- Негізгі бет
- Сын
- «Сүрініп кетіп, жығылып...
«Сүрініп кетіп, жығылып жүрген тағдыр иелері»
Роман жазуға кез келгеннің тәуекел етпесі айтпасақ та, түсінікті жайт. Қазақ әдебиетінде бұл жанр Т. Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» шығармаларынан бастау алды. Кейін М. Әуезов, С.Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин. Х. Есенжанов, Ә. Нұрпейісов, І. Есенберлин, Т. Ахтанов, Ә. Кекілбай, Ә. Әлімжанов, М. Мағауин сынды жазушыларымыз қазақ романын жаңа белестерге көтерді.
Алдынғы буын ағалар ізімен прозаға Лира Қоныс келді. Прозаға жай келмеді, өзімен «құлпынай қосылған» заманауи романын ала келді.
Роман мистикалық таным желісімен жазылған. Қайнаған қала мен алыстағы ауыл өмірін бүгінгі кейіпкердің көзімен шынайы бейнелей білген.
«Бұл көктем кезінде көл-көсір мұңы бар сары қыз жайлы шығарма».
Жаны нәзік, көкірегінде көзі бар Лираның роман деп айдар таққан бұл кітабы «Келіншектал», «Алма ағашының құдайы», «Әже», «Құлпынай қосылған балмұздақ», «Жаңбырлы күні», «Ажал екінші рет қашан қайта айналып соғар екен?..», «Қош, Күнекей!», «Құлпынай қосылған балмұздақ 2», «Уақыт», «Уақыт 2», «Су перісінің зираты», «Махаббат туралы роман», «Сәкө, су және Андерсеннің ертегісі», «Отыз үш тал раушан», «Мамыр айының тоғызы» деген бірнеше шағын тақырыптан тұрады. Әрқайсысы жеке- жеке шағын әңгіме, немесе новелланың жүгін көтеріп тұр. Бәлкім біреулер жас қаламгердің осы кітабын роман демей, әңгімелер жинағы деген жөн дер. Бірақ, бәріне ортақ бір кейіпкер - ол Төле би мен Байзақтың Исасы атындағы көшелер қиылысындағы көп қабатты үйде тұратын сары қыз. Бәріне ортақ желі - автордың келмеске кеткен балалық шағын сағынуы, әсіресе, жаз айларында балмұздақ сатуға ақ «москвичпен» қаладан келіп, жіби бастаған балмұздақтарын балаларға кетерде тегін таратып кететін Вера тәтейін аңсауы...
Оның үстіне автор өзінің бұл кітапқа не себепті роман деп айдар таққанын да шығармасының прологында атап көрсетеді. «Басымнан өткергенім ұзақ оқиға еді, бірақ, қарыстай ғана көлемге сидырғым келді, күрделі дүниеден түйгенім титімдей тәмсіл еді, тырнақтай түсініктің түйедей құны бар еді, сондықтан шығармамды роман деп атағым келді».
«Келіншектал» дегенінде шешесінен ерте айырылғаннан кейін, әжесінің қамқорында болған сары қыз: «Бұл қыз ертегіге сенетін, Андерсенмен жиі сырласатын, түсінде самұрық құсқа мініп зеңгір көкте самғайтын, Күнекей қыздың шашын өріп беретін». Әжесі өлгелі ертегіге сенбейтін, «мөлдір шыныдан соққан көрікті әлемі қаусап қалған» сары қыздың жалғыздығы және табиғатпен сырласқаны сипатталады. Бұл жерде автор табиғатты етене сезіне білген.
Алайда, кейбір сөйлемдерді автор құрылысы жағынан дұрыс қолдана алмаған. Мәселен:
«Оның көздерінде еркеліктің жарқылы болушы еді, ұшқын шашып тұрушы еді, мөлдір әлемі күйрегенде ол-дағы өшіп кетіпті, енді қалғаны-маңайға өкпелі мағынасыз үңілу» (8 бет), «Басын шайқады. Бетінде бояу ізі жоқ, шашын да қысқартпапты. Мұндай қыз темекі шеге қоймас» (12 бет) Қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін қаламгердің сөзінен гөрі, орыс тілінен тікелей аударылған тәржіма сияқты көңілге қонбайды.
