"Нықтұрақ" – Еламан Қабділәшімнің тырнақалды поэмасы. Ол осыған дейін "Ұзақ өлең" жазып көрсе де, тұтас туындыға құлаш ұрмаған екен. Бұл – бірінші тәжірибесі. Мұны әсте естен шығармау керек.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ. Нықтұрақ (Поэма)
Әуелі назарымыз поэманың атауына ауады – "Нықтұрақ". Нықтұрақ – Еламанның тілдік қолданысындағы туынды сөз. Оны поэмасының эпиграфы ретінде берілген Т.Айбергеновтің "О, менің мәңгі басар нық тұрағым" тіркесінен түрлендірген көрінеді. Сонымен, нықтұрақ – тұрақты мекен, заңды қоныс, төл төрім, өз жерім, атамекенім деген ұғымдарға саяды. Ақын осы жанрда өз күшін сынап көргісі келгендіктен болар, шығарманың композициялық құрылымына, сюжет шиеленісіне, көркемдігіне қатты көңіл бөлмеген сыңайлы. Шығарманың басым бөлігі баяндаудан, бас кейіпкердің монологтарынан тұрады. Бірақ, бізді қызықтырғаны – туындының идеялық жүгі, айтар ойының тереңдігі.
Поэмада туған жер қадірі, ту ұстар ер қадірі жырланып, атажұртына оралған жас ақынның образы, оның көзқарасы арқылы бүгінгі қазақ қоғамының келбеті суреттеледі. Қазақстандағы қазақ ұлтының басты проблемасының бірі – баспана мәселесі ғой. Жырдың негізгі жетек-тірегі де – осы. "Жетім бұрыш" іздеу – кешегі-бүгінгі қазақ зиялаларының, ақын-жазушыларының ежелгі кіріптарлық күйі.
Елуінші жылдары Алматыдан үй ала алмай қиналған Қасым Аманжолов:
"Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды,
Өлеңнің отын жағып жылытармын,
Өзімді, қатынымды, жас баламды" - деген екен.
Содан бері де көп дүние өзгере қойған жоқ. Жеке отау тіге алмау, біреудің отына телміру – кейінгі ақын-жазушылар да кешкен кеп. Өз мемлекетіңде біреудің есігінде жүріп күнелту – бұл да бодандықтың бір түрі.
Бойдақ кезде топ жігітпен бірігіп пәтер жалдау – сергелдең емес, серілік сезіледі. Оны Еламан поэманың сөз басында былай жырлайды:
"Пәтерлерден пәтер кездік қоныс қып,
Сол бір шақтар – ең аяулы, ең ыстық.
Біздің тағдыр – жолайырық секілді,
Біздің тағдыр – жол үсті".
Алайда бас құраған жас отбасына пәтерші болу – азап. Бұл – өз еркімен еркіндігінің шылбырын біреудің қолына ұстату, өзгенің шартына көну. Дәл осы тұста поэманың бас кейіпкері – аға ақын сөз алып, бастан кешкен хикметін баяндайды.
"Өз елімде күйін кешіп өгейдің,
Өз жерімде кейпіне еніп кедейдің,
Келешекке не айтам бұл бетіммен?
Ұрпағымды қалай баққа бөлеймін?
Тұрып жаттық бай үйінде еппенен,
Солай біраз уақыт азап шекпеп ем.
Түзу кіріп, түзу шығып жатамыз,
Тек тынышпыз.
"Тыныштықты" жек көрем!
Жеңгең-дағы көніп алған осыған,
Үйімізде айтылмайды тосын ән.
Үйге ешкімді шақырмаймыз қонақ қып,
Тек тынышпыз.
"Тыныштықтан" шошынам!"
Үнсіздік үрейі үлкендерді қойып, үйдегі балалардың да санасына сіңіп, сүйегіне біте бастаған. Қазіргі қазақтың бірнеше буыны – тырп еткізбес «тыныштық» құрсауында тәрбиеленген ұрпақ қой, тіпті тамыр соғысына дейін тым әлсіреп кетті емес пе. Бойындағы қан – баба қаны болса да бас көтере алмайтыны сондықтан: рухы жанышталып қалған. Бас кейіпкер өсіп қалған қос құлынын жалдамалы үйінің ауласында окоп қазып ойнатамын деп опық жейді. Алақандай жердің ашулы «иесі» тепсініп, ауласын "бүлдіргені" үшін үйінен қумақ болады. Алайда бейбақ ақын зорға дегенде кешірімін алады. Десе де қожайын үйірген "үрей қамшысы" қос баланың санасына таңба соғып үлгереді.
"Қос пақырда мың ой артық, бір ой кем,
Қос батыр да қорқады сол дүлейден.
Қызығынан бір отбасы тиылды,
Үйден қуып шығар деген үреймен".
Алғашында жырдағы окоп қазып ойнау деталі мені аса сендірмеді. «Жер қазып ойнама» дейтін тиым бар емес пе. Бірақ, автор мұнда қазақтың қазаққа өз қолымен ор қазып ойнайтынын астарласа керек. Оқырман поэманың келесі бөлімінде үйсіз болу қорқынышты емес, үрейге бой алдыру, келешектен үміт үзу – қауіптірек екенін бағамдайды. Ақынның қорқынышы өлең монолог болып өріледі:
"Өмір, саған
(Бұл шын ойым),
Танытпап ем құлықсыздық.
