Текті жырдың тұлпары. Ақын Ғалым Қалибекұлының шығармашылығы жайлы

Текті жырдың тұлпары. Ақын Ғалым Қалибекұлының шығармашылығы жайлы
Фото: Жеке мұрағатынан

Жазушы Айзат Рақыш ақын, халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Ғалым Қалибекұлының жырлары туралы жазған сынын назарыңызға ұсынамыз.

***


Текті жырдың тұлпары
Ақын Ғалым Қалибекұлының шығармашылығы жайлы

Қазақ әдебиеті тарихында жыраулық дәстүрдің соңғы өкілі деп Махамбет Өтемісұлын атаймыз. Қазіргі ақындардан сол Махаңның өршіл ырғағы кездессе де, ескі көмбеден алтынынң сынығын тапқандай қуанатыным бар. Ал мына бір өзгеше рухты, тым асқақ поэзия әлеміне ене беріп, Махамбеттің айбынды болмысын сезгендей болдым. Кең тынысты, алуан ұйқаспен түрленген ағыл-тегіл жыр арғы-бергі тарихты термелеп өтіп, ұлт шындығын, боямасыз тірлігін тас жарар алдаспан тілімен тіліп өтеді.Тарихи шындықты кестелі тілмен көмкеріп, оған қылдай да қиянат жасамаған арлы ақын, белгілі қаламгер, айтулы суреткер, өз қоғамының ащы-тұшысын бірдей қопарып жазып жүрген тұлғалы ақын – Ғалым Қалибекұлы.

Мерзімді басылым беттерінен өлеңдері топтама болып шыққанда тамсана оқып, жанымның азығына айналдырдым. Әлеуметтік желілерге мүлде бас сұқпайтын, интернет ресурстарынан іздесе таптырмайтын ақын ағамыздың шығармаларынан тек газет-журналдан ғана оқи алатынымыз қаламгердің тым қарапайым, жарнамашылдықтан аулақ шынайы болмысын білдірері хақ. Ендігі сөздің сыры да, төгілер жыры да ақынның шығармашылығының өзіндік өрнектері хақында болмақ.

Ғалым поэзиясының бірінші ғажабы – тамырын ұлт тарихынан алатын шыншылдығында. Өзі көзімен көрген ақиқат пен тарихта тасқа жазылған шындық ақын қаламынан өлмес туындылар туғызды. Қайсыбіреулердей тарихты өз қолайына қарай бұрмалап, немесе білместікпен теріс сөйлетіп, өткенге, кәрі тарихқа күйе жақпады. Ойымның дәлелі ретінде бір ғана Хан Кене рухына арналған "Қайран бабам ер еді" өлеңінен үзінді келтірейін. Бір ғана шумақта ақын сөйлеткен тарихи деректер тым мәйекті:

"...Біздің Көкжал Барақ та
денесі бар, басы жоқ
жерленіпті деседі.
Серек – құлпытасы боп
біз жүрміз ғой, есебі.
Қан майданда–ұрыста
ерлер кем бе ерлерден!
Шыңқожаның шығыста
бір саусағы жерленген..."

Қазақ рухының сыздауық жарасына айналған Кенесарының басын қайтару мәселесін бір өлеңнің аясына сыйғызған ақын "басын кесіп алғанмен, рухын жоя алмапты" деп көңілге медет етіп аяқтайды. Мұндағы ақынның мықтылығы – тарихи деректерге тіл бітіріп, оған нәрлі әдеби бояу дарытып, дастанға бергісіз өлең тудырған.

Ғалым ақынның екінші бір бөлекше болмысы – қазақтың ұлы тұлғаларына, елге еңбегі сіңген арда азаматтарына арнау өлең жазу дәстүрінің даңғыл жолына түскендігі. Ғалекеңнің бұл қыры – арнау өлең жазудың хас шебері екендігінде. Жалпы, арнау өлеңдер қазақ әдебиетінде ежелден болғаны белгілі. Бұл дәстүрдің қазіргі кезең әдебиетінде де тірлігі байқалады. Арнау өлеңдерді біреулер мадақ жыр деп қана түсініп, жалаң мақтангершілікке, жұтаң тақпақтауға ұрынып жатады. Ал, ақын Ғалымның арнау өлеңдер жазу үдерісіне аса мұқияттылығы, тұлғаның жеке басын емес, қазаққа қылған қайратын паш етуді мақсат тұтатындығы бек байқалады.

