Басқа күндермен салыстырғанда 11 қаңтарды ең "сыпайы" күн деп атауымызға әбден болады. Өйткені бүгін Халықаралық "рақмет" күні (International Thank You Day).
Біз кез келген игі іске, жақсы нәрсеге рақмет айтуды әдетке айналдырдық. Ал әдет әдепке айналды. Қайырымды істің қарымы ретінде осы бір сөзді естісек те төбеміз көкке екі елі жетпей разы болып қаларымыз жасырын емес. Күнделікті өмірде "рақмет" сөзін жиі қолданамыз. Оны өзіміз байқай бермейміз.
Жәй ғана бір түйір сөз болса да, ол асқан ризашылықты білдіреді. "Рақмет" сөзімен адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Бір-бірін қаншалықты сыйлайтындығын дәледейді. Мұндай риясыз мейірімге толы сөзсіз біздің өміріміз сүйкімсіз әрі қараңғы болар еді. Ра(хқ)мет сөзі арабша рақым және қазақша "ет (жаса)" сөзінен шыққан деседі. Рақметтің түпкі мағынасы - "рақ(х)ым ет", "рақ(х)ым етіңіз" сынды сыпайы сөздер.
Рақметпен біреудің езуіне күлкі сыйлауға да, көңіліне қуаныш сыйлауға да болады. Шын жүрегімен септігін тигізген жан сізден тек бір ауыз сөз ғана күтеді. "Рақмет!" Барға шүкірлік етіп, жақсы дүниеге рақметін білдіріп алғысын айту әдептіліктің белгісі. Әлдекімнің көмегіне жүгініп, "есегі судан өткен" соң, алғысын айтпай кеткен жан қай қазақтың да көңіліне қаяу салары анық. Жасаған жұмысы мен берген сыйынан рақмет күтпейтін адам аз болар. Бәрін көңіл қалап тұрады. Көңілдің көлеңкесінде тыныққыңыз келсе, бұл сөзді жиі айтыңыз. Үлкен істің қайтарымы да осы бір түйір ғана сөз.
Игі ісіміз бен рақметіміз таусылмасын, достар!
Бізбен бірге екендіктеріңіз үшін РАҚМЕТ!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: vk.com, fabrikaglamura.ru