Қазақтың ұлттық тағам мәдениеті Қытайдағы қандастарымыз арасында тағы да жарқын бейнемен көрініс тапты. Бұдан бұрын он мың адамдық қара жорға биімен, тағы да он мың адамдық күй тартыспен әлемдік Гиннесс рекордын жаңартқан қандастарымыз жақында 1111 метрлік қазы жасап, тағы да Гиннесс рекордына ұсынылып отыр.
Қытай елінің Шын Жаң өлкесіндегі айрандай ұйыған қандастарымыз Тарбағатай аймағының Дөрбілжің қазақ ауданында «Қазақ ұлтының дәстүрлі тағамдары» жәрмеңкесін өткізді. Бұл апталықтың ең бір елді елең еткізер тұсы да рекордқа ұсынылған қазы болды.
Бұл қазыны жасаған - Емілдің іскер азаматы Жарқын Бармақұлы. Қазының жалпы ұзындығы 1111 метр. Ал салмағы 4572 кг. Суреттегідей диаметрі 6.5 метр алып табаққа қойылған кезде айналма қабаты 71 қатар, ал биіктігі 4 метрге жеткен. Жалпы қазыны жасап шығуға 44 жылқының еті кеткен көрінеді.
(Жарқын Бармақұлы)
Бұл жәрмеңкенің тағы бір салтанатты қимылы – осы рекордтан үміткер қазының тек 10 метрі ғана бәсекелестіріп сатылды. Қызу бәсеке барысында 10 метрлік қазыны бір кәсіпкер ұйғыр азаматы 12700 долларға дейін көтерсе, «Жібек жолы» компаниясының директоры Майра есімді қазақ қызы 14200 долларға дейін, ал тағы бір қытай азаматы 16000 доллар шығаратынын айтқан. Ең соңында «Сая» өнер мектебінің директоры, жас ағартушы Бағдана Әділқанқызы 20000 долларға жуық жоғары бағамен сатып алған.
(Бәсекелестіріп сатудың басталуы)
Бағдана Әділқанқызы: «Мен үшін ақша да, алтын да маңызды емес. Өзіміз қазақ ұлты бола тұра, өз мәдениетімізді, алтынға бергісіз құндылықтарымызды өзге ұлттан жоғары бағалай алмасақ, ұлттық намысымызға сын. Мен үшін нағыз алтын осы» дейді.
Бар-жоғы 10 метрлік қана қазының осынша жоғары бағамен сатылуының өзі тағы бір рекорд десек те болғандай.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: senkazakh.com