Жазушы – адамның жанын зерттеуші, қоғамтанушы. Бәрімізге ортақ өмірді зерделегенде, тіршілік үшін болып жатқан күресті қаз-қалпында баяндай салмай, одан нәтиже шығаратындай сәулелі сөздің сиқырымен суреттеу екінің бірінің маңдайына жазылған бақ болмаса керек. Бүгінгі қазақ прозасында өмір шындығы белгілі деңгейде жазушы қиялымен қатар өріліп, әлі де қоғамды сынау, түзеу қызметіне ие ме деген сұрақтың айналасында өз хәлімізше ізденіп көрген едік.
«Қазақ әдебиеті» газетінің өткен сандарының бірінде жарық көрген Әлібек Асқаровтың «Сәлемнің де жөні бар» деген әңгімесі естеріңізде болар. Әңгіме бірінші жақта баяндалады. Құдасымен скверде сөйлесіп отырғанда, амандасып өткен жеткіншектердің іс-әрекетінен өрбіген әңгіме «сәлемнің де жөні бар» екенін ұқтырады. Құдасы оқушы кезінде ауылға жаңадан келген жас мұғалімге бір жолдасының алдауымен ғашығымен құшақтасып тұрғанында үстінен барып амандасса, екіншісі елден бөлек ұнжырғасы түсіп, жер шұқып отырған шалға амандаспақ болғаны еді. Ұқсастық – екеуі де амандасу. Былай қарағанда әкенің балаға берген тәрбиесі. Біріншісін түсіндіңіз. Шәкірті ұстазының үстінен түсті. Ал екіншісі бала әкесімен кетіп бара жатып шалға амандаспақ болғанда, әкесі амандастырмай қояды. Баласы түсінбей, әкесінің үйреткенін істемек болғанын айтқанда, оның мәнін былай түсіндіреді. Бұл қария бойында қайраты бар уақытта, кеңес үкіметінің қып-қызыл белсендісі болып, «халық жауы» деп ауылдың біраз адамдарын ұстатып жіберген екен. Соның ішінде өздерінің аталары да бар. Түсінгеніміз: құдайдай сеніп істеген ісі көріне жақындағанда азап болып қайтқаны. Сондай азапқа ұшыраған адамдар біздің елде аз болды дейсіздер ме?! Осы бір шағын ғана көріністен адамзаттың бір мінезін айқын көреміз. Әрине, бұл әңгімеде сол шалдың бүкіл болмысы ашылмай қалған. Оны жазғыра да алмаймыз. Өйткені, мақсат басқа. Ал осындай кейіпкерге арналған бір шығарма жазып, бар трагедиясын ашып көрсетсек, әдебиетіміз тағы бір кейіпкермен толығар еді. Бір ғана қазақтың ғана емес, бүкіл адам баласына ортақ осы мінез қай халықта жоқ дейсіз? Және сол мінездің соңғы иесі шал емес. Қияметке дейін қаншама адамдар сол мінезбен өмірлерінің соңы қалай аяқталарын ойламай, жанталаса тіршілік кешеді. Өйткені, бәріміз пендеміз. Ондай жалтақтық, сатқындық, жылпостық, пысықайлық, арамдық, тоғышарлық бәріміздің алдымен, өз басымызды, одан кейін ұрпақты арашалайтын дұшпанымыз. Абайдың өзі өмірінің соңына дейін осындай мінездермен күресіп келген жоқ па?! Ілиястың ұсталып кетуіне белсенді ат салысқан адам – кейін ақын ақталғанда бірінші боп мақала жазуға сұраныпты деседі. Мүмкін ары мазалады, мүмкін екіжүзділік дерсіз. Қалай дегенде де, адам жанының күрделі жұмбағы. Түпсіз психологиясы.
Бір кездері Тәкен Әлімқұлов, Әбіш Кекілбаев салып берген прозадағы жаңа арнадан жазушыларымыз шалқалақтап, ауып түсіп, адасып қалды. Ендігі міндет – дамудың алдыңда тұрған сан тарау жолдың ертегідегідей адаспай, дұрысынан жол тауып, даңғылына түсу.
