Одақтың ошағына отын керек

1925 жылы «партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» деп аталатын қаулының негізінде құрылған, бүгінде 92 жылдық тарихы бар Қазақстан Жазушылар Одағын білмейтін қазақ қоғамы кемде-кем. Оған басты себеп осы бір ғасыр ішінде мүйізі қарағайдай ақын-жазушылардың одақты басқаруы: 

Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, Дихан Әбілаев, Әбділдә Тәжібаев, Әбдірахим Жаймурзин, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев, Нұрлан Оразалин. 

Жоғарыдағы аты аталған ақын-жазушылар 1925 жылдан бері қарай басқарып келген төрағалар. 1996 жылдан бері Нұрлан Оразалин осы одақтың тізгінін ұстап келеді. 

Алғаш одақ құрылған кезде құрамында он-ақ адам болған болса, қазір 800-900 мүшесі бар. Бәрі ақын, жазушы, қоғам қайраткерлері мен журналистер, филологтар қауымы. 

Тақырыпқа тұздық ретінде ақпарат берілді. Енді ошағындағы оты сөніп бара жатқан одаққа оралайық. Мәдениет пен руханияттың отаны болып отырған Алматы қаласында орналасқан Жазушылар Одағының бас пәтерінде не болып жатыр? Концерт? 70 жылдық? 90 жылдық? Еске алу кеші? Иә, аталған мерекелік шаралардың бәрі болып жатыр. Ол жағынан кенде емеспіз. Себебі қағаз бетінде жүретін есеп-қисап бар. Оған да қол керек, «өтті» деп түрте салатын сызықша керек. Бірақ руханияттың ошағы лаулап жануы керек еді. Халықтың мұңын жоқтауды айтпағанда, халықпен бірге емес қой. Әрбір мүшелік қазір жеке парақшаларында ғана ақын, абыройлы. Неге олардың асқақтап өлең оқығанын Жазушылар Одағынан көре алмаймыз? Таңғалатын түгі жоқ, көлемді бір іс-шара өткізсе де студент-жастарды жинап апарады. Оның ішінде гуманитарлық бағыттағы жоғары оқу орындарына қолқа салынады. Ал одаққа өз өлеңін оқу үшін емес, өз шығармашылығын көрсету үшін емес, айтақпен барған жастан не күтесіз? 

Жазушылар Одағы шығармашылықпен шыңдалып, енді өсіп келе жатқан біраз жас ақындар мен жазушылардың екінші мешіті секілді еді. Себебі өлеңнің киесін түсінетін, руханияттың қазаны сонда қайнап жатыр деп түсінеді. Тегінде ол солай. Бірақ ішіне кіріп көрдіңіз бе?! Тыныштық. Өлі тыныштық. Есіктері жабық кабинеттер мен жаңғырып тұратын зал. Күннен гөрі көлеңкесі көбірек одаққа барудың өзі бір ескіден қалған мұражайға кіргенмен бірдей. 

Ақиқатын айтсақ, сананы тұрмыс билегені анық. Бәрі жеке бастың қамын күйттеп кеткені де анық. Біз ғана емес, мүшелікте отырған алдыңғы буынның өздері де одақты сынап-мінеп мақала жазды, мінбеде сөйледі. «Түркі халықтарына ортақ ақын» атанып кеткен Мұхтар Шахановтың да жан айғайы бар. 

Әрбір іргесі қаланған мекеменің бір күні құлдырап жоқ болып кетуі мүмкін. Яғни кіріс жоқ болған жағдайда. Бірақ руханиятты өледі десе, сенесіз бе?! Руханият өлді деген сөз «компьютербасты жарты адамдардың» өмірге келгені деген сөз. Роботтар алға шықты дегені. Бірақ ол өлген жоқ. Тек шоқ секілді қызара-бөртіп, тұтанып қана тұр. Отын керек. Кәрі ағаш не суланып кеткен жанбайтын жаңқалар емес, буыны жас, өзін ғана өртеп қоймай, айналасын да жандыратын жалын керек. Бірақ олар қайда? Неге Жазушылар Одағына келіп, есік алдында кезекке тұрып, менмін деген ақындардың алдында өлең оқып, жазушылар алдына прозаларын тастамайды? Сұрақ бар, жауап жоқ. 


Тегінде ақын-жазушылар, соның ішінде жастар кітап шығару үшін, не шабыттың шыңына жету үшін Жазушылар Одағынан рұқсат алу керек, арнайы комиссия өлеңдерге назар аударды деп түйді. Іштей білетіндер түйсікке салды. Ал қазір не көп, ақын көп, одан қала берді ақыннан олардың кітабы көп. Жиырма өлең жазып кітап шығарып, даңққа бөленіп жатқандар бар. Бірақ өлеңдерін ешкім жатқа білмейді, оқымайды. Оқылатын тек Мұқағалилар, Мағжандар... Сонда ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің деңгейі түсіп кетті ме? 

Жоқ, мүлде олай емес. Түрлі қарама-қайшы ойлардың арасында қалып қойған жастардың көңілі қалды. Классиканы сүйетіндер мен модернизм арасында, модернизм мен постмодернизм арасындағы рухнани қақтығыстар орын алды. Газет беттерінде сыни мақалалар шықты. Кешегі дәуірдің кеңістігінен шыға алмай жүрген аға буын өкілдері жастардың жаңа ағымдағы ерекше психология пен философияға негізделген шығармалар мен өлеңдерін оқи алмады. Бәлкім ақ қызғаныш әлде шынайы қызғаныш, ара-жігін ажыратып болмайды. 

Сөз – ең улы, ең ұлы жебе. Қадалған жерінен не қан, не намыс тудырады. Халықтың мұңы мен мұқтажын жыр етуі тиіс одақ қазір кімнің сөзін сөйлеп, кімнің сойылын соғып отырғанын бірі біледі, көбі білмейді. Дегенмен кейде «көп білмеген тыныш өмірдің кепілі» деп те айтады. Білінбейтін дүние сол ағысымен ақсын делік, бірақ халықтың руханиятына жұмыс жасап отырған одақтың ошағына су сеуіп жүргендер кім? Әлде біздің руханият, біздің әдеби әлем мемлекеттің көмегіне қарап отыр ма?! Ақынға, жазушыға жазу үшін ақша керек емес. Бірақ қазір керек. Ол дүниеге де тәрбиелеген өздері. Ең дұрысы миллиондап ақша тіккенше, ең жақсы деген ақынның кітабын шығарып, оны ұлықтап, оны қоғамға танытса. Жас ұрпақ оқыса. Әйтпесе ақын да пенде. Қолына миллион ұстатсаңыз ол да үй салады, көлік алады. Ал руханият әңгімесі сол үш сағат сөйлеген бұрышта өліп қалады. 

Жазушылар Одағындағы әрбір мүше жастар үшін тұлға, қоғамның қозғаушы күші. Бұл іштегі ой. Бірақ шындығында олай емес. Себебі сол тұлғалық дүниеге лайық адам жоқтың қасы. Тіпті жастарды тәрбиелемек түгілі, жеке бас абыройынан аса алмай жүрген жайы бар. Аты мен кітабының аты жарқырап сөреде тұрса, плакат пен баннерлерде кеші туралы жазылса дейді. Халық үшін жазған бір өлеңі жоқ, жылаған лирикамен де одаққа мүше болып жатқандар бар. 

Абылайхан көшесімен төмен түсіп келе жатып одаққа көзіңіз түседі. Айналасындағы дүкендерде қараң-құраң адамдар болмаса, одақтың ішіне кіріп-шығып жатқан адамды көрмейсіз. Жастар мүлде жоқ. Жақында ғана Ерлан Жүніспен бір жерде отырып сырласып қалдық. Сонда ақынның айтқаны: «алыстан өлеңдерімді алып, Жазушылар Одағына келдім. Темірхан Медетбек деген ақын ағама өлеңдерімді оқыту үшін» дейді. Қазір сол секілді жастар жоқ емес бар, олардың өлеңін оқитын не тыңдайтын құлақ пен көкірек көзі жоқ. Себебі уақыт тапшы. Тұрмыс тізеден басып тұр. Айналып келіп тағы қажеттілік пен ақшаның тақырыбы. 

