- Негізгі бет
- Сын
- «Шын ертегі» немесе...
«Шын ертегі» немесе шынайы әңгімелер
Салтанат Мінәйхан - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің түлегі. Ол көпшілік оқырманға республикалық басылымдарға жарияланып жүрген әңгімелері арқылы таныс. Жуырда жазушы Серік Сағынтай пікір білдірген "Шын ертегі" әңгімесі "Қазақ әдебиеті" газетінде жарық көрді. Салтанат прозасы жөнінде өткен жолы жас сыншы Қымбат Слямбектің "Қоғамдық форманың өзгерісі" атты рецензия ұсынған едік. Сайтымызда жарық көрген ф.ғ.д. профессор Қанипаш Мәдібаеваның "Жез қоңырау жайында бір сөз" атты сыни мақаласында да Салтанат әңгімелері жайында айтылып өтті. Жақсыны көрмекке деген. Бүгін сіздерге сыни мақалаларымен көзге түсіп жүрген Әлия Бостанованың Салтанат әңгімелеріне жазған шағын сыни мақаласын ұсынамыз. Әлияның осыған дейін Лира Қоныстың "Құлпынай қосылған балмұздақ" кітабына жазған сынын жариялаған болатынбыз.
«Шын ертегі» немесе шынайы әңгімелер
Құбылыс өнер атаулының негізі десек, айналамыздағы сан қырлы құбылыстарды жатық тілімен проза өнерімен астастыра білген, қазақ прозасының үміті - Салтанаттың әңгімелерін оқып отырып, ой түбіне шомасың. Ой түбіне жетелер - оның көркем тілі арқылы берілген мазмұнды идеялары. Тақырыбы да, идеясы да мықты. Кейбір жас қаламгерлердің әңгімесінің тақырыбы жақсы болғанымен, оқу барысында идеясы мен сюжеті жалған пафосқа құралғандығын аңғарамыз. Кейде керісінше. Ал, Салтанаттың әңімелерінен ондай жасандылық аңғарылмайды.
«200 теңге» әңгімесінде заманауи студент пен заманауи ақсақалдың арасындағы жаңа заман адамдары мен қазіргі қоғам шындыған арқау еткен. Ішкі диалогқа құрылған жас адам мен қарт адамның әңгімесі. Санаңа жарық беріп ойландыратын оралымды сөздері де бар. «Сен, сен адамдардың аз екенін менен де жақсы білесің, солай емес пе, ақсақал?! Жаманы, адамдар неге адам тәрбиелей алмай қалды екен?» - дейді автор. Ия, «халық көп, бірақ адамдар аз...» - дегенге саяды автор ойы.
«Мен емес...» новелласында автор Абайша «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» дегісі келгендей... Қазақ деген ұлттың қазіргі таңдағы аты бар да заты жоғалып бара жатқандығын көзінен жас қылып, тілінен сөз қылып ағызады. «Адамның ең жақсы қасиеті өз басының соры деген», қазақ деген қонақ жай, қазақ деген қонағын құдайдай сыйлаған дейміз, ал біздің сол сыйластығымыз сорымызға айналмасына кім кепіл? «ҚАЗАНДАҒЫ ҚАЙМАҒЫҢ ҚАЛЫҢДАҒАННАН КӨРІ ҚҰНАРЫ ЖОҚ КӨБІККЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ- АУ!» - дейді автор. Замана шындығын астарлы оймен болса да өз шығармасына арқау ету әр қаламгер міндеті.
«Кәйфхана» әңгімесінде: «Қазақстан атты нән қара дәудің асқазаны бұл - Алматы. Бірді маздатып үрледі, бірді арбап албастыға айналдырды». Ия, албастыға емес, тағдыр талқысымен жөзекшеге айналған қыз тағдыры бұл әңгімеге арқау болған. Б. Нұржекеұлы өзінің бір сұқбатында «қоғамды қартайтатын қыздар» деген пікіріне, автор қыз ойы арқылы қарсы келгендей?! «Заманды әйел жасамайды, ерлер қалайды» немесе «Ердің қолынан қаруы түссе қатын құтырады», демек әйел мен ер бір-біріне тәуелді, бірі заманның қолы болса екіншісі аяғы. Аяқ қайда барса қол сонда барады. Тәуелсіз елдегі қоғамның тәуелсіз қозғалысын автор нанымды суреттей білген.
