал деген даналық ой тұрғылықты жапондардың арасында жиі айтылады. Осы бір сөздер өз араларында ұранға айналған десе де болады. Өйткені, олар бұл сөздерді қағида көріп, оны орындауға тырысады. Біздің қоғамдағы 40 пен 80 жастағы адамды салыстырсақ, арадағы айырмашылық жер мен көктей. Ал дәл осы жастағы екі окинавалықты салыстырса, екеуінің арасындағы айырмашылық аз ғана. Олардың ақыл ойы мен физикалық қуаты бір деңгейде тұрады. Жапон қоғамында әдемі қартая білу деген ұғым қалыптасқанның арқасында олар ұзақ өмір сүреді. Салауатты өмір салтын қатаң ұстанып, денсаулықты кәрілікке алдырмайды. Осының арқасында жапондар өздерінің дәстүрлі өмір сүру салтымен әлемді сүйсіндіріп отыр.