Темірбек Қожакеев – сатира сойқаны. Бауыржан Омарұлы суреттеуіндегі «түрі трагедияны танытатын, көкірегі комедияны теріс көрмейтін» ол қазақ әдебиетінің тың саласы сатирада қалам тербеумен бірге, сын бағытына да ат басын бұрған. Өзі қатарлас және өзге де жас жазушылар туындыларын сынай келе, түйінді тұжырымдамасында сүбелі сөздер жазған.
Қазіргі қазақ әдебиетінің кейбір туындыларындағы басты кемшілік – оларда жүрекке жыыл тиер от жоқ, ауыз тұшытып тамсандырар нәр жоқ, яғни сезім нәрі – көркем тіл жоқ.
Қазақ әдебиетіміздің тіліндегі екінші кемшілік – көп сөзділік, бос сөзділік. В.И.Ленин «Свобода» журналы туралы» мақаласында әрбір жазушы өз оқушысын бір нәрсе білетін, емеуір, нобай, тұспалдан-ақ болжап-сезетін адам деп түсінуі керек. Оқушының өзі-ақ ақылға салып, оңғаратын жайларды мыжып, баяндап жалықтырмауға тиіс деген еді.
Үшінші кемшілік – сыпайылыққа, мәдениеттілікке сыйыспайтын дөрекілік, тұрпайылық.
Көркем туындыларымыз тіліндегі енді бір кемшілік – диалектизм мен провинциализмнің көптігі.
Өңдеу – тиіп қашып емес, күрделірек, ұзағырақ болуы керек. Бұл жөнінде А.П.Чехов А.А.Авиловаға жазған хатында «Рроманды жыл бойы жазып, жарты жыл бойы қысқартыңыз, сонан соң ғана бастырыңыз. Сіз аз өңдейсіз, жазушы жазбау керек, қағазға кесте тігу керек» депті.
Осы ақыл-кеңес барлық жазушыға ортақ-ау дейміз.