Көк Тәңіріне табынған Көк бөрі ақын Ербол Бейілхан шығармашылығы туралы бір үзік сыр.
Көк Тәңір-ау, көңіліме күй қондыр,
Көкжиектей кеңдік іздер «ми болғыр».
Кең даланың кербұғысы болсамшы,
Күз айында күркірейтін күндей бір, – деп ағынан жарыла жырлаған Ербол ақын кім? Оның болмысы мен бітімі қандай?
Ербол Бейілхан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін, сондай-ақ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті саласы бойынша магистрлік академиялық дәрежесі оқуын бітірген. Қазіргі таңда Астана қаласы Қаржы академиясында оқытушы болып қызмет етеді. Бүгінде қырықтың қырқасынан шығып отырған Ербол ақынның поэзия әлеміне қосқан үлесі туралы өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім.
Менің қолыма Ербол Бейілханның өлеңдері 2012 жылы түсті. Қазақ тілі мен әдебиетінен беретін ұстазым Хабира Берікболқызы бір күні маған: «Жанар, Ербол Бейілхан деген тамаша ақын бар екен, өлеңдерін оқып көрші...», - деді.
Оқыдым... Кең арналы дарияға сүңгіп шыққандай, керемет бір ғажайып күй кештім... Неге дейсіз ғой? Ақын өлеңдеріндегі өзгеше леп ішкі болмысыңды сиқырлы сазға бөлеп, қайта-қайта ынтықтыра түседі.
Осылайша, ақынның бүкіл шығармашылық ғұмырымен, тіпті интернет желісі арқылы ақынның өзімен де танысып үлгердім. Дәл осылай ақын өлеңдерін алғаш зерттеушілердің бірі болып қадамымды бастадым.
Кімсің осы – жұмбақ әлем білмеймін,
Көнелікке түсінбесең күл мейлің.
Көктей бере қоралы отар жеп тынар,
Көктемдегі кінәсіз ақ гүлдеймін.
Керемет сурет. Енді-енді бас көтере бастаған әппақ гүлді өз жанына теңеп, "қоралы қойдың" азығана айналып кете барғанын әсерлі бейнелейді. Мен оқыған ақындардан ерекшелігі қайнаған қазақи өмірді көз алдыңызға әкеле салады. Қоғам мінезі мен адам мінезін астастыра алып суреттеп, арғы тегінің тектілігін де көрсете салады. Заман мен адам пиғылындағы кейбір олқылықтарды
Көк бөрінің даусы шықпай тұншықты,
Көк түтіннің аузымдағы иісінен, – деп бір сілкіп алады.
Ербол Бейілханның лирикасын бірнеше топтарға бөлуге болады. Олар: табиғат лирикасы, азаматтық лирика, көңіл-күй лирикасы, сағыныш лирикасы, саяси лирика.
Ақын өлеңдеріндегі қолданылған көркемдік құралдар: эпитет, теңеу, метафора, кейіптеу, аллитерация, ассонанс, қайталаулар. Кешегі Абай ақын өз өлеңдерінде тамаша қолданған көркемдік тәсіл кейіптеуді шебер қолданған.
Қаз қанатында ұшып барады жүрегiм!
Көктем де өттi, тынысы тылсым қыз демдi,
Жiбек-жаз жылап, көркiнен күдер үзген-дi.
Көк теңбiл аспан қабағын түйiп сұрланып,
Күрең тай мiнiп, күрең шапанды Күз келдi...
«Күрең тай мініп, күрең шапанды Күз» кейіптеу тәсілінің ең биік шыңы, Абайдың «Ақ киімді, ақсақал шалын» еске салады.
Тарихым–ай, тас жазудай бейнелі,
Біздің өлең – тоғыз таспа Өрмелі.
Арқанменен аю матап ойнаған,
Бабаларым, шетінен дүр Кеуделі! - деген өлең жолдарында «Арқанменен аю матап ойнаған» осы уақытқа дейін бірде-бір ақында кездеспеген тың суреттеме. Қазағының батырлығын, білегі мен жүрегінің күшін осы жолдарға сыйдыра салған.
Ақын өлеңдерінде мынадай ерекше сипаттағы эпитеттер кездеседі:
«Торқа тон, қозы мұң, мұзбалақ жыр, қазбауыр сағыныш, күлше күн».
Қозы –мұңым маңыраса елді аңсап,
Жүрек керек, елжірейтін сүйсіне... – дейді.
Туған жерге деген махаббатын осылайша өреді. Өрісін аңсап маңыраған марқаның тірлігімен тең жүрген алыстағы барша ағайынның арманындай...
Мұзбалақ – жыр, мығым отыр Тұғырда,
Елеңдемес, есі шықпас шуылға!
Қансонарда қасқыр ғана алады,
Түсе алмайды: түлкі, қоян, суырға!.. – деген өлең жолдарында жырдың, сөздің құдіреттілігін, киелілігін суреттейді.
