«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, шығармашыл жастардың Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дүбірі таяған сайын, аламаннан дәмелі көкөрім ақындар ғана емес, былайғы жырсүйер қауым да елеңдегені рас. Себебі, биылғы «Шабыттың» «Әдебиет» аталымы тек поэзияға арналған еді. Түрлі ақпарат көздерінен жас ақындардың шығармашылығынан хабардар оқырмандардың бірі: «Осы жолғы «Шабытты» анау ақын алмаса, маған кел, аяқ алысы мықты!», - десе, келесі бірі: «Мына бір жас ақынның да өлеңдері шып-шымыр. Көресің, бас бәйге осыныкі!» деген сияқты күреңбайсыншылар да өзара жүзбе-жүз, әлеуметтік желі беттерінде тап бір бокс немесе аяқдоп бәсекесіндей бәстесіп жатқандығының өзі Ұлы поэзияның қуаты мен оның өміршеңдігінің айқын дәлелі емес пе?!
2014 жылы өткен «Шабыт» фестиваліне 150-дей жас талант қатысса, осы жолы 50-ге жуық ақын ақтық сайыста бақ сынау бақытына ие болған екен. Байқау қарсаңында «Әдебиет порталы» ұйымдастырған дөңгелек үстелге шақырылған жиырмаға жуық жас ақындармен бүгінгі поэзия әлемі, жастар поэзиясы т.б. тақырыптарда пікір алмасу жүргізілген еді. Осы жиынның ауанынан аңғарғанымыз – жастардың поэзияға деген ықыласы ерекше, еліктеу де, ізденіс те бар екен. Тек қана «қазақ әдебиетінің сонау бағзы кезеңінен кешегіге дейінгі қатпар-қатпар қатталаған қазынасын қопара кеулеп, шөл баса сіміру, тамырға шымырлата сіңіру, содан соң оны әлемдік үрдіспен ұштастыруда кейде кемшін тұстар бар-ау, көп жастарда» деген ойдың да қылаң бергенін несін жасырамыз.
Хош, сонымен, «Шабыт» фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша жеңімпаз ақындар анықталды. Әділқазылар алқасы Гран-Приге жас ақын Ербол Алшынбай лайықты деп тапқан екен. Жас ақынның аяқ алысын бірер жыл бұрын жарық көрген «Құлан ауған» кітабында жинақталған өлеңдерінен анық байқаған едік. «Ұры күн» атты өлеңінде ақын былай деп толғанады:
...Ұрлап жатыр түндерімді бір-бірлеп,
Жанталасам жандырам деп жырды үрлеп.
Ертегі боп қалатұғын ертеңге,
Бүршік мұңым тілімде өніп тұр бүрлеп.
...Бұлт ұрлайды күннің шашқан шашуын,
Ай жылайды бетін басып жасырын.
Аласұрам ұрлап кетті кім? Қашан?
Айға шапқан арыстанның ашуын.
Мұнарлы аспан, көкірегімде мың қабір,
Мың қабірден шыққан үнді тыңда бір.
Сүйегіме ойып кеткен ер бабам,
Тек аятты ұрлай алмай жүр қазір.
Айтар ойы, кесек ақын ба, кесек ақын. Жалпы, қасаң қағида, жалаң дидактика, жалпылама сарын – әдебиет әлемінде әркез болып келді, бола да береді. Бірақ солардың арасынан «сөз жақсысын» тауып жазу, талғап оқу – қиынның қиыны болып тұрған заман ғой бұл. Осы орайда айта кетерлігі, сөз жақсысы – өлең өрімінің ширақ болуы үшін оны ширататын – сын дейтін құралдың да арқауы босап кеткен тұс осы десек болар.
Бұл пікіріміз 1-орынға ие болған жас ақын Асылбек Жаңбырбайдың шығармашылығына онша-мұнша қатысы жоқ деп ойлаймыз.
Өмір дегенім – күтпеген ойын,
Өлең дегенім – бітпеген тойым!
Фəниім жатыр нүктеге дейін,
Бақиым жатыр нүктеден кейін! -
деп мынау қамшының сабындай бес күндік жалған туралы өзінің таным-түсінігін, ақындық мұратын бір шумақ өлеңге сыйғыза алған Асылбек ақынның жырларынан үлкен тағантасты (фундаментальды) білім аңғарылады. Бұл – болашағынан үміт күттіретін ақын үшін үлкен олжа. Кезінде сөз зергері Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің қаламдас інісі Оралхан Бөкейге айтқан бір ескертпесі – диалект сөздерді орынды-орынсыз көп қолдану екен. Асылбек ақынның өлеңдеріндегі «деңгел», «қалынған», «озал» т.б. сөздерді де осыған саюға болатын сияқты. Диалект – кез келген тілдің қосымша мүмкіндігі, баға жетпес байлығы десек те, ақынның талғап қолданғаны жөн болар деп ойлаймыз.
