1 мамыр күні Қазақстан халқы барша халықтың бірлігі күннін тойлап жатқанда, Франция жұрты еңбекші халықтың ынтымақтастығы мерекесімен қатар інжугүл (ландыш) күнін атап өтеді.
Бұл үрдіс 1561 жылдан бері белең алып келеді. Сол кезде билік басында отырған IX Карл нағыз көктем келуі күніне орай сол шақта білімгерлер арасында сәнге айналған інжугүл (ландыш) гүлінен шоғыр жасап, сарай маңындағы барша әйел затына сыйлауға үкім шығарған. Одан бөлек сарайдағы барлық қызметкер киімінің ілгегіне інжугүл гүлін іліп алып жүретін болған. Бұрын да, бүгін де Le jour du Muguet сөзі көктемгі жаңару, позитивті эмоция сыйлау деген ұғымды білдіреді.
1 мамыр күні бір-біріне осы көктемгі гүлді сыйлау дәстүрге айналғандықтан, Франция заңы бойынша, барлық адам кез келген жерде ешқандай салық төлемей-ақ ландыш гүлін сатуға құқылы. Радиоларда берілген ақпаратқа сүйенсек, 2011 жылы франция халқы ландыш гүлін сатып алуға барлығы 32 милиион еуро жұмсалған. 1 мамыр күні сыйланған інжугүлін келесі жылы дәл осы күнге дейін тұмар ретінде көзінің қарашығындай сақтап жүреді.