Аталмыш өлеңдерді жазу барысында қаламгер тағы да тұнығын тарихтан алады. Тұлғаның қайраткерлік қырларын баян қылып, оқырманына ғибрат етіп ұсынады. Бұл тұрғыда суреткер Ғалым тұлғатану ілімін мейлінше меңгергенін, зерттеушілік, зерделеушілік қыры толық пісіп-жеткенін айғақтайды. Алыптардың сом тұлғасын поэзияға әкеліп, психологиялық дәлдікпен тайға таңба басқандай айшықтауы, сөз маржанымен әдіптеп, оқырманын ғашық қылуы – Ғалым қаламының сиқырлы қыры. Бұл сөзіме қаламгердің кез келген арнау өлеңін дәлел етіп алуға болады. Мәселен, "Арғы бет пен бергі бет" өлеңін ақын Ұлықбек Есдәулетке арнай отырып, өлеңіне Атамекенге деген киелі сағынышын арқау етіп, былай деп мөлтек сырдың ұшығын ұсынады:

"...Арғы бетте қала берді балалығым кекілді,
Басымыздан алмағайып заман өтті не түрлі,
Қара өлеңнің қасиеті табыстырды біздерді,
Қара Ертістің Зайсан көлге құятыны секілді."

Жадағай жыр жазбайтын, қалам оты тектілікпен маздайтын қаламгердің арнау өлеңдерінің көркемдік бояуы тым соны, сүйенген дерегі өте тірі. Жазушы Қабдеш Жұмаділовке арнаған "Қара нар" өлеңінде де бұл сұлу сипат құбыла түскен.

"...Қатар ұштың Атажұрт құсыменен,
Тас шайнаған батырсың тісіменен,
Абылай мен Қабанбай қайта туды,
Сіздің алтын қаламның ұшыменен..."

Аз сөзге көп мағына сыйғыза білу шеберлігін осы тұста толықтай танытқан ақын арнау өлеңнің жасампаз көркем үлгсіні көрсетіп отыр.

Ақын қаламының үшінші асыл қыры – азаматтық биік үн, қайсыбір шақта "ұйқыда қалатын" қазақ рухын оятудағы өктем даусын берудегі Махамбетке тән жасындай ойнаған, жақұттай жайнаған тілінің тым өткірлігі. Тарихи оқиғаларға баға беруде, қазақы намысты оятуда Ғалым бұқпантайлауды, орағытуды білмейді. Төбеден жай түскендей етіп найзағай тілімен күн күркіретеді. "Қорлау" өлеңінде казак-орыс атаманы Ермактың қазақ қызын ел көзінше зорлап өлтірген оқиғасын өзек ете отырып, бүгінгі ұлттық рухтың төменшік күйін ашық, ашына жазады.

"...Екі аяқты хайуаннан қайтатындай есеміз,
Атын қойып балаға, көше бердік кеше біз.
Тасқа ұрсақ та маңдайды момындықтан жазбаймыз,
Орыс көрсек көтіне кіріп кете жаздаймыз..."

Бұл өлең жолдарына түсінік берудің өзі артық. Ал "1986. Желтоқсан" өлеңінде автордың азаматтық үні асқақтай түсіп, ардың ісі-әдебиетке адал, тарихи оқиғаға сараптама жасауда әділ екенін айғақтайды. Алматы қаласындағы Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткішке ойып жазылған бұл өлең ақынның талант күші мен азаматтық дәрежесінің айбарлы үніндей сезіледі. Ескерткіштің діттеген межеден шыға алмағанын ақын былай деп шенейді:

"...Жамалынан байқалмайтын шер-күйік,
Сұлулықтың Құдайындай кермиық,
Қазақ емес, сыған ба... бір қатын тұр,
Ескерткіштің тұғырында ербиіп..."