Екінші орынға ақын қыз Айдана Сегізбаева ие болған екен. «Поэзия әлеміндегі әйелдердің орны қандай?» дегенге көне грек ғұламалары бас қатырыпты. Кешегі өткен арда ақын Фариза Оңғарсынова, қазіргі классигіміз Есенғали Раушандар кесімді байлам, түйінді пікір айтқан еді. «Əйелдер ешқашан ақын болмайды! Өлең оқымасын!» деген ініме» атты өлеңі арқылы Айдана ақын бағзыдан келе жатқан осы сұраққа жауап беруге талпынған екен:
Мен қызбын! Əйел! Анамын
Махаббат – менің ғаламым!
Ерлермен қайтем санасып
Өлеңнің өзі ғанамын!!! -
Дегенмен, шындығын айту керек, Айдана ақынның дәл осы өлеңін «Шабыттың» екінші дәрежелі өлеңі ретінде қабылдай алмадық. Өзге жалынды, жақсы жырлары қолымызға түспеген болар, бәлкім.
Әлди де əлди, əлди жыр,
Əлдиден аспас əн кейбір.
немесе:
Жасанды жырды жазбайтын
Ең мықты ақын қыз деген -
Жалаң пафос, құрғақ дидактика, жеңіл ұйқасқа құрылған мұндай өлең екі жылда бір рет өтіп отырған «жас ақындар олимпиадасының» мәресі түгіл, сөресінде бой көрсетпеуі тиіс деп білеміз.
Үшінші орынды жас ақын Медет Божан иеленген екен. Қолымызға тиген өлеңдерімен танысу арқылы біз Медеттің әлі де толысу, іздену үстіндегі жас ақын екенін байқағандай болдық.
Тоз-тоз болған тағдырға таланды күн,
Бақыт қайтем – танытад сараңдығын.
Жалғыздығымды жасырды мұңмен бірге,
Қарашығына сыйғызып қараңғы түн.
Ақынның қалыптасуы – әрине алдыңғы буынға, тұлғалы ақынға еліктеуден, еліктей жүріп өзіндік бағытты, өз қолтаңбасын табу екендігі анық. Осы жолда Медет ақынға сәттілік тілейміз. Дегенмен, Медет ақын өлеңдерінде оқырман ұғымына күмәнді немесе ұйқас үшін ғана алына салған тармақтар мен мағыналық қайшылықты қолданыстар да әредік қылаң беріп қалатындығын да атап өткенді жөн көрдік. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалдар келтірелік:
Селт ете қалып сап көңіл,
Тұра ма бір сәт суынбай.
Жанымыздан артық тәтті өмір,
Тіліндегі аттың қылындай.
Жап-жақсы басталған алдыңғы екі тармақтан соң, соңғы тармақты түсіне алмадық. Сол сияқты:
Жаңғырып шықса қасқыр үн,
Арманым қайта ұғындыр.
Тазы боп қуса жастығым,
Жеткізбес түлкі ғұмыр бір.
Жалпы өлең дегеннің өзі еркін ойлау, сөздің еркін қолданысы дегенімізбен, өлеңді оқығанда ондағы бейнелеу мен суреттеуден соң оқырманның өмірлік танымы арқылы туындайтын шынайы ассосиациясын керек қой. Осы тұрғыдан алғанда «қасқырдың үні жаңғыру» – қонымсыздау сияқты. Ендеше, қасқырдың үні жаңғырса, арманы нені қайта ұғындыруы керек? Соңғы тармақтағы «ғұмыр» сөзі де, біздіңше ұйқас ретінде алынған. Себебі, жастық тазы болып қуса, түлкі ғұмырға жетеді. Бұл – аксиома. Неге десеңіз, ғұмыр бір күні әйтеуір – аяқталады. Ал жеткізбейтіні ғұмыр емес – заман ағымы. «Жеткізбес түлкі – заман бір».
Олимпиаданың жүлдегерлері атанған спортшыларда бар назар болатыны сияқты, біз бәйгеде топ басынан көрініп, шылбыр ұстатқан ақындардың шығармашылығына оқырмандық пікірімізді білдірдік. Бұл арада әлдекімді асыра мақтау немесе әлдекімді тұқырту мақсатын көздемегенімізді айта кетпекпіз. Себебі, аталған ақындардың өлеңін оқығанымыз болмаса, ешқайсысын танымаймыз да. Байқауға келген, қатысқан өздері, сыналтқан танымал төрешілер, оқып пікір жазып отырған біздер дегендей.
Жалпы, «өлең деген күмәнді, бұлыңғыр мазмұн мен бұралаң формалардан құралса өтімді, ақынның биік деңгейін танытады» деген түсініктен көпеген жастарымыз аулақ жүрсе екен деген оқырмандық ойымызды білдіргіміз келеді. Әрине, кез келген өлең кез келген адамға түсінікті немесе жұмбақ бола бермеуі де мүмкін. Өйткені, бұл дайын формуласы жоқ, ПОЭЗИЯ!
Сөз соңында айтарымыз, қазақ поэзиясының биігінде жаңа жұлдыздар жарқырай бесін! Биікке жұлдыз көптік еткен бе!
Асылбек Байтанұлы