- Негізгі бет
- Сын
- Тілеубек Батыс. "Біртүрлі"...
Тілеубек Батыс. "Біртүрлі" ақын Айжарық өлеңдері хақында
Біздің қоғам ессіз адамдар мен шексіз идеялардан тұрады.
Джон Леннон
Бүгін танысқалы отырған бұл адам жалпы "біртүрлі" адам. Өлеңдерінің біртүрлілігіне қарамастан кітабының тақырыбы да "біртүрлі". Қорыта айтқанда, Әбіштің "Біртүрлі ақынының" жаңа бейнесі.
Сұлтанқожа Айжарықтың "Телеграмма қабылдап алыңызшы" атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді
Джон Леннон жиырманшы ғасырдың кейінгі жартысындағы еуропаның былыққан қоғамын жоғарыдағы сөзімен бейнелесе, мен айтпақ болып отырған "біртүрлі" кейіпкер түсініксіз, һәм түсінікті, өзгерісті қажет ететін және қажет етпейтін, мағынасыздығымен әсем қазіргі Алматының келбетін былай суреттейді:
зауыттардың сыбырымен оянған қала,
көп ұзамай,
түтін мен бос сөздерге толып қалады,
көліктердің,
тоқтаусыз ойлары мүңкіген кептелісте ,
алыс шыңдарда,
алғаш айтылған жырменен,
құдды бір,
өкпеңді,
алдай тұруға болатындай,
егер, ішіңнен айтсаң әрине.
Асекеңнің бал татыған жауыннан, таудан аққан бұлақтан, ақжүрек адал адамның сөзінен "Құдайды" көретіні сияқты, менде осы өлеңнен тек "Алматыны" көрем. Егер ішімнен айтқанда…
Баяғыда бір ғұлама айтыпты дейді:
Мен музыканы не үшін жақсы көремін?! "Себебі, музыка адамнан, қоғамнан шыншыл…",- деп.
Музыка мен поэзия әу баста жаратылғанда кіндігі байланып туған мен айтпасамда өзгелердің айтатындығын мұнда, айтып та жүр!
Исландялық Алафур Арналдстың tomorrow's song(living room songs) Ертеңгі ән ( қонақ бөлмелері) музыкасын" Айжарықтың телеграммасынан" қабылдап алғанымда мына өлеңі есіме түсті:
егер әуенді естісең,
әрбір үшінші толқында,
бөлмені күлкіңе толтыр да,
денеңді ырғаққа ұсын.
уайымсыз...
сөздерді,
қуанышыңа сыйғызу үшін,
барлығын бүгін,
тек,
өз еркіңше ғана түсін.
Поэзия мен музыканың мәңгілік үйлесімін Боб Дилан дәлелдеді дегенді Мақпалшерден естідім, сендім. Оған мынау жыр жолдары да куә:
ескі бір жақыным ән…
сені шумақтарына қосқан,
ескі бір ән болып, ойыма оралатын,
сағынышым жайлы ғана, бұл күйім…
"Шіркін, өлеңнің қандай қоқыстан өсіп шығатынын осы жұрт білсе ғой" дейтін Анна Ахматованың афоризіміне ден қойсақ, Айжарықтың өлеңдері буалдыр түстердің арасындағы таң, түс, кеш мезгіліндегі табиғат тілінен туындаған музыкадан өсіп шыққан дер едік.
Әрине, қоқыс сөзін абсурд көзқарасында қарағанда.
Осы ойыма қанағаттанумен шылымымды соңғы рет бұрқыратып шелекке лақтырғанымда ернеуіне тиіп жерге түскенін мен жақсы ырымға баламаймын. Алайда, мен ырымға сенбейтін едім...
Өлудің ең жақсы жолы- Өл- Ең!
Өлім де кейде сегіз бұрышты болады дейді Айжарық.