«Алма ағашының құдайында» кейіпкер қыз тау ішінде жалғыз шешесімен тұратын, «табиғатқа, әдемілікке және қорғансыз мөлдірлікке ғашық» кісікиік бір жігітпен кездейсоқ танысады. Ол жігіттің есімі Арман еді. Ол алма ағашының кесілген түбірлерін көргенде өксіп, жайқалған бұталарды көргенде айналып ән салған Алмагүл есімді бейтаныс қызға ғашық болады. Ол жігіттің шешесі айтқандай, кісі қолынан өлген қыздың әруағы да емес, көрші бағбанның соқыр қызы да емес, алма ағашының құдайы - Алмагүл екен. Автордың негізгі идеясы - Іле Алатауының баурайынан жоғалған алманың қасиеті, киесі бар дегенге саяды...
Арман есімді жігіт арқылы автор, бұл өмірде әлі де болса жақсылықты желкен еткен жандардың арамызда бар екендігін көрсеткісі келгендей. Мейлі оны өзге адамдар түсінбесін, көрмесін, бірақ ол табиғатқа, әдемілікке және қорғансыз мөлдірлікке ғашық адам. Өзгелер көре алмаған нәрсені ол көре алады, сезінеді, мұңаяды, қуанады. Себебі оның жаны нәзік әрі таза. Оның жүрегінде әдемілікті көре алатын көзі мен ойлы оралымды сөздері бар.
«Әже» деген бөлімінде жасы он беске келген кезінде әжесі қайтыс болған қыздың арада жеті жыл өтсе де оны әлі өлімге қимай күтіп жүргенін, сағынышы мен аңсауын автор нанымды бере білген. Әкесі мен қызының арасындағы әңгімелесуі барысында әкесінің сары қызды баласынып, әжең төркініне қыдырып кеткен деп алдауы. Он бес жасар қыздың бұл өтірік болса да өзін-өзі алдап, жұбатып, әкемнің айтқанына сенейін, күте берсем бір күні келер, үйін сағынар, мені сағынар, сөйтіп, әйтеуір бір күні төркінінен қайтар...
Содан бері жеті жыл өтті. Ал, әжесі болса әлі жоқ.
Олар әжесінің өлгенін сөз еткен емес, сары қыз ылғи да әжем келеді деп сөйлейді, бірақ, өзі де, әкесі де өлгендердің ешқашан қайта оралмайтынын біледі.
Бірін біріне жалғайды әмән,
арман,
үміт,
Сенім деп.
Өзін-өзі алдайды адам,
Айтамыз соны өмір деп
– Есенғали Раушановтың осы, жыр үзіндісімен тоғысып жатқандай.
«Жаңбырлы күні» деген бөлімінде тартымды кейіпкерлері емес, сары қыздың санаңа жарық берер «ақылды сөздері». Әр оқырманның өзі іздеген өмір шындығын бере білген ой оралымдары дер едім. «Махаббат – шыңына жету үшін өлімді талап ететін ақиқат, еркіндік-құр ғана жалғыздық, өмірдің тәттілігі – түсінің суықтығында, кербездігі – уақытын бұлдайтынында, опасыздығы – өзімбілемдігінде, санаспайтынында...». «Біздің тағдырымыз – тәңір сызған бір-бір тағдыр желілері еді. Біз сол сызба, шеңберден ары аттап өте алмаймыз. Өйткені, МАҢДАЙЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛҒАН».
«Ажал екінші рет қашан айналып соғар екен?..» дегенінде осы дүниеде жасаған кез келген әрекетің үшін, ана өмірде жауап бересің дегенді автор сары қыздың ойы арқылы береді. Автордың негізгі айтпақ ойы «судың да сұрауы бар» дегенге саяды.
«Уақыт және Отыз үш тал раушан» деген бөлімдерде автордың айтпақ ойы түсініксіз, бұлыңғыр...
«Сәкө, су және Андерсеннің ертегісі» бөлімінде Айсәуле атты ару қыздың мектеп бітірген соң ауылда трактор айдауға қалғанын, оның сүйген жары бір кездері суға батып өлген жігіт боп шығып, ақыр соңында жазылмас дертке шалдығуын автор әңгімеге арқау еткен. Автордың мұндағы айтпақ ойы, күллі адамдарша өмір сүргісі келмейтін, өзінше өмір сүргісі келетін адамдарға түсіністікпен қарау керектігі. Олар ақылсыздар емес, олардың өмірге деген көзқарастары басқаша. Біз көре, сезіне алмаған дүниелерді олар өздерінше көре, сезіне алады.
«Махаббат туралы роман» деген бөлімі, роман ішінде не қылған роман дегендей ойға қалдырады. Кітапханада жүрген өлген қыздың әруағының махаббат туралы кітаптарға құмарлығын тілге тиек етеді. Жасандылық бар. Оралымсыз сөздері де жиі кездесіп отырады. Автор осы бөлімде өзінің айтқан ойына екінші ойы қарсы шығып отырады.
- Мен махаббаттан шаршағанмын, жасанды сезімдерді оқуға кеткен уақытымды аяймын,- дедім.
- Сен менімен бірге жүрсейші,- дедім: Үйде біраз кітаптарым бар және өзім де махаббат туралы әлденелерді шимайлаймын.
Махаббаттан шаршаған, махаббат туралы романдардан жүрегі айнитын адамның, махаббат туралы әлденелерді шимайлағаны несі...?
«Су перісінің зираты» деген бөлімі жаратылыстағы кез- келген тіршілік иесінің өмір сүруге хақысы барын айтқысы келгендей: «Тас-түнек бүркеген даладан ештеме көрмесем де, сол жолы біздің желкемізден сұқсұрдай қадалған су перизаттарының қарғысқа толы жанарын жоныммен сезгенмін. Титімдей алақандарын көкке жайып, өздерін түп-тамырымен жойып, тек аңыздарда ғана айтылар кейіпкерлерге айналдырып жіберген адамдарға лағлет айтып жатқанын түйсігіммен естігенмін».
«Ауылда» деген бөлімде автор өзінің табиғатты етене сезіне білетіндігін қалың оқырманға тағы да дәлелдей түседі. Табиғатпен сырласады. Автордың негізгі айтпақ ойын соңғы сөйлемдерден байқауға болады.
Қай зауалды да көтеруге болады, бірақ, ой ауытқуына шыдай алмаспын, құдайдан санамды сақтай гөр, жынданып кетпейінші деп тіледім.
Өзіне тән философиялық ойлары бар, жұрттар тордың таптаурын болған жолымен жүруден қашып, жаңа формалар іздестіріп жүретін Лира Қоныстың бұл романы, кітапты қолға алғанда тек қана жайдары, өмірге ғашық кейіпкерлерден гөрі, қазіргі заман шындығын реалистік тұрғыдан сезіне білген бақытсыз кейіпкерлері арқылы, мистикалық таным желісімен көрсете білген.
Алайда, заман шындығын бақытсыз кейіпкерлер арқылы ғана көрсетуге болмайды. Бақытсыздық бар жерде бақыт та бары белгілі. Ендеше «сүрініп кетіп, жығылып жүрген тағдыр» иелерімен қоса жайдары, өмірге ғашық кейіпкерлер арқылы да заман шындығын көрсетуге болады. Бұл роман, өмірдің тек қана қара жақтарын көріп, әділдіктің барына сенбейтін оқырман қауымын қалыптастыруы мүмкін. Өзіндік стиль мен өзгеше жанрда жазылған жақсы шығарма екеніне дау жоқ. Алайда, «ҚҰЛПЫНАЙ ҚОСЫЛҒАН БАЛМҰЗДАҚ атына заты сай болсын».
Ойды қорытар болсақ, автор талантты әрі оның бұл кітабы жастар арасында сұранысқа ие. Автор өмірден түйгені мен кітаптан үйренгенін бір арнада тоғыстыра білген. Автордың «пессимисттік» ойлармен қатар, «оптимистік» ойларды да қатар алып жүргені жөн.
Автор: Әлия Бостанова
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: өңделген
Ш. Талап