Мұнар-мұнар, бұлдыр -бұлдыр осы күн,
Мен қазбауыр сағыныштың досымын.
Жүрегімнің көгершінін үркіткен
Аққу құстың сұңқылынан шошыдым, – деген жолдарда кешегі Махамбеттердің де сарыны естілгендей болады.
«Қазбауыр сағыныш» тіркесі өлеңге тың екпін беріп тұр, осы уақытқа дейін, «қазбауыр бұлттар» деген тіркесті естісек, Ербол ақын қазбауыр сағыныш тіркесін енгізіп отыр.
Күн-сәуірік, айғыр-Айға таланған,
Жылқышымыз қуалаған құрық ап...
Кербестідей құйрық-жалы таралған,
Ит өмірдің сырт бейнесі сұлу-ақ! – дейді «Ит өмірдің сырт бейнесі сұлу-ақ» деген өлеңінде.
Өмірдің ағы мен қарасын осылай береді. Өмір сүруге құштар адамзат келбетін ақын айтқан «кербестідей құйрық-жалы таралған» өмірді құрықтап қуалаған жылқышы бейнесінде береді. Тамаша, сурет!
Ақынның өлеңдерін оқи отырып, қаламының өзгеше қарымына, тілдік құралдарының жаңа сипатына таң қаласыз. Әлі зерттелмеген, оқырманына танылмаған ақындар қаншама? Болашақта Ербол ақынның шығармашылығын терең зерттей келе, қазақ поэзиясындағы жаңаша көркем дәстүр мен тәсілді көрсете отырып, поэзияға қосқан үлесін салмақтаймыз деген ойдамыз.
Жақсылықова Жанар Дарханқызы
Өскемен қаласы, 11 сынып оқушысы
Төменде ақын Ербол Бейілханның бір топ лирикасын ұсынамыз:
Мен сыйлаған, Күз
Мен саған сыйға тартқан, Күз еді бұл,
Қарасудың бетінде жүзеді жыл.
Ұшырып қоңыр үнді қоңыр қазын,
Біз барған қызғалдақты жүдеді қыр.
Көктем жүр, сен сыйлаған жүрегімде,
Өлеңім қара тасқа қына егуде.
Көк көйлек көктеміңді маған қиып,
Сен қалай жүрсің қалқам, мұң елінде?..
Жабырқап жүрсің білем, тырна қайтып,
Сырыңды жапыраққа ұрлана айтып.
Қаздардың қаңқылына ән қосамын,
Жүректегі атыңды ырғала айтып.
Ол Көктем, сен(і)мен бірге тырна келген,
Дариға-ай, дәурен еді сырға ерген.
Кешір сен, Көктем емес, Күз сыйладым,
Тәп-тәтті, қоңыр ойлы мұңға көмген...
Біздің жақта бұлт ауыр...
Біздің жақта бұлт ауыр,
Өркеш-өркеш шөгеді.
Ойлы жанға күлкі ауыр,
Шын күледі, себебі?!..
Өркеш-өркеш атан бұлт,
Сейілер ме, жел қуса?
Құт болар ма, қасаң жұрт,
Қайта оралып ел қонса?..
Бура-бура бұлт көшіп,
Бұйығады тауларым.
Елден-Елге жұрт көшіп,
Құлазиды бауларым...
Ей, қара бұлт жауа кет,
Жыла, бұлтты тағдырым!
Жүрегімде жара көп,
...Көкіректе жаңбырым...
Түбіт – бұлт ой, тұнғиық,
Түн баласы – ұйқы ауыр!..
Тау тағдырым тым биік,
Біздің жақта бұлт ауыр...
Бақыттың Гүлі
Сәукелі-сәуірім! Тобылғы торы мұң сыйлаған,
Торғындай сусыған, тоқылдақ-уақыт мазасыз.
Сарғалдақ сағыныш... қызғалдақ ғұмырым қимаған,
Желбегей шапандай жел қуған күндерім бағасыз.
Өлеңді жағалау, жусаны бүрлеген күнгейім,
Сары сірік теріскей, сағым бел кілкіген жоталар.
Ардағым!.. Өлшеусіз сезімді ақылмен күрмеймін,
Сыртым дүр сыр бермес, ішімде боздайды боталар.
Аршаның түсіндей жап-жасыл-Бақыттың Гүлісің,
Жауқазын сезіммен бәйшешек гүлдеді қырдағы...
Ақшулан бұлттар да төгіліліп ән салды күміс үн,
Жүректің емі өзің, «Долана» қол жетпес шыңдағы.
Жүрегің кіршіксіз, мөп-мөлдір қайынның сүтіндей,
Сағындым!.. төзімім қайыспас қарағай қапталы.
Көңіл бұл Жайықтай толқиды, қаламын түсінбей,
Биыл тым әдемі, Сәукелі-сәуірдің ақ таңы!..
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: жеке мұрағат