- Негізгі бет
- Сын
- М.Әуезовтің "Абай жолы"...
М.Әуезовтің "Абай жолы" қазақ даласын әлемге танытты
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы жазушының ең көлемді әрі аса күрделі шығармасы. Шығармасында жазушы бір ғана Абай образы арқылы ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының өмірін жан-жақты, эпикалық планда һәм реалистік тұрғыда суреттейді.
Бұл шығармаға қарап біз Абай өмір сүрген дәуірдегі қазақ халқының тұрмысынан, өмірінен, тіршілігінен, көзқарасынан жан-жақты құнды мағұлматтар ала алмыз. Сондықтан да қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі бұл кітапты айналып өте алмайды: филолог қазақ әдеби тілі мен сөздерін зерттесе, этнограф көнерген небір тұрмыстық белгілер мен құбылыстарды қарастырады. Романда халықтың салт-дәстүрі мен тұрмысы бейнеленетін тараулар бір-бір этнографиялық ғылыми еңбекке татиды. Олардың әрбірі жеке зерттеуді қажет етеді. Экономистер Қазақстанның ХІХ ғасырдағы халық шаруашылығының бақташылық құрылысынан дәлме-дәл нақты мағлұмат алады, ондағы тап қайшылығының, яғни бай мен кедей арасындағы қайшылықтардың өзіндік ерекшелігімен танысады. Заңгер шариғаттан бастап, билер кесіміне дейінгі даланың жазылмаған заң жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды.
Романның идеялық-көркемдік биік жетістігін жер жүзінің прогресшіл әдебиет, өнер қайраткерлері жоғары бағалады. Оған дәлел орыс совет жазушысы К.Федин: «Ұлт туралы толық та, тұтас түсінікті бізге жазушының өнері береді... Мұхтар Әуезов өзінің «Абайымен» менің қазақ халқы туралы түсінігімді толықтырды, мен енді ғана хош иісті самал ескен даланың жұпар ауасын жұтып, қазақ болып кеткен тәріздімін...» - деп жазды. Шынында да бізге ұлт туралы толық мәліметті жазушының өнері береді. М.Әуезов өзінің жазушылық қабілеті арқылы, осы «Абай жолы» роман-эпопеясында біздің ұлтымыз, яғни қазақ халқы жайлы толық мағлұмат берді. Ол көптеген халықтардың, жазушылардың мәдениеті бай қазақ халқы жайлы түсінігін толықтыра түскеніне ешкімнің де таласы жоқ. Тағы да бұл сөзімізге дәлел ретінде француз ғалымы Л.Арагонның: «Эпикалық «Абай» романы XX ғасырдағы ең мәнді романдардың бірі» - деген пікірін алсақ болады. Бұл пікірлер «Абай жолы» роман-эпопеясының қазақ әдебиетінің зор жетістігі екенін дәлелдейтіндей.
Ал, қазақ халқының бір туар ұлы перзенті Қаныш Сәтпаев «Абай жолы» романын энциклопедиялық шығарма деп бағалаған. Шын мәнінде де солай. «Абай жолы» кітабына біз тек роман-эпопея деп қарамай, оны ХІХ ғасырдың екінші жартысының энциклопедиясы деп қарауымыз керек.
Сурет: zhasorken.kz
Оқи отырыңыз:
Бауыржан Момышұлы. Сәбең жарықтық...(әңгіме)
Миллионерлер қандай кітап оқиды?
Massaget.kz ұсынады. Жігіттерге арналған бес роман
«Абай жолы» роман-эпопеясы: Тарауларға талдау
«Абай жолы» роман-эпопеясы: Кейіпкерлерге сипаттама
Ж. Өрісбай