- Негізгі бет
- Сын
- Өлеңге салған бір...
Өлеңге салған бір өрнек
Тылсым тірліктің туа бітті табиғатын қанына сіңдіріп, ішкі менін құдыреттілікке баулыған жан ғана өз өмір көшін өршілдікпен алға тартпақ керек. Жып-жылы жұмыр жүрегіне не бір үлкен арман ұялатқан, замандастарынан оқ бойы озық тұрған кейінгі бір толқынның талантты өкілі – Жақсылық Қазымұратұлы. Жақсылық поэзиясына үңілер болсақ, әуелі бірден оның «Жыр іздеу» өлеңіндегі:
Асау жырдың ұстасам шалғайынан,
Сұңқар шабыт ұшады алысқа өктем.
Құс жолына өлеңмен жалғайын ән,
Жұлдыз сәуле төгілсін ғарыш көктен…
Міне, тұлпар тұяғы дүмпуіндей алысқа аттандап жетер ақын үні. Терең иірімнен суырылып шыққан жүректі билер сенім үні.
Еріндерге сусын болар кезерген,
Шымыр келер өлеңімнің өрімі.
Менің жырым – дала жыры ежелден,
Менің жырым – жылқы даусы, бөрі үні.
Деп сілтейді. Өлеңге керек мінез де өн бойынан менмұндалап өріледі. Әсіресе, қазақы ұғымда қастерленіп келген қос ұғым - жылқы мен бөріні өз жырының құдіретіне балау – тектілік.
Одан ары:
…Қара жоннан таң атса арайлай тым,
Сағыныш нұр санама таралды айқын.
Қара жолға үздігіп қормалдарым,
Ұлым келіп қалар деп қарайлайтын.
Бұл шумақта жас ақынның отбасына деген сүйіспеншіліктің иіуінен туған сағыныш сарығы сыр болып шертіледі. Асылы, бұл ауылынан қарға адым аттап, ұзай шықпаған әр ұрпақтың қиыр шетте жүріп сағынғанында ыңылдап айтар көкірек сазындай. Тұтас алып қарағанда Жақсылық поэзиясының қуаттылығы да тағдыр таласынан туындаған туған жерге, туған еліне деген сартап сағынышы. Сосын тұма сезім мөлдірлігінен, терең парасат өрісінен табылған махаббат тақырыбындағы компазициялық құрылымы берік, сюжет пен детальға толы балғын өлеңдері.
Тентек жылдың тебінді көр текпегін,
Бара жатыр жүректі өртеп тебін.
Саған алғаш кезімде ынталанған,
Сен он үште, мен онда он төртте едім…
Немесе:
…Балалықтың ұшқанда қолдан бағы,
Сағыныштың кеудемде толғанда әні.
Армансыз ем адасып жүре берсем,
Сені арқалап жол таппай сол маңда әлі…
Періште болып жаралып, пенде ғұмырға аяқ басар алды таза болмыспен ғашықтық отын көк шарпытып барлық адам осылай жырлай алса қандай ғанибет! Демек, бұл ақынның оқырман жүрегінің нәзік қылын дөп баса алуы. Бұл өлеңді толығымен оқып шыққан болсаңыз кеудеңізге бір сұрақ түнейді. «О, құдірет» :
…Тағы өртендім, сезімге жоқ шара шын,
Қайтем енді ілінді оққа басым.
Он төртімде жолығып қалған қызбен,
О, құдірет, сен қалай ұқсағасың…
Деумен қатар:
Махаббатпен қашанда егіз денем,
Тап болды көңілдегі теңізге елең.
Жүрегімді аймала ару-оймен,
Бегзатым ең бес жылдан бері іздеген.
Дей келіп, аса жауапкершілікпен желісін бұзбай, цикльдік дамыту тәсілімен өз махаббатына жауап қатады. Мұны өмір суретін сұлу түйінмен, салтанатты да асқақ сарынмен аяқтау деп айтсақ, қол соға құба-құп.