Одақ болған соң бір арнаға тоғысып, ақын мен жазушы біткен трайбализмнің сойылын соқпай, жікке бөлініп бөлшектенбей, елдің қамы үшін, келе жатқан жас буынның белін бекемдеу керек. Олардың мақсаты сол. Әйтпесе одақтың керегі не? Бәрі өздері-ақ ақын болып, паң дүниені жалпағынан басып жүрмей ме? Сәкеңдер бас болған одақтың сол тұсында да түрлі көре алмаушылық және аяқтан шалу сынды дүниелер болған. Бірақ олардың бұл әрекеттері азаттық жолындағы қазақ қоғамына әсер еткен жоқ. Себебі мүдде бір болды. Ал шығармашылық жолдағы келеңсіздік сол жолда қалып отырды. Ал қазір жар саламыз, жазамыз. Мақтанамыз, даттаймыз. Көгілдір экран мен әлеуметтік жеілден Жазушылар Одағындағы элитаның сөніп, бөлініп бара жатқанын көресің. Ауызы дуалы деп отырған 800-ден астам шайырлар мен жазушылардың ауызбіршілігі болмаса, кейінгі буыннан қандай ғажайып күтесіз? Ешқандай. 

Бір дүниені айта кету керек, кеше ғана өмірден өткен Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр Құдай болған кез», ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтың «Ақшам хаттары» секілді кітаптар тапшы. Болмаған соң кітапханадан ұрлайсыз, одан қала берді іздейсіз. Дәл осы қатарда оқылатын жазушылар мен ақындар көп. Бірақ кітаптары тапшы. Арзан сөзге құрылған, суреті көп, нобайы бар нормасы жоқ, сырты жылтыр кітаптарға тапсырыс беріп, тұсаукесерін аспандатып жасағанша, оқылатын дүиенің бағасын арттыру әлдеқайда жақсы. Атағы айға барған, мемлекет қайраткері болса да, мың кітабы бар болса да, бір кітабы оқылмайтын ақын-жазушыдан гөрі, бір-ақ кітабы болса да, өліп-талып оқылатын дүниеге көңіл бөлу керек. Қазір қарап отырсаңыз, Жазушылар Одағына мүшелікте айғайлап тұрған өлеңі болмаса да, беделі бар, көкесі бар ақындар мен жазушылар жүр. Одан қала берді айтыскерлер де осында мүшелікте бар. 

Әдебиет пен мәдениет халықтың бір бөлшегі. Оны одан тұрмыс әсер етті екен деп бөліп ала алмайсыз. Себебі жан дүниенің тыныштығы үшін керек. Шаршағанда шығармашылық адамдардың өлеңдерін не шығармасын оқуға бет бұрған оқырманның алдында «шығармашылық шайқас» болып жатқан картина тұрса, не деп ақталасыз? 

Әдебиет – еркін тыныстайтын жер. Ал оның арнайы одағы бар болса, онда ол нағыз бақ болу керек еді. Бақ ішінде құстар сайрау керек, бұлбұлдар ән салу керек, жас балапандар қанаттану керек. Оқырман демалу керек. Ләззат алу керек. Жанамын деп тұрған жас буын от алу керек. Осы жайында жас жазушы, журналист Есболат Айдабосынның мақаласы жарық көрді. 

Жас буынға орын беретін кез келді. Біреуге «істемейсің» деп айта берсеңіз, ол түбі сіздің айтқаныңызбен істемей кетеді. Сол секілді «жастар кітап оқымайды», «жазбайды» деп кері пікір айта бергенше мүмкіндік беру керек. Жас отынның жануына мүмкіндік беріңіздер, тәрбиелеңіздер, Жазушылар Одағының аға буын өкілдері!