«Жармақ» романы 2007 жылы Прага қаласында алғаш жарық көрген. Шығарма қазақ әдебиетінің есігін жаңалық ретінде айқара ашып кірді. Себебі, соны үлгіде әлі де болса қайталана қоймаған фантастикалық жанрда жазылып, қалың оқырманға жол тартқан. Шығарма 200 бетке таяу көлемде жазылған. Ұзын саны 65 тараудан тұрады. Әр тарау өз кезегінде кейіпкердің ойы арқылы екшеленіп, жалпы шығармаға қатысты идеяның бөлшектерін арқалайды.
Романның басты кейіпкері – Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков және оның жармағы Марат Бейсенұлы Қазыбековтер. Романның өн бойы тола қиял мен мистика болғанымен, негізі шынайы өмірден алынған. Адамдар қақ жарылып, бүтіннің бөлшегіне айналып жатпаса да, әр адам өз ішінде ұдайы екі ойдың жетегінде жүретіні, әр кезде екі жолдың жолайрығында тұратыны айтпаса да ақиқат. Әдетте, түрлі фантастикалық фильмнен көріп жүрген бұл «транс» жүйесінің қазақ әдебиетіне енгені бір өзгешелік болып отыр.
Шығарма арқалаған тағы бір мұрат - көркем тарихилық пен қоғамдық ахуал. Әдеби шығармада ескі қоғам мен жаңа қоғамның тай-таласы, ақша мен дүние-мүліктің құлына айналған және ілім, ғылымның соңына түскен жанның қос тағдыры бір-бірімен жарыса суреттелген. Шығармада елдің өткені мен бүгінгісіне қатысты түрлі тарихи кезең, оқиғалар детальды түрде баяндалады. Жалпы, Мұхтар Мағауиннің жазушылдығынан тарихшылдығы басым. Осыған орай шығармада тарихтың ізі жатуы да орынды. Роман өз кезегінде жаңалығымен де, жаңылысымен де оқырман қауымға таныс болып үлгерді.
Сурет: mcswhispers.files.wordpress.com