немесе:
керегеге күннің суретін салып,
көзәйнегіңді киіп,
насыспен,
өлуге тырыс.
"Страдать проще чем созидать. Вся Россия –это пьющий гамлет".
Фазил Искандердің қасырет шегу еңбек еткеннен оңай деп келтірген мақаласынан.
жарығы алыс,
сәуірге созылған,
жеке мұң…
сермесем,сенің,
алақаныңа,
мүмкін енді,
ешқашан ғана жетермін…
жарықтың суыған ізінде,
күлін сапырып,
бейтаныс,
ескі жақынымды,
үнсіз шақырып,
өтірік күліп…
жүректі,
ұзатып жібергің келеді,
келмесін біліп.
Келмейді… әрине, Қасырет!
Қасырет шегудің темекі шегумен ешқандай қатысы жоқ! Оңай әрі қиын. Бірақ, жағымды нәрсе емес.
Бір түрлі ақынымыздың да қасыреттенумен өлеңі болмаса аражігі алыс.
Біз Леонардо да Винчидің Монализасына мән берсекте, Монализаның көзіндегі да Винчиге мән бермейміз.
Өмір бойы қасында сақтаған Джокондоны, оның жанарында мәңгілікке мызғаған да Винчиді білсек етті…
Ал, біз Айжарықтың өлеңіндегі өзін іздейік:
белгісіздіктің
тағы да зерттеп кеңдігін,
өлі күндерді,
сөреге тізіп қояр кім?
мен бүгін тағы,
бағытсыз өтер сенбінің,
аялдамасында ояндым.
Өзі ме? Өзі.
Сөздеріңнің жеңін қанша түрсеңде бұл сезім саған шақ емес дейді.
Шынтуайтында бір түрлі ақынымыз бір мезеттегі қозғалысты, ойды, сезімді мүлде басқаша қабылдайды.
Қақаған аяздан жылулық табады, қараңғы түннен жарық іздейді, күн күркірінен сыңғырлаған күлкіні естиді. Қаңтардағы жаңбырдың әр тамшысының тырсылының бір-бірінен өзгеше үн шығаратынын біледі.
Хош! Хабарлы сөйлемнің соңында да сұрақ белгісінің жасырынғанын жүрегі түйсінер.
Ол үшін ең қымбаты – күнделікті өміріндегі орындар, уақиғалар, сәттер, уақыттар…
Ол күнделігін өлеңдерінен биік қойса керек!
Қарашада өлетін гүл,
қалды,
қарашығыңда сүретін,
түстердің ішінде.
Қарашы тағы,
қара шашыңда алғашқы ақ.
Алғашқы қар,
әлі жаумайтын болса,
балалық шақ,
сен мінген ағаштан,
тым алыс емес шығар.
Айжарық бір адамның ғұмырына бергісіз уақытты санаулы минуттарға айырбастайтыны секілді ауқымды, көлемді дүниені бір нәзік сезімге, бір өлең жолдарының аясына еркін сыйдырады.
Ол сөздерді сынған әйнектерді жинап жатқандай өте шеберлікпен тереді.
Оның көзі тіпті пердеден саулаған күнді де көреді және күнді зәрулікпен күткен гүлдің орнына шынының түбінде қалған күлді де қара ноқатында "скриншоттап" алады.
Ендігіде, өзің жақсы білетін құбылыстың өзге қасиетін, тағы бір құпия тұсын Айжарықтың өлеңінен байқағаныңда "еріксіз жұтынуға" тура келеді...
Біз білетін және білмейтін біртүрлі ақынның өлеңіндегі жаңашылдық, форма өз кезегінде ұтымды бағасын алып жатар.
Алайда, Айжарықтың өлеңдері жайлы музыканттар, суретшілер, ақындар, жігіттер немесе қыздар бізге қарағанда көбірек білсе керек…
Ол үшін көктеммен уәде етем!
Тілеубек Батыс, ақын
Т. Раушанұлы