Енді бірде:
Ғашықтық тоқырамас тұтқалы ән бар,
Ал онсыз ырыс кеміп құт тағандар.
Именсін Абай- Тоғжан рухынан,
Қадірін шын сүюдің ұқпағандар - деп қазіргі жастардың махаббатты қастерлемей, азғындап бара жатқанына налиды әрі оны қадірлеуге шақырады.
Білем ана мен едім бақ арманың,
Құлыныңның күттің бе хабар-халын?!
Сол кешегі домалақ қара ұлыңмын,
Алматыға келсем де ағармадым.
Осы тұсқа келгенде денеңіз шым-шым етіп, уыз сағыныш жаныңызды жүдетеді. Әттең! Қасыңызда болса сол қара ұлдың сағынышына ортақтасып, жанына үңілер едіңіз. Болмаса, сонау бір шалғай орналасқан қараша ауылда жолыңа қарайлап жүрген қарт ананы сағынасың да, аяйсың. Бұл нағыз оқырманның ойлаған жерінен шыққан көркем құндылық. Бұған көз жұма қарау да қиынның-қиыны.
Толқынына тоғытылып тербеліп ақ таң,
Тірлік қабағын ермегі баққан.
Күйік меңдеткен күрсініп жаны,
Сайрамды көрдім шерленіп жатқан
Ақын жоғарыдағы өлеңінде тасқа тұнған тамшыдай тұнық, аты аңызға айналған Сайрам көлінің құрдым күйіне қапалана қарайды. Әрі оның көз-көрді тақсіретін айта келіп былай түйіндейді:
Тәуелді болып табысы «ұлыға»,
Бастады көлдің бағы сырыла.
Шеріңді жырмен айта барайын,
Арал дейтұғын абысыныңа.
Осы шумаққа ішкерлей зер сала кірер болсақ, алып айдаһарға жұтылып бара жатқан жалғыз көл ғана емес, арғы беттегі қара ормандай қазақ жұртының аянышты халы, тартар таухметі әңгіме болады. Ақынның жеткізбек түпкі мақсаты осыған саятындай…міне, бұл ақынның көк тудай жанына жалау еткен азаматтық ұстанымы деуге әбден болады.
Меңдетеді қалада жанды күйік,
Қабағыңа бір қайғы қалды ма ұйып?
Қол ұстасып кетейік тауды аралап,
Қонышымыздан ақ ұлпа қар құйылып.
АЛЛАның нұры төгілген адамзат өмірінің әдемі бір тұсына куә боламыз. Одан ары шымыр ұйқасқа, сазды ырғаққа құрылған өлең жолымен алтыбақан тепкендей тербеліспен тебіреніп отырасыз.
Жастық сезім көрмеген жүйкесі арып,
Махаббаттың тұтанса білтесі анық.
Сосын біздер қалаға қайтпай қойсақ,
Тау басына шыршадан күрке салып.
Бірден мөлдіреген табиғаттың құшағын аңсап, оның осы бір әбес қылығын іштей жақатып, қолдаушы боп та үлгересіз. Қабырғалы ақын Серік Ақсұңқардың «төбемнен жауһар жауып тұр» - деген сәті осындай-ақ болса керек. Өлеңдегі ішкі иірім мен өзара үндестік поэзияның алтын арқауы. Әрине, бұндай тұстарын жыр жинағының өн бойынан жамырата айтуға болады…тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - бұл Жақсылық поэзиясының қаз басып қанат жаюы емес, қайта поэзияның шаңырағын шалқайтпай, уығын қыдыртпай ұстауы. Толағай жырдың қонысын қаздай қондырған, сөз басында сөзге тиек еткендей от шайнап, сезім бүріккен өр мінезді тарпаң поэзияға қашанда құрық түспесін дегім келеді…
Сурет: жеке мұрағаттан
Жолдаған: Қозыбай ҚҰРМАН
Л. Лига