Қазақтың аса көрнекті əдебиет сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мəдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Зейнолла Серікқалиұлының "Романға барар жол" атты мақаласын ұсынамыз.
***
Бізде шығарма сəл-пəл көлемдірек көрінсе, былайғы жұрт түгілі, жазып отырған сауатты авторларымыздың өзі роман екен деп «алданып» қалатын кездері аз болмайды. Өткен жылғы біраз кітаптар – жанр табиғатын əлі жете ажырата бермейтіндігіміздің айғағы. Сондай, роман санатында ұсынылған дүниелердің бірі – Хакім Əбдірашитов пен Сəбит Досанов бірігіп жазған ұжымдық қалам туындысы «Күн мен түн». Ақпан төңкерісінен кейінгі қарбалас кезеңнен бастап, Ұлы Отан соғысына дейінгі ел өміріндегі əр қилы өзгерістерді арқау еткен. Оның өзі екі ұдай тіршілік.
Алғашқы бөлім бүтіндей белгілі өмір шындығының тиіп-қашты, болар-болмас, жалпылама нобайы ғана. Жетісу өңіріндегі кектенген халық қарсылығының біржар сəті – Шығыс Талғар болысында тау-тасты паналаған қарулы топ, қолбасы Сұлман, ашынған Айшуақ бір айналымға жетпей тіршілік сахнасынан шығып қалады да, Петербургте кеңес өкіметінің орнағаны жайлы хабар, байларды тəргілеу, мойынсерік, ұжымшар құрылысының алғашқы нышандары, Түрксіб теміржолының ашылуы сияқты тарихи кезең деректері тарау-тарау деп салалауға келмейтін келте құйрық көріністермен сырғытып өтіп жатады. Кітаптың тең жартысын алатын көш-құлаш бөлімнен оқиға тұтастығын іздеу туралы əңгіме қозғаудың өзі қисынсыз. Талай ондаған адамдар əр мерзімінің күн тəртібіне қойылып отырған мəселелеріне араласқан болып, бірді-екілі тұстарда өзара тілдесіп, оны-мұны шаруаларды тындырып жатқандай елестейді де, бірақ олардың көпшілігі аты бар да, заты жоқ жалпы өмір тынысын тізбелеу міндетін ғана атқарып, үздік-создық ұмытылып қала береді. Оның есесіне кім кімнің жандайшабы (Италмас, Қойбағар), кім кімнің тоқалы (Нұрбүбі) немесе жесірі, кімде кімнің көңілі бар, ағасы қайсы, жағасы қайсы, нағашы-жиен, кім кімнен туды – шатасып қалмау үшін осындағы оқиғалардан бір сабақтастық іздеп, зорлана жымдастырып отырғаның.
Жетісудың атжалманы Қалмырза бай өзгерген заманға сұқтанған пиғылын жүзеге асыра алмай, əліптің артын бағумен ақыры шетелге – арғы бетке өтіп тынды. Онымен жүзбе-жүз бір кездесуде ірілеу сөйлейтін қызметшісі Ақылжан мүмкін шығарманың жетекші тұлғал арының біріне айналар деп те үміттенетінің бар. Жоқ! Ол тек жан досы Ысқақпен екеуі қосарласып, бірі ұжымшар бастығы, бірі ауылдық кеңес төрағасы ретінде шаруашылық жұмыстарында жүргендей жалпылама көріністер беріп келеді де, елдегі қилы көзқ арастар қарсылығы басылмай жатып-ақ астанаға қоныс аудара сал ады. «Өз басымды ойласам, даладан қала жайлы, шөп шаппайсың, мал бақпайсың. Қанша қиын дегенмен алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ. Тыныш қой» (108-бет). – Бұл Ақылжанның өз сыры. Əрине, əйтеуір көңіл үшін сияқты, артта қалған ел не болады деп өзінің осы шешіміне екі ойлы, қинала қарайтындай сыңай танытатыны бар. Бірақ бұл сөз орайы ғана еді. Көшті, лауазым өсті, романның екінші бөлімінде əр жерде бір аталып, қылаң бергені болмаса, шығарма кейіпкері ретінде сана-сарайыңнан да осымен біржола өшті. Біз оның аты-жөнін жадымызда сақтасақ, тек келесі бөлімде көбірек сөз болатын Кемел дейтін жігіттің əкесі-ау деп білетінімізден.
Алғашында Кемел тіпті кішкентай еді. Жалпылама болса да ел жағдайының елестері əйтеуір соның көзі алдында өтіп жатқан. Үздік оқып, кітапты сүйетіні, өзі жоғары класта жүріп, сауатсыздықты жою шараларына араласа бастағаны аңғарылады, бір рет алыстағы отарға барып, боранда адасады. Əрине, мұның ешқайсы да тап нағашысы Нұрсұлтан «Осыншалық жан байлығының бір адамның бойында тоғысуы сирек құбылыс» (110-бет) деп, бірден тамсана қоятындай ерен ерекшелікті таныта бермейді. Бірақ қалай дегенмен, Кемел – арқаусыз шығарманы екінші бөлімде біршама сүйреп, мойынтұрық міндетін атқаратын бірден-бір адам.
Біз жаңа осы кітапта екі ұдай тіршілік дедік. Алғашқы бөлім – əлгі, Жетісуда кеңес өкіметінің орнауы, орнығуы тақырыбы. Авторлар тарапынан оқушыны елең өткізерлік ешқандай жаңалық болмай шықты. Қалмырзаның қандыбалақ қолшоқпары, баскесер Қойб ағардың қақаған қыста иесіз тау үңгірін паналап, өң мен түсі үрейге айналып, есінен айырылар қарабет тіршілігі демесеңіз, бұл өрісте адамдар тағдырын қазбалай саралайтын зерттеушілік зерде, жөні түзу жазушылық қалам ізі сезілмейді. Осы шығарманы қаншама біртұтас дүние ретінде қарайық десек те, екінші бөлімде бəрібір өз алдына салаланып, жігі бөлініп, тағы бір тақырып қарасы сұлбаланады. Қазақстанда алғашқы өндіріс ошақтарының ашылуы. Сабақтастырар желі – жалғыз-ақ Кемел. Назар аударар жай – əйтеуір мұнда қай əңгіменің орайында да осы жігіттің бір қатынасы болып шығады. Бірақ оның өзі жаттанды қалыптан аса алмаған.
(Жалғасы бар)
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: writers.kz