- Негізгі бет
- Сын
- Орхан Памуктің мұражайы...
Орхан Памуктің мұражайы және туған қаласын сүю
Жақында Түркия жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктың қытай қазақтары аударған «Кіршіксіз мұражай» («Музей невинности») атты романын оқыдым. Романда Кемал атты жігіт пен Пүсін деген қыз арасындағы романтикаға, азапқа толы махаббат оқиғасы баяндалып, соңы трагедиямен ақырласыпты. Пүсін көлік апатынан көз жұмып, о дүниелік болған соң Кемал қыз тұрған үйді шешесінен сатып алып, ғашығын еске түсіретін əрбір затты сол баспанаға жинайды. Стамбұлдың кедейлер тұратын ауданы, Шұқыржұма көшесіндегі ол үйге кейіпкер Кемал (ауқатты ақсүйек) Пүсін тірі кезде сегіз жыл бойы (күн құрғатпай десе де болады) келіп тұрған. Келіп тұратын себебі де үлкен əңгіме. Кемалдың атастырып қойған Сібел атты қызы бар. Кемал мен Пүсін арасындағы махаббат та сол атастыру салтынан бір ай бұрын басталады. Кемал мен Сібелдің атастыру салты өткен күні Пүсін қатты азап шегіп, торығып, қу дүние құм басқандай құлазиды. Əкесі оны бұл азапты да ауыр халден арылту үшін алысқа алып кетеді. Стамбұлдағы ақсүйектердің басы қосылып, дүрілдеген той да өтеді. Бірақ бəрібір Кемалдың да көңілі байыз таппай, ауыр мұң арқалайды. Ақыры Сібелге шынын айтқан ол ажырасып тынады. Пүсінді іздеп, үйіне барады. Стамбұлдың бұлым-пұшпағынан пəтер жалдайтын Пүсіннің үйі ол мекен-жайдан əлдеқашан көшіп кеткенін Кемал көршілерінен сұрап біледі. Пүсіннің таныстары арқылы жылға жуық уақыт сұрау салып жүріп, олардың Шұқыржұма көшесінен үй сатып алғанын білген Кемал сол күні, сол сағатта сол мекен-жайға жетеді. Негізі ол отбасы мен Кемалдың шаңырағы арасында жамағайындық туыстық қатынас та бар, бұрын аралас-құралас болып, кейін əке-шешелері қатынасын үзген. Есік қағып, Кемалдың келіп тұрғанын көрген қыздың шешесі таңырқап барып, жігітті үйге кіргізеді. «Пүсінді көрген бетте некелесу талабын қоям» деп шешім қабылдап барған Кемалдың алып-ұшқан көңілі мəн-жайға қаныққан кезде су сепкендей басылады. Пүсін басқа жігітке тұрмысқа шығып, «күшік күйеу» өздерімен бірге тұрады екен. Төбесінен жай түскендей күй кешкен Кемал қайтарында Пүсін екеуі алғаш некесіз табысқан, шешесінің қала орталығынан алып қойған бос пəтеріне соғады. Пүсіннің үйінде қол жууға шыққанда айна алдында тұрған қыздың опа-далабын, тіс жуғышын көріп, қалтасына сүңгіте салған болатын. Соны лəззатты күндерін еске түсіретін пəтердің бір бұрышына жайғастырады. Сонымен не керек, Кемал сегіз жыл бойы жұмыстан кейін Пүсіннің үйіне келіп, ел жатқанша сол үйде отырады. Əр барған сайын қыздың бір затын ала кетіп, пəтеріне тізе береді. «Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары аралығында Түркияның кино өнері қай дəрежеде? Қарапайым көрермендер бұл киноларға қалай қарайтын еді?» дегенді жəне кейбір саяси талқылауларды автор осы заттарға байлансты эпизодқа қыстырып, өте шебер суреттейді. «Мерхамет пəтеріндегі Пүсіннің көзіндей көріп жинаған мұрағатымды бір-бірлеп қолға алмай-ақ, көз салсам болғаны онымен бірге өткен, əлдеқашан келмеске кеткен сағым елескүндерім, кештерде ас үстелінде отырған кездеріміз еске оралатын-ды. Фарфордан жасалған кішкентай тұз құтысы, құмыраның аузын ашатын ашқыш, тағы да басқа заттар ұлы уақыттың айшықтауымен ұмытылмас елес болып есте қалған сияқты. Бейне пəтердегі күннен-күнге көбейген, жиналған асылдарыма қараған сайын Пүсіндердің үйіндегі сол ас үстелінде болған істерді, айтылған əңгімелерді есіме алатынмын», – дейді Кемал кейіпкер.
