Алматыны ажарын келтіріп тұрған не десеңіз... Бірден ҚазҰУ қалашығын айтар едім. Сол бір жанға жайлы, сұлулық төрінде сабақтан соң ол екеуміз сап-сары жапырақтарды кешіп бара жататынбыз. Төңірек түгелдей күп-күрең күздің кейпіне еніп тұратын. Асықпай, жайлап басып жатақханаға алып баратын соқпақ жолға түсеміз. Кенет... кенет... қарсы алдымыздан қасы-көзі қиылған, қою қара шашы иығына төгілген көзілдірікті қыз ұшырасады. Жақындап кеп жанай өтеді. Ал мен оның өткінші жаңбырдай жалт беріп өте шыққанын білемін. Араға біраз уақыт салып сол бір таныс та бейтаныс арудың досымның өлеңіне айналып шыға келгенін көрсеңіз...
«Бадана көз, томпақ қыз, арайлы өңі,
Өте шықтың танымай талай мені.
Тарайды емі деміңнің тұла бойға,
Сезінбесін басқалар алайда оны». Мынадай жан тереңінен ытқып шыққан өлеңнен кейін оның жырын тыңдауға көзәйнекті қыздар ерекше ынта танытқан. Бәлкім осы бір туындыдан өздерін іздеген... Ал өлеңнің негізгі кейіпкері қайда сонда?! Ол осынау бұрымдылардың арасында отырса назданатын еді ғой, мәз болатын еді ғой...
«Сені іздеуде жан-тәнім аласұрып,
Қобыз кеуде ыңылдап шертеді мұң…» деген ақынның көңіл толқынысы кейіпкердің бағасын тіптен арттырып жібереді. Сынап күндер болса сырғып өтуде. Шайырдың сезімі сол қалпы, тұмадай тұнық.
«Балбұлақтай ағатын сылдырап кең,
Қайран уақыт барады сырғып әттең.
Қандай қиын кимесең көзәйнекті,
Көз алдында тұрамын бұлдырап мен!» Ақын-достың тапқырлығын, алғаусыз сезімін, осы жолдарды оқығанда тағы бір мәрте көргендей боламыз. Көзілдірік киген қызға жыр арнаған - ақын досым Бауыржан Әліқожа. Бірақ оның аяулы да асқақ өлеңдерін көзілдіріксіз оқу керек. Сонда талаптың тұлпарын мінген жігіттің жанын жете түсінесіз.
«Көзілдірікті қыздың» әсерінен арыла алмай жүргенде «Балауса» қыз пайда болды.
«Көктем еді сәнденген дала гүлмен,
Бір сезімді ұқтырдың жанарыңмен» деп келетін өлең құйылып түскен екен. Ол кім болды деп ойлаймыз ғой тағы. Сөйтсек олардың арасын ағалық жас алшақтатқан болып шықты. Жыр өзегінде «...қайда екенсің бұл күнде балдырған қыз» деген жолдарына көз жүгірткен соң оның бала кезіндегі беймаза халі елес берді. Сезім сергелдеңіне бұл бала қаршадайынан түскен екен-ау! Бәріне кінәлі өткен күн дедік те жүре бердік. Арада біраз уақыт өткен соң «Құлын мүсін» туды. «Жайраңдаған Жайық – қыз құлын мүсін» деп өріліп басталатын өлең кейіпкерін адаспай тауыпты.
«Жаутаңым-ай, жанары жәудіреген,
Саған менің назарым ауды дер ем.
Жүзіңдегі жұтардай түпсіз көлдер,
«Ақын болсаң - деп тұр-ау - жаудыр өлең» деп сүйінішті көңілін жайып салса да Жайық – қыз қайырылды ма?! «Дертті жанның өзіңсің дәрігері» деп жырға қосса да муза көңілінің шуағын ақын жүрегіне түсіре алмады. Бұл да естанды болған ғұмыр ретінде есте қалыпты.
Байқасақ ақындардың көбісінің жанына күз мезгілі жақын. Бауыржан да күзді көп жазды. Өлеңдерінде күздің салқын бояулары сөйлеп тұрады.
...Сөйтіп жүргенімізде бір күні ол «Күз бен қызды» өлеңіне арқау етті. Мұнда ақын аппақ жүзінде күздің табы бар бойжеткеннің жанарын оқиды.
«Енді ешкімге сенбейді ол өмірінде,
Күздей мұңның табы бар көңілінде.
Ізгі арудың көз жасы сияқтанып,
Қыз қайыңның моншағы төгілуде...» дейді. Сұрқай күз бен сұлу қыздың бейнесін шендестіру арқылы кейіпкердің көзқарасын, ойын әдемі жеткізеді. Бұдан Бауыржан Әліқожа өлеңінде тек махаббат лирикасын ғана жазады деген ой тумауы тиіс. «Поэзияның махаббатпен басталатынын» ескерсек бұл кезеңнен барлық ақынның айналып өтпейтіні белгілі. Кейін келе «Әлеміңде бір-ақ қызды сүйгенмін, Қалғандары соның ұқсас бейнесі...» деп сезімнің тулақ төскейіне оралмайтындай қалып танытқан еді...
Қожатоғайдың қоңыр ұлы өзге де тақырыптарға қалам тербеді. Ол қай тақырыпқа түрен салса да тазалық пен мөлдірлікті іздейді. Мен Бауыржанның мөлдір әлемге деген құштарлығын «Таңғы шық» өлеңінен көргендей боламын.
«Мөлдір шықтар болмысын сақтап өтер,
Маңдайына жазса да аз ғана өмір». Ия, бұл ой бұдан бұрынғы ақындардың да жырларында қылаң берген. Десек те менің түсінігім бойынша ақын осы шықтың болмысын өлеңінде тұнық қалпында сақтауды мақсат етіп алады. Сыншы Сағат Әшімбаевтың «өлең – өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысы» деген ойын қуаттағысы келеді, бәлкім. Олай болмаса
«Мөлдір ойлар тізілді парағыма,
Көшірмесі дәл оның дала мына.
Таңғы шықтар жымыңдар жұлдыздардай,
Кеңістікті сыйдырып жанарына!» деп те жазбас еді.
Мөлдірлікті іздеген жаннан ғана мөлдір дүние туатыны рас. Осыдан қаншама уақыт бұрын жазылған Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлағындағы» «...Жолаушы болсаң осы бұлақтай бол» дейтін пікіріне қайта-қайта үңілетініміз бекер емес. Ақын - мөлдір әлемді іздеуші.
Адам топырақтан жаралған, аяулы жанын Жаратқанға тапсырған соң қайта топыраққа айналады деген түсінік бар. Жылу мен жарыққа тәуелді нәп-нәзік гүлдер де өз тапырағында әдемі, жер емшегін еміп өскен тұлпар да қай қиырға апарып тастасаң туған топырағын іздеп табады. Төлеген жазған «Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен, омырауын шерге толтырып» дейтін аруананың да аңсайтыны өз байтағы. Кейде көкірегіңе кептелген көп ойды ешкімге емес, топырағыңа айтқың келеді. Кіндік қаныңды сіңірген жалаулы мекенді емірене құшып, сүйгің келеді. Сырласуға да бейіл танытатының бар. Бауыржан қаламына тұнған маржан сырын топырағына ақтарыпты.
«Қойының - алтын, бітеді гүл де саған,
Жомартсың-ау, болыпсың кімге сараң.
Сан қырыңды жүргенмен зерттеп бәрі,
Тағлымыңды бес күнде білмес адам.
Батырмайсың алалап нала-мұңға,
Құнарысың баланың, дананың да.
Сонша байлық иесі болсаң-дағы,
Бұл ғаламның жатсың-ау табанында» - дейді ол. Иә, осыншама дархандығымен, кеңдігімен бізді көтеріп тұрған жер-анамызды қаншалықты қадірлей алып жүрміз? Ешкімді алалап, бөлмей бауырына басқан піл сауырлы жерімізді өз қолымызбен жаныштап жатқан жоқпыз ба? Ақын осы сауалдарға шарқ ұрып жауап іздейді. Табанының астында жатқан қасиетті топырағын балауса жыры арқылы төбесіне тұтқысы келеді. Міне, ол әлемді әлпештеп тұрған асылына сыр айтып қана қоймай, тыңайтуға күш салуға ұмтылады. Өлеңді түгелдей қыдыра шолсаңыз қаламгер тапқан маржан-ойларға жолыға береріңіз анық.
Сыр жағасында өскен Бауыржанның өрекпіген дария толқындарынан алған өзіндік ырғақтары бар. Қаршадайынан жусанды қырларға, еңселі тауларға, ырғалған орманға көз қадап, көңіл тоқтатқан ақын табиғатты жырлауға келгенде шебер. Мысалы оның «Сыр жағасы» өлеңіндегі «Қызыл күн көкжиектен барады аунап...», «Сылқым сыр көкірегін нұрға малып...» деген жолдары сәтті шыққан. Одан ары қарайғы «Түнгі жырдағы» «Жасаған құлын-Айды мертіктірме, Келеді аспан төсі бөртіп түнде», «Ай мен сұлу» өлеңіндегі «Бір аунап алып ақша бұлттарға, Барады ай жүзіп дөңгелек» деп келетін суретті көріністер көңілге қонымды. Жаңа Айға қатысты жазылған сәтті суретті назарға алғанымыз бекер емес. Бауыржанның өлеңдегі сырласы да, серігі де – Ай. Ақынның жалпы өлеңдерінде осы «Ай» сөзі 45 рет қолданылған екен. Бұл сөз ұстаған жігіттің айналасына айдай жарық шашып, ай секілді үнемі биіктен көрінгісі келетінін аңғартатындай.
Б.Әліқожа өзінің «10-сәуір» атты жырында:
«Шіркін өмір ойлантар есі барды,
Толғантпайтын пендені несі қалды?
Нұрлы шақта қаққасын дүние есігін,
Көктем мінез кеудеме көшіп алды» дейді. Айтса айтқандай, оның әрбір туындысынан көктемнің иісі аңқып тұрады. Қашан да «Тасынуға тиіспін ғасырымда» деп үлкен мақсаттың жетегінде жүретін абзал досқа тілейтінім тек сәттілік!
... Алматының атшаптырым көшелерінде алшаң басып бара жатқан Бауыржанның кеудесінде өмірге құштар тағы бір өлең тербеліске түскенін сезіп тұрмын...
Автор: Олжас Қасым
Сурет: Бауыржан Әліқожа