«Ортаңғы әлем». Көк пен жер ортасындағы адамдардың қарбалас тіршілігі әңгімеге негіз болған. Автор және оның ақын достары Ислам мен Алаш. Екі үлкен атты арқалаған кейіпкерлердің бейнесі шығарма барысында айқындала түседі. Автордың Алла алдындағы өкініші мен қыз алдындағы күйініші сөзбен суреттелген. Алласынан өкініп тұрып кешірім сұрайды, кешірім сұрай отырып өзі сүйгенмен өзін сүймейтін қызының амандығын тілейді. Ата- анасының қасында жұмақта болуын сұрайды. Жүрек айнасын кірлетпеген сүйген жанның тілегі... Оқырманын сендіре алған.
«Кестелі орамал» әңгімесінің арқауы сол баяғы сары қыздың жауапсыз махаббаты. Автордың қызды суреттеуі өз оқырманын нандыра қоймайды. Автор Ортаңғы әлемінде қызды шынымен сүйгендігі көрінсе, мұнда қызға деген сезімі солғын тартып суынғандай әсер қалдырады. Ұлы сезімдерінің алдында кіші сезімдері өшіп бара жатқандай, оның - ұлы сезімі әкесі мен бауыры!
«Тырнақша» әңгімесіне арқау болған ақын өмірі. Әңгіме «Қазақ деген - адамның басын емес, бас сүйегін сыйлайтын халық» деген сөзге дәлел болғандай. Тірісінде ешкім біліп сыйламаған, киім мен ақшаға жарымаған ақынды, көзі кеткенде сыйға бөленуі өкіндіреді. Бәлкім, «Құлагер өлмегенде ешкім оны танымайтын да ма еді?!»
«Қарындастар» әңгімесін оқып отырып еріксіз көзіңе жас аласың. Жас алдырған - Арман мен Іңкәрдің, Шамшырақтардың шырғалаңға түскен тағдыры. Жетімдерге берген тағдырдың тартуы тәтті болмады. «Жетімі мен жесірін жылатпаған» қазақ дейтін елдің елдігі кетіп бара жатқандығын автор Арманның жан айқайымен көрсетеді: «Қазақ тәуелсіздік алған ел. Неге... неге жетімдері көбейіп кеткен?»... Философия ғылымында толық тәуелсіздіктің жоқ екені туралы тұжырым бар. Бәлкім біз тәуелсіздік алғанымызбен санамыз тәуелділік құрсауында шығар? Қоғамдық сана өзгермеген. Шет ел асып кеткен бөрілі елдің бөлтіріктері, бөрі болып өзімізге ұлымасына кім кепіл?
Ал, авторды танығыңыз келсе «Шын ертегісін» оқыңыз!
Ойды қорытар болсақ, автордың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Ол өмірден түйгені мен кітаптан оқығанын бір арнада тоғыстыра білген. Өмір дейтін мектептен автордың көргені көп. Оған дәлел «Соғым сою» әңгімесі. Қоғам келбетін, сансыз тағдырлардың саналылық, бейсаналық тұрғысынан күресін, өз заманы мен қоғамы, уақыт хақындағы толғаныстарын, кейіпкерлердің кейде автордың өмірде кездескен сан алуан қиыншылықтарға қарсы қайсарлықтары, шарасыздықтары психологиялық тұрғыдан өте дәлелді суреттелген. Автор әңгімелерінде («200 тенге», «Ортаңғы әлем», «Мен емес») көлденең сюжеттерді де өте тиімді қолдана білген .
Ж. Аймауытов «Мәдениетті адам - елін, жерін ұлтын өліп- өшіп сүйетін адам» деген, демек авторды нағыз мәдениетті адам деп айтуға толық негіз бар. Себебі, әңгімелерінің барлығында ұлтқа деген сүйіспеншіліктің, ұлттық рухтың лебі есіп тұр.
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: жеке мұрағат
Ш. Талап