Қош, сонымен сегізінші жылы Пүсін мен күйеуі Феридон ақыры ажырасады. Пүсінге некелесу талабын қойған Кемал неке алдында Еуропаға саяхаттап қайту жоспарын айтады. Кемал мен Пүсін, қыздың шешесі (əкесі ол кезде қайтыс боп кеткен) жəне шопыры төртеуі жолға шығады. Жол бойы бір қонақүйге түседі. Түнімен ұйықтамай, қуаныштарын тойлаған екеуі таңда қонақүй маңында машинамен келе жатып, шырғалаңға ұшырайды. Машина жол бойындағы жуан ағашқа соғылып, қыз тіл тартпай сол жерде аттанып кете барады. Кемал бір-екі ай ауруханаға жатып шығады. Кемал ауруханадан шыққан соң Пүсіннің шешесіне қала орталығынан үй алып беріп, Шұқыржұма көшесіндегі ескі үйлерін өзі сатып алады. Мерхамет пəтеріндегі жинаған дүниелерін тегіс сонда əкеліп, үйді мұражайға айналдырады. Кейіпкер Кемал мұражайға қойылған барлық мұрағаттардың каталогын жасап, бұл мұрағаттарға қатысты əңгімелерді түгел қамтып жазатын жазушы іздейді. «Осы ойдың жетегінде Орхан Памук мырзаны іздеп таптым. Ол тапсырыс бойынша, менің айтқан əңгімем негізінде осы кітапты жазып шықты», – деп романның соңғы жағы аса шебер қиюласады…
Стамбұлдағы мұражай
Осы романды оқып болған соң интернет ақтардым. Қызығы, мұндай мұражай Стамбұлда бар болып шықты. «Дəм тартып, Стамбұлға барып жатсам, осы мұражайға сөзсіз соғам» деген ой санама бірден орнады. Мұқағали ақынның: «Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде, бабаларыңның махаббаттары көмілген», – деген өлең жолдары есіме түсті. Таңсықтың төрінде ата-баба махаббатының ескерткіші болып Қозы Көрпеш – Баян сұлудың күмбезі тұр. Біздің ауылда (Алтайда) үлкен Шіңгілдің Жаятас деп аталатын жайлауында Салиха-Сəмен үңгірі бар. Ол да ұлы дала баласының махаббатының символы. Бұрынғыдан қалған мұндай ескерткіштер бар, таңғалмаймыз. Бірақ мейірім, махаббат деген ұлы нығметтер əлсіреген осынау ғасырда адамның ес-түссіз ғашық болуы жəне сол ұлы сезімге қайнаған қаланың қақ ортасында мұражай ашу деген не деген ғаламат, не деген асыл қасиет!
Шынын айтқанда бұл мұражай мені қатты қызықтырды. Күнде интернет ақтарып, тың мəліметтер іздедім. Ақыры таптым. Орхан Памук туралы түсірілген деректі фильмнің үстінен түстім. Сол фильмнің соңғы жағында осы мұражайға арнаулы тоқталыпты. «Стамбұлдағы осы үйді сатып алып, мұражайға айналдырдым. Үйді өзімнің ойымдағыдай қып безендіріп, мұражайға қоятын экспонаттарды жинауға он екі жыл уақыт жұмсадым. Нобель сыйлығын алдым. Оның қаржысын да түгел осы мұражайға садым.
Стамбұл менің санамда тек бұрынғы бейнесімен көбірек қалды. Ол кезде Стамбұл жұрты дүниені ақ пен қара деп қана қабылдайтын. Басқа түсініктерге, түстерге орын жоқ еді. Сіз ойлаңызшы, жетпісінші, сексенінші жылдардағы тіс тазалағыштың өзі қазіргідей емес қой, оларды да таптым. Өзімде барын жəне көне бұйымдар сататын жердің бəрін шарлап, сол дəуірге тəн экспонаттардың біразын тауып, осы мұражайға қойдым. Мұражай толық біткен соң осы романды жаздым. Мен бала кезімде суретші болуды қатты армандайтынмын. Бірақ ол арманым іске аспады. Менің жазушы болатыныма елді қойып, шешем де сенбейтін…» – дейді жазушы. Міне, ғажап! Оқиғаның шын сыры сонда ашылды. Жазушы жетпісінші, сексенінші жылдардағы Стамбұл қоғамын, адамын қызықты хикаяға сыйдырып, мəңгілік көкірегінде қап қойған туған қаласының ескі бейнесін суретке айналдырыпты. Əлемге мəшһүр жазушының бұл романы қазірдің өзінде көп тілге аударылып, Стамбұлды бетке алып, ғажайып мұражайды тамашалаушылардың саны күннен-күнге көбейген…
Жалғыз Алматы
2001 жылдың шілде айы. Үрімжіден пойызға міндім. Бағыт – Алматы. Купеде екі-ақ адам. Қасымдағы елулерді еңсеріп қалған əйел, ұлты қырғыз. Жөн сұраса келе бір-біріміздің жайымызға қанықтық. Үрімжіден Бішкекке тауар тасиды екен. «Алматыға бірінші рет бара жатырсың ба? О жақта кімің бар?» – деп сұрады апай. «Иə, бірінші рет бара жатырмын. Ешкімім жоқ, жай ауылдас жігіттер бар еді, солар күтіп алады», – дедім. Пойыз бір сөткеден көп жүрді. Алматыға таяған кезде қырғыз апайым: «Сəлден кейін Алматыға жетеміз. Сен қай Алматыдан түсесің?» – деп сұрады. «Қай Алматысы қалай, апай? Мен Алматының өзінен түсем», – дедім дымды да түсінбей. «Неге Алматы екеу? Бұрын қалай естімегем», – деп басым қата бастағанда ол кісі: «Бірінші Алматы, екінші Алматы деген екі теміржол вокзалы бар. Соның қайсысынан түсесің?» – деп түсіндірді. Сонда барып миыма су жүгірді. «Көрем ғой», – дедім басымды сипап. Пойыз вокзалға жеткенде маған анығын түсіндірмеген ауылдас кісім бірінші вокзалдан күтіп алды. Аман-сəлемнен соң: «Ой, саған қайсы Алматыдан түсетініңді ескертпеппін ғой, сосын ұшып осында жеттім», – деді күліп. «Мен үшін Алматы жалғыз», – дейтін болдым кейін осы оқиғаны əңгіме қылғанда.
Барахолкада сауда істейтін ауылдас жігіттің үйіне кеп тұрақтадым. Құжаттарымды тіркеп, ары-бері алып жүрген ауылдасым бір-екі күннен кейін базарға апарып, контейнеріне отырғызып қойды. Базар мен Торайғыров-Саин көшесі қиылысындағы тұрағымызға 549-нөмірлі «Газель» қатынайтын. Таң ата базарға жөңкілген адамдармен таласа-тармаса «Газельге» сығылыса мініп, əйтеуір базарға жетесің. Кешкісін тағы сол «Газельге» жармасып, үйге қайту. Кейде базардан қайтарда «Газельдің» соңғы жағынан орын тиіп, терезеден сыртқа үңіліп, бейтаныс қаланы көкірегіме қотарып алғым келеді. Ол кезде Саин көшесіндегі айналмалы көпірлер жоқ, машина да аз. Райымбек даңғылынан кесіп өте бере көшенің батысындағы қаз-қатар қабат үйлерге көз салам, сонша-лық əсем көрінеді. Жоғары қарай жүйткіген «Газель» Төле би кө-шесінен қиып өте бере қып-қысқа юбка киіп, ұйлығып темекі шеккен қыздар тобы көрінеді. Терезеден аңыра қарап, «не істеп жүрген адамдар екен?» деп таң-тамаша болып отырғанымда «Газель» де ол маңайдан зулап өте шығады. Олардың неге ұйлығып, сол көшенің бойында тұратынын кейін ауылдасым түсіндірді.
Ол кезде Алматының қазіргідей шаң-тозаңы жоқ, ауа тымық, ылғал сезілетін маған. Жаңбыр да жиі əрі ұзақ жауатын сықылды еді. Анда-санда жеңгеміз Əл-Фарабидің басы бар екі жүз теңгені қолыма ұстатып, дүкенге жұмсайды. Сол ақшаның өзіне біраз дүние тиетін… Қайсы тойға барсаң да иықтарын жұлып жеп, шетелдің əніне билейтін біздің халықты өз ырғағына тарта бастаған қазақ эстрадасының түлеуі жəне сол эстрада жұлдыздарының базар маңында сатылатын таспалары; Апталық басылымдарды асыға күтіп, дүңгіршектерден сатып алып жататын адамдар қарасы; «Саяхат» автовокзалы алдындағы биік мұнара басындағы дəу сағат та көңілде сұлбасы қалған көркем сурет… Жылы естеліктерді осылай мамырлатып жазып, əркезгі еске түсіретін экспонаттарды мыңдап жиып, бізге де мұражай ашуға əбден болар еді. Топырағына табаным тигеніне он бес, он алты жыл ғана болса да Алматының көз алдымда тарихқа айналған қаншама дүние бар. «Алматы жүрегімде» деп əндетіп еске алғаннан басқа, қолдан келер қайран не?! Ешкімге керегі жоқ мыңдаған экспонат əр жерде шашылып, ұмыт болатыны қандай өкінішті. Отанды сүю, халыққа қызмет деген нəрселер де осындай ірілі-ұсақты экспонаттардың басын қосып, тарихи тізбектерді бір-біріне жалғау екенін кейде «Кіршіксіз мұражай» секілді шығармалар есіңе салады. Эрвин Штраус деген философ: «Адамзат өмірінің шындығын тарихи тізбектен үзіп алып түсіну мүмкін емес», – дейді екен. Ол ұлы түсінікті Орхан Памук секілді тұлғалардың қалай мағлұм қылғанын білдік. Сіз бен біз ше?..
P.S. Айтпақшы, Стамбұлдың дəмі тартып жатса, мұражайға кіруге билет дайын. Өйткені автор кітапқа мұражайға кіретін билет суретін салдырып, арнаулы мөр басатын орын қалдырыпты.
Ырысбек ДƏБЕЙ
«Ақ желкен» журналы