"Ербиген қатынның" мүсінін місе тұтпаған ақын өлеңін өрекпіп барып тәмамдайды:

"...Күрсініп күн, көк жүзінде жылады ай,
Мұны көрсе не дер еді ұлы Абай?
Аруларды ардақтайық, ағайын!
Аруақты қорламайық мынадай!"

Әсілі, соңғы кездері рухани ашаршылыққа ұшыраған бейбақтар "аруақты қорлаудың" шегіне жетті. Ақын бұл ретте де қызыл тілін қанжар етіп, биік үн тастайды. "Күпірлік" өлеңінен үзінді сөйлетейін:

"...Тірілікте құсаланып тайған бағы,
Ұлықта бас ақынды, пайғамбарды,
Дарға асып, ел көзінше өртесе екен,
Абайға тас ататын хайуандарды..."

Абай есіміне қылау да жұқтыруға жаны қас қаламгер "Ұрпағың азғындалды, анық қайғы" деп күйініп, ұлт үшін зар шегеді, Ал хакімді "сөз Құдайы, жыр пырағы" деп дәріптейді. Таңғажайып үшінші қырында Ғалым Қалибекұлы Махамбетпен сарындас, үндес, рухтас екенін төрткүл дүниеге мойындата алады.

...Нағыз қазақы ауыл тірлігін сағындыңыз ба? Айлы түнде жұлдыз санап, ынтыға шырқалар ғашық әніне құлақ түргіңіз келе ме? Киелі қара шаңырақ-қазақ ауылын сағынсаңыз, Ғалым жырларын оқыңыз. Ақын өлеңдері арқылы қазақ ауылын мәңгі өлмеске қайта жандандырды. Сал-серілік дәстүрмен үндесіп жатқан бұл тқртінші қырында шайыр махаббатты, табиғатты, ауыл тірлігін, жалпы сұлулықты жырлаудың төресі ретінде оқырман көңілінің көкжиегіне ұялайды. Сүйіктісіне "жамалым", "сәулем" деп сырлы тіл қатады.

Төрт құбыласы сай жаралған ақынның анау бір жылдары "Жұлдыз" журналынан жарық көрген "Қара Ертіс" поэмасына жекелеп тоқталайын. Бұл тарихи поэма. Ақын өзі "Бұл өзі 32 қарашасы" деп тарихи кезеңге нақтылық сипат береді. Басты әрі жағымды кейіпкер Сейілбек байдың дәурені бір-ақ күнде көзінен бұл-бұл ұшады.

"...Бір түнде малын айдап, өзін қамап,
Талады қасқыры да, қарсағы да..."

Автор бейнелі ұсынған "қасқыр мен қарсақ" образдары қызыл империяның шолақ белсенділері екені белгілі. Ал Сейілбек-жиынтық бейне, ол – ХХ ғасырдың басында түрлі нәубет оқиғалардың кесірінен Атамекенінен амалсыз ауа көшкен барлық қандас бауырларымыздың тұтас бейнесі.

Поэманың оқиға желісі бірқалыпты дамып отырады. Басты кейіпкер Сейілбектің образын жан-жақты ашуда автор түрлі көркемдік тәсілдерге жүгінеді. Солардың ең бастысы – Сейілбектің түрмеде айтатын жоқтау формасында берілген жыр шумақтары. Қазақ халық ауыз әдебиетінің ең көне түрі-жоқтауды жаңа ғасыр әдебиетінің заманауи үлгісіне жігін білдірмей орынды қолдануы-Ғалым ақынның алтын нәрін халық ауыз әдебиетінен алған әдебиет алыптарына тән кесек мінезін аңғартады.

"Аршалым, ауылым-ау!
Қадірлі қауымым-ау!
Қамалар жазығым не?
Қан жұттым, бауырым-ау!
Дүние, қажылым-ау!", - деп басталатын Сейілбек жоқтауы поэманың көркемдік ажарын құбылта түседі. Әрі жоқтаумен сарындас жыр арқылы қазақ халқы басындағы ауыр тарихи кезеңнің шындығын терең ашты. "Қасқыры мен қарсағы" қамалап, серіге Қытай асудан басқа амал қалдырмайды. Елден кеткен ердің несібесі төрден болмайтынын ақын "қараңғылық қойнауына кетті сүңгіп" деген бір-ақ ауыз сөзбен шебер берген. Бұдан арғы оқиға шиеленісін оқырман шешіміне қалдырған қаламгер Сейілбектің қартайған шағын суреттей жөнеледі. "Сағынышын серік еткен" Сейілбек жағалтай құсқа көкірегін керген шер-шеменін ақтарады. Туған елін бір көруге зарыққан пақырға Қара Ертістің о жақ, бұ жағына еркін самғап жүрген жағалтай құс бақытты көрінеді. Адам мұңын табиғатпен астастыра суреттеп, лириканың тұңғиығына бойлау-ақынның көркемдік ерекшеліктерінің бірі. Кейіпкердің жағалтай құсқа сыр төгер тұсында ұйқас кілт өзгеріп, поэманың басындағы жоқтаумен сарындас жырға айналады.

"...Қара Ертістен өтейін,
Туған жерге жетейін,
Қайран елді бір көріп,
Жер түбіне кетейін", - деп сорғалаған жан шері оқырманын тебірентпей қоймасы хақ. Сейілбектің сөзі тәмамдалған соң, автор поэманың басты ұйқас түріне көшеді. "Қара Ертіс, Аршалыға барамсың?" деп басталатын бұл шумақтар автордың монологы іспетті. Иә, поэма ақын дарытқан айшықтау тәсілдеріне өте бай. Тағы бір ұтымды берілген көркемдік тәсіл – Сейілбектің хаты. "Елге қайтар" деп Мәскеуге арызданған ердің отыз жыл сөнбеген үміті, «отыз жылда мың атанға жүк болған сағынышы», басына туған жердің бір шым-шым топырағын сұраған аманаты-осының барлығы нанымды нақышталған. Поэманы "соңғы сөз" түйіндейді.

"...Аталардың арманын аманат қып,
Сағынышын боздатып мен келемін", - деген автор ел-жерімен қауышқан бауырлардың ақжарма қуанышын бейнелейді. Сейілбектің хатын ақын осы тұста сабақтастырады. Оны мына тармақтардан аңдауға болады.

"...Қиырда көзін жұмған көп қазақтың,
Киелі рухын саған тапсырайын."

Отанына қарата отты сөз алған Ғалым ақынның түйінді жыры поэманың көтерер жүгін тіптен асқақтата түскендей. Поэманың идеясын "бақыттымын Отаным болғанына" деген тармаққа "жасырған" шайыр түйдектете төкпелеп, биік рухпен поэманы аяқтайды. Бұл-шынайы тарихи оқиғалар тізбектелген озық әдеби туынды. Бұл-Отанды сағына білуге, қасиетіне табына білуге шақыратын шырақты туынды.Қазақ руханиятын байытатын мұндай туындылар көбірек сахналанса, театрларда көрермендердің көзайымына айналса деген бір тілек бар.

Бір мақала аясында азды-көпті жайды баяндадым. Ақынның сыры мен қырын айтудан аянбадым. Иә, Ғалым Қалибекұлы – қазақтың ақыны, ұлт рухының тілекшісі, жұртының жебеушісі. Ол – текті жырдың, мөлдір сырдың иесі. Ол – қазаққа қай кезде де керек ақын. Ұлтымызға берекелі берері мол Ғалым жырларын жан-жақты зерделеу, бүге-шігесіне дейін ұрпаққа насихаттау-кейінгі толқынға, мына біздерге абыройлы аманат.

Т. Раушанұлы