- Негізгі бет
- Сын
- Қоғамдық форманың өзгерісі...
Қоғамдық форманың өзгерісі
Салтанат Мінәйханның әңгімелеріне рецензия
Салтанат әңгімелері ескі қоғам мен қазіргі жаңа қоғам арасындағы өте нәзік тақырыптарды қозғаған. Әңгімелерінде ескі адам образы «Соғым сою», «200 теңге» және жаңа қоғам типтері «Кәйфхана», «Гүлжан» тәрізді әңгімелерінде жасалына білген. Әңгімелерінің көбісі, әсіресе, ауыл тұрмысынан бастау алған, көне қазақылық мотивті көрсету сарыны да әңгімелерінің әрі идеялық өзегі әрі мазмұндық байлығы болып отыр. Әсіресе, «Соғым сою» әңгімесіндегі Баймұрат шалдың типі нағыз ескі қазақ танымының «ортан жілігі». Бұл әңгімесінен қазақтың қалай құндылықтарынан айрылып бара жатқандығын айнымай тануға болады. Ал «Шын ертегі» әңгімесінде қазақы таным-дәстүрді көрсетуді өте ұтымды қолдана білген: аяғы ауыр әйелдің керегеге сүйеніп толғатуы, асық иіруі және тонмен туылған бала (бұл ескі қоғам!). Өте тамаша детальдар. Идеялық жүгі ауыр әңгімелер «Ортаңғы әлем», «Кәйфхана», «Мен емес» (новелла), нағыз азған қоғамды көрсеткен әңгімелер (бұл бүгінгі қоғам!). Әсіресе, «Ортаңғы әлем» әңгімесінде Алатауды жанартауға теңеп, одан аққан аласапыранның Алматыны жайлаған ұлтсыздықты, имансыздықты жоюға бағытталуының өзі – көркемдік шешім. Ауыл тұрмысына жазылған «Айғай» әңгімесі де өте шұғыл шешіммен аяқталған, күтпеген «шымылдықжамылыс» әртүрлі ойға әкеліп соқтырады, өзінше ой түю мен ой салуға әкеледі. Бұл да әңгіме ерекшеліктерінің бірі. Қазіргі заманға лайықталған «Гүлжан» әңгімесі Салтанаттың шығармадағы прототипін жасап тұрғандай. Әңгімелерінде прототип-детальдар да жақсы қолданыла білген: тонмен туылған бала – өзі, Алаш пен Ислам – ақынжанды достары.
Сын-сатираның да орны ерекше. Қазіргі заманның өте нәзік мәселесі «кітаптану» құбылысын өзінше субъективті түсіндіріп, әжуалай түседі: «Кітаптары көп, өте көп. Сол үшін таралымын азайтып өзімізді құтқарып қалдық қой. Оқып үлгермейміз, адамдар саны көбейіп кетер дейтін шығар...». Бұл әңгімеде нағыз сатира байқалады. Алайда «Мен емес» әңгімесіндегі сынау өте ымырашылдықпен, үмітпен аяқталады. Бұл да сынаудың, пайдалы сынаудың белгісі. Қоғамды сынаушылық «Кәйфхана» әңгімесіне арқау болған.
Салтанаттың әңгімелері өзге де авторлармен өзара үндес, бұл – әдеби толқынның өзара үндестігі деп баға берсек болады. Философиялық әдебиетті жасап жүрген Асқар Алтай, Төлен Әбдікпен шығармашылық байланыстың жатқанын аңғаруға болады.
Салтанаттың әңгімелері қазіргі өтпелі кезеңнің нағыз көрінісі.
Автор: Қымбат Слямбеков
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: xorst.ru
Ш. Талап