Неге ұшады мұнша үрейім,
Үрей деген – үмітсіздік.
Дегбірсіздік дертім үстем,
Маңайымның қалпы – сұсты.
Тұрады өмір қорқыныш пен
дәрмені жоқ талпыныстан".
Жалпы шығармада мұндай жеке өлең-монолог бірнешеу, солардың ішінде жырдың желісіне қабыспай, шошайып тұрғаны – 5-ші "Жер-ана" бөлімі дер едім.
Сюжетке оралайық. Тұрмыстың таршылығынан, тағдырдың қаталдығынан торыққан ақын көлеңкесінен қорқатын күйге түсіп, сенімі қалтырайды. "Мәңгілік пәтерші" болу пайымымен пәтуаласып алған ақын санасы азаткер ойларды матап, ми-түрмесіне мықтап қамай бастайды. "Далада қалғанша, қарау болса да қожайынның қарамағы жақсы" деп сендіреді құлдық сана. Қожайынның көңілінен шықпасақ күніміз қараң дегенді қос бала да ұғып өседі. Алайда... Баласын бұл бейдауа "бодандықтан", пәтерші-итаршылықтан алыстан келген әкесі, кешегі көшпендінің өзі, атқа мінген аруақты аталардың көзін көрген, ешкімге көкірегін бастырмаған көкесі құтқарады.
"Қожайынға қараған күн құрысын!
Шық бұл үйден! Жеке үй ал, дұрысы!
Ауылдағы малды жидық кім үшін!?"
Қаладан жеке меншік жер алып, үй салып алған ақын мойнындағы қамыттан құтылады, бірақ, қойнындағы бала-шағасы үйрейден құтылмап еді. Суық үрей қанына сіңген ұлдарының сүйегі жасып бара жатыр екен.
"Күткен ісі болғаннан соң сарыла,
Ертіп алып қос батырын жанына,
Қолына алды ол кетпен мен күрегін,
"Айналдырам осы жерді өз бағыма!"
Қаза бастап еді жерді әкесі,
Кенже ұлы кеп түзеткендей қате ісін:
"Әке, қазір қожайын кеп ұрсады,
Қазба жерді..."
Ғұмыр құны – сәт осы...
Жанардан жас парлап ақты еріксіз,
Жанардан жас парлап ақты желіксіз.
(Ұлын құшып еңіреген әкені,
Шыдай алар ма едіңіз, ал, көріп сіз?!)
"Балам, бұл жер сенің жерің, меншігің,
Қадай алмас бұған батып ел сұғын.
Ойна, ауна, ән сал, лаула – өз еркің,
Сол ісіңді көреді, ұлым, ерсі кім?!
Өз жерінде өз еркіңде не істесең,
Өз жеріңде кете қоймас босқа есең!
Тек қана, енді, елде жатқан сарылып,
Осы жерге шөгере алсам көшті есен!"
Осыдан кейін еркіндікке қолы жеткен ақынның да санасы азаттық алған еді. Оның есіне өзі туып өскен шетел оралып, ондағы өзге ұлт мектебінде оқыған кезі жадында жаңғырды. Ол оқушы шағында "Ал оқудан оралғанда отауға, / Оралғандай күй кешетін Отанға".
"Сыртта мейлі кисін өзге ұлт киімін,
Тарқатса да өзге тілде түйінін.
Қазақстан басталатын ол үшін
Босағасын аттағанда үйінің".
Автор меңзегендей қазіргі қазақ үшін Қазақстан қай жерден басталады? Босағаның арғы жағы мен бергі жағын тұтастыратын күн қашан? Ана тіліміз мектептің босағасынан бері аттай алмай, үйіміздің табалдырығынан ары аттай алмай әрі-сәрі күй кешудеміз.
Бірақ үміт бар екен. Үміт ақынның екі ұлында. Олар поэманың шешуші бөлімінде үрейін жеңіп, өз ауласында еркін ойнап, өздерін өз жерінің, өз төрінің қожайыны, қорғаны сезіне бастайды.
"Солай ойнап жүрген кезі бүгін де,
Құмығу жоқ қос баланың үнінде.
Қарайғанға қарап еді екеуі,
Бөтен біреу отыр қоршау түбінде.
"Басқыншыны" көрсе, қалай шыдар ер,
Жетіп барды екі батыр – мұрагер.
«Неге отырсың! Бар! Жолама бұл жерге,
Әкем айтты: менің жерім – мына жер!"
Мына елдің, мына жердің иесі бар – ол қазақ, ел ертеңі – бізге аманат дейтін жас буын өсіп келеді. Сөз соңында автордың негізгі идеясы ашылып, ой тұжырымы нықталады. Қорытындылап айтқанда: нықтұрақ – рухани құлдық пен саяси сұмдық ада болатын байсын мекен.
"Азат күнен әрбір қазақ күтті бақ,
Сонысымен өзгелерден мықтырақ...
Өз жерімде ұлтан болсам деп едім,
Сұлтан қылды – табан тірер нықтұрақ.
Жанарындай сақтау керек құтты осы,
Ақиқат бұл – бүкпесіз...
Нықтұрағым – құлдық пенен сұмдықтың
бітер жері һәм ең соңғы нүктесі".
Айбек ОРАЛХАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі