Тақырып қоя білу де өнер. Тақырып – бүкіл мәтіннің жаны. Тақырып – сіз жазған туындының ең керемет жетістігі.
Әдеби немесе публицистикалық мәтіндерді оқымас бұрын, ең бірінші назар аударатын дүниеңіз – тақырып. Тақырып сізді өзіне тартып, жұтынып тұрса, міндетті түрде оқисыз. Өйткені тақырып – тұтас мәтінде айтылатын ойдың кілті. Ал ол кілт сіздің қолыңызға түссе, мәтіннің құлпын ашуға талпынасыз. Кілт алтын бола тұра, құлпы алтын жалатылған не қарапайым темірден жасалған болса, құлыпты ашпай-ақ лақтыра саласыз.
Тақырып қою үшін алдымен жазғыңыз келген мәтіннің жүйесін, мәнін, оқырманға айтқыңыз келгенін талдап алуыңыз керек. Ал аталған ұғымдар ретін тапса, тақырып қоюға дайынсыз. Қазіргі таңда газеттер мен журналдардың орнын электронды басылымдар алмастырып жатыр. Бұл – қоғамның таңдауы. Сайт беттеріндегі тақырып пен мәтіннің сәйкес келмеуі белең алып бара жатқанын да жасыра алмаймыз.
Оқырман тартуға талпынған тілшілер тақырыптың құнын да түсіріп жүр. Мәселен сізді тартып, өзіне еліте алған тақырып мәтініне мүлде сәйкес келмейді. Бастысы, тақырып арқылы сол кеңістікке кіргеніңіз ғана маңызды. Ал мәтіні жалаң, тым жұпыны.
Тақырып қояр кезде ескеріңіз:
– Оның құндылығы жоғары, ойы мәнді болу керек;
– Оқырманды тарта алуы және мәтіні соған лайық болуы да міндетті;
– Астарлы немесе тым күрделі болмағаны абзал;
– Тақырыбыңыз аллитерация не ассонанс арқылы жазылуы міндетті емес. Бастысы, мәтіннің негізгі ойын ашыңыз;
– Жеңіл ұғымға ұрынбаңыз. Автор ретінде тақырыппен бірге өзіңіздің де құныңыз төмендеп кетуі бек мүмкін;
– Тақырып қысқа әрі нұсқа болғаны жақсы.
– Тақырып таңдай білу – үлкен өнер.
Әдебиетте ағым көп, арна көп. Олардың әрқайсысы өзінше ерекше және соғатын сойылдары да дара. Соның ішінде постмодернизм әдебиеттің "есін шығарды". Негізгі нысанасы оқырман емес, автордың жан дүниесі. Ал автор бұл ағымға байланған соң, ойына келген тақырыпты қойып, ойына келген мәтінді тізбектей беруге асықты. Бұл үрдіс әдебиетте белең алуы заңдылық әрі дұрыс. Өйткені әдебиеттің де өз ішкі тартысы болу керек. Бірақ ағымның публицистикалық әлемге өтіп кетуі оқырмандарды, қарапайым халықты шаршатты. «Айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарар» дегендей, тақырып айда, мәтін сайда қалды.
Қандай жағдай болмасын, оның тақырыбы сол болғаннан кейін мәтінмен етене байланыста болуы керек. Өйткені мәтінде айтқыңыз келген ойдың жиынтығын тақырыпқа сыйғызасыз. Ал оқырман мәтінге енгеннен кейін тақырып атауын тура мағынасында да, астарлы мәнінде де бірте-бірте ұғына түсуі тиіс.
Электрондық басылым беттерінің деңгей үшін, рейтинг үшін жұмыс істеуі «тақырып» сөзінің қадірін кетірді. Болмағанды болдыру, жоқ нәрсені бар қылу тақырыптың қызметі емес. Ол тек адамның назарын аударуға арналған тәсіл ғана. Ал тақырыптың жүгі сіз ойлағаннан әлдеқайда ауыр.
Тақырыптың «тақырыпқа» сай болғаны авторға да, туындысына да жақсы. Атыңыз шықпай жатқан күннің өзінде, жер өртемеңіз. Бір қателік мың тағдырдың ойын да, түсінігін де өзгертеді. Жазу – ардың ісі, қоғам алдындағы зор жауапкершілікті ұмытпаңыз!