Мифологияға негізделіп жазылған Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» атты әңгімесі қатпарлы адам баласының болмысына үңіледі. Байлыққа жетіп, адамгершілік атаулыны бірақ ұмытатын жағдай, тек жүректен айырылғанда ғана болады. Адам тек адам болып, ақ, адал жүрекпен ғана жүре алады, егер адам бола тұра қиянатқа жол берсе, оныкі ет жүрек емес, тасжүрек деген ой айтатын туынды мәңгілік құндылықтарды дәріптейді. Егер адам шын жүрегінен айырылса, кез келген іске баратынын, оның психологиясының да өзгеретінін жазушы нақты өмірлік ситуациялармен нанымды суреттейді. Нақ бүгінгі біз өмір сүріп отырған заманның бір келбеті. Өмірді тануы, детальды өз орнымен беру, жазушылық интуициямен өз орнына түскен. Әйтпесе, өмірдің өзінен алынғанымен, оқырманын сендіре алмайтын жазушылар да бар. Әңгіме формалық жағынан да өзіне дейінгі ешкімді қайталамаған. Оқиға қуаламай, әр көрініс бір-бірімен қиюласып жатқан әңгіме шым-шытырық. Реалды өмір мен мифологияны селбестірген жазушы осы тәсілді пайдалану арқылы өз ойын тұспалдайды. Миф. Иә, миф. Қарапайым халық үшін әр қаладан екі үш үйің болу, банктік есеп-шотыңда миллиондаған долларыңның жатуы, айына, тіпті аптасына ойлап көрмеген бағадағы көлік ауыстырып мінуің миф. Сол мифтік байлықтыққа қол жеткізгенде, жүрегі болмаса, адам туған ата-анасын да ұмытатынын қаламгер нанымды суреттейді. Әңгімені оқып болғанда, ағамыздың бір кезде Шукшин шығармашылығы турасында жазған қырқыншы синоним принципі есімізге түсті. Өзі сол принципті білсе және оны басқа бір жазушының шығармашылығы арқылы талдап көрсетсе, өзі де жазу шеберханасында сол әдісті қолдануы ғажап емес.
Рахымжан Отарбаевтың «Аяқталмаған хикаясының»басты кейіпкері – жазушы. Жазушысы ел ішінде естіген бір хикаяны қағазға түсірмекші. Хикаясының жалпақ мазмұны: соғыс жылдарында ауылда ешкім көрмеген, әлдеқайдан қашып келген қалмақ ауыл әйелдерін ұрлап зорлайды екен. Содан ауылдағы әйелдер ұрпақ өрбітіпті-міс. Өмірде жоқ, өздері ойлап тапқан аңызға өздері сеніп жүрген жандар өз күнәлары сол дақпыртпен шайылып кетердей бейғам жүретіндерінде.
Жазушыны кейіпкер ету арқылы Рахымжан Отарбаев қаламгер шеберханасының тыныштықты, бөлектікті қажет ететінін әңгіме барысында сыналап кіргізген эпизодтар арқылы айтады. Кейіпкері шығармасын жазып отырғанда үстіне келіп кіре беретін әр адамның ойын бұзып, әңгімені аяқтатпауы қалам ұстаған әрбір жазарманның басында болатыны сөзсіз. Бірақ сол эпизодтар арқылы жазушы адамдардың эгоистік мінезін де ашады. Ешкім жазушының әңгіме жазуымен айналысып отырғандарында шаруасы жоқ, кедергі келтірдім деп те бір мысқал ойламай, өз әңгімелерін айтып, шаруаларын тындырып жүре береді. Тіпті, жазып отырған хикаясындағы Қашқынбаевтардың көп болуы осы эгоистік мінездің салдары емес пе екен?..
Дәурен Қуаттың «Мүйіз Тарақ» әңгімесінде бір кейуананың бастан кешкен оқиғасы баяндалады. Кеңес үкіметінің, шолақ белсенділердің, жағымпаздардың бейнесін жасап шыққан жазушы, мүйіз тарақтың орнында бұрын күміс тарақ болғанын, оның қалай мүйіз тараққа айырбасталғанын лирикалық шегініс жасап, кейіпкерінің аузымен жеткізеді. Бірді айтып, бірге кететін кәрілік мінезбен шешей ағасын да еске алады. Астаң-кестең заманда шекара асып, сол жақта қарындасын жоқтап, түрмеде көз жұмғандығы да сенімді. Өмірлік, тарихи фактіні оқырманын сендіре отырып, баяндайды. Оқығанда жәй ел ішіндегі әңгімені естігендей әсерде қалдырады.
Әңгіменің аяғын публицистикалық сарынмен жазып шыққан. Біздіңше, сол бөліктің түкке де қажеті жоқ. Жұмбақ жасырып алып, шешуін өзің айтып қойған сияқты әңгіменің прототиптерін баяндаудың не керегі бар? Мәселен біреу Балуан Шолақтың прототипін алса, арнайы бір тарау қосып, Балуан Шолақ болып еді деп айтпайды ғой. Бұл да сол сияқты болуы керек еді. Соңында бұл шығарманың жанры әңгіме екеніне сенбей қаласың. Оның үстіне тақырыбы да таптаурын. Қашанғы кеңес үкіметін жамандаумен жүреміз? Адам жаны, мінезі қаншалықты кең десек те, көп жазушылардың тақырып аясы тар. Себебі, соны ізденістің жоқтығы, тек өткенге қарайлап, «қанағат» тұтып келе жатқандары.
Орыс әдебиеті Гогольдың «Өлі жандарымен» мақтанады. Бұл шығарманы оқыған кезде, Пушкин «шынымен осындай байғұс елде өмір сүріп жатырмыз ба» деп көзіне жас алыпты деседі. «Ревизорымен» де күллі Ресей даласын қан жоса қылған Гогольдың шығармаларына бара-бар қазақ әдебиетінен туынды кездестіре алдыңыз ба? Заман шындығын бейнелеген шығармалар баршылық. Бірақ дәл уақытында өз заманының айнасын жасаған қаламгер кемде-кем.
Төлен Әбдіков «Ұры мен ұлы» пьесасы әкемтеатрдың репертуарын бір санға арттырып қана қойған жоқ. 87 театр маусымы жаңа қойылымдармен толықты. Қайсысын тамашаласақ та, көңілсіздеу қайтатын едік. Тек сол жолы жазушы Төлен Әбдіковтің жаңа пьесасы қойылған күні дуылдасып кетіп бара жаттық. «Ревизордың» орыс әдебиетінде алатын орны қандай болса, «Ұры мен ұлының» қазақ әдебиетінде алар орны сондай болмақ. Бірін-бірі кінәлайтын екі ұрпақтың дауына нүкте қойды бұл туынды. Бір ғана ғалымның отбасындағы жағдаймен бір ғасырдың жүгін көтерген шығарма, тура бүгінгі қоғамның көз алдымызға әкелді. Әке өтіп бара жатқан буынның жиынтығы болса, бала жас ұрпақтың бейнесінде көрінді. Әкесін кінәлау арқылы бала өткен күннің шындығын таныса, баласын айыптау арқылы әке өзінің қателігін көреді.
Ғалым мен ұрының арасындағы диалогта жазушы қоғамның біраз келеңсіздігін сынға алады. Ең әуелі ғалым үйде жалғыз тұрады. Бірақ ұлы бар. Не себепті ұлы қолына алмайды? Ұры не үшін байдың емес, қарапайым халықтың үйіне түседі. Адамдар жоқтықтан «он мың теңге ұрласа ұрлық, шенеуніктер он миллион жымқырса бизнес» болатынының себебі не? Ғалым мен ұры екеуара осы ауанда әңгіме өрбітеді. Ғалымнан сұхбат алуға келген журналистер арқылы бүгінгі қазақ журналистикасын да біраз түйреп алады. Дәл сұхбаттың үстінен ғалымның досы түседі. О да профессор. Бірақ аңғал, аңқылдақ. Сол кейіпкердің аузымен қаламгер бүгінгі қазақ тойын да сынайды. Тойдағы аста-төк ысырап пен әсіремақтаушылықтың шегіне жеткендігін, қоғамдағы «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесінді» ашық әжуалайды. Ақша арқылы ғылыми атаққа қол жеткізіп жүрген жандардың да шымбайына бататын сөздер айтылады. Бұл да біздің өміріміз. Журналистер келіп қалған ғалымның досын пайдаланып қалып, ауыл туралы сұрақ қойғанда, ілгеріден бері сарнап отырған адам «ауылдан айналайын, ауыл жақсы ғой» деп құбылып шыға келеді. Бұның да біздің басымызда бар екенін қалай жасырып қалмақпыз?!
Үйіне келмей жүрген ұлының үйге келуі ғалым үшін күтпеген жағдай болады. Сөйтсе, ұлы ажырасып келген екен. Ұлы мен әкесінің арасындағы ұзақ тартыстан біз кеңес дәуірі мен тәуелсіздіктің тартысын көргендей болдық. Екі бөлек кеңістікте дүниеге келген ұрпақтың қарама-қайшылықтарын талдап көрсетеді. Ажырасқандарының себебін сұрағанда да, үлкен әлеуметтік мәселелердің басын ашып, құндылықтардың орны ауысқанын сараптайды.
Төлен Әбдіков бұл шығармасы арқылы «бір кісінің басындағы шағын эпикалық кеңістік ұлан-ғайыр қазақ даласының қай пұшпағының да зығырданын қайнатқан қасірет» екенін ашып айтты. Сіз бен біз ғұмыр кешіп жүрген ортаға үлкен анализдік талдау жасап, алдыңа таңдау қояды. Төлен Әбішше айтқанда, «сауға сұрап жазған жоқ, дертке дәру іздеп жазды». Қалың қазаққа осылай біріңді-бірің аңдып, алдап, жікке, топқа, руға бөлініп, қарабастың қамы үшін қалың елді тоздырып өтесіңдер ме, өтірік даңғазаға еріп, ғылымды тоздырып, елді аздырып, осы қалыптарыңмен кетесіңдер ме деген ашық сауал жолдайды. Соңында ұлын әкесінің аяғына жығып беру арқылы, әлде қазақ есін жиып, етегін жинап, қайта ел болатын шығар, бірлік, түсінушілік болатын шығар деген үміттің де отын маздатады.
Біз пьесаның мазмұндық, идеялық жағын айттық. Сахнаға қойылғандағы актерлердің ойнау шеберлігі, режиссерлік шешімнің тереңдігі бөлек әңгімеге арқау.
P.S. Еуропаның әдеби айналымында кафкалық деген сын есім бар екен. Әуелінде халық митингіге шықса, «мынау нағыз Кафка!», «Кафканың өзі ғой» деген жазуы бар плакаттарды ұстап шығады екен. Бұл сол кездері атағы шыққан жазушының прозасын оқығанда, туған сын есім болса керек. Қаламгердің шығармалары түсініксіз болғандықтан қандай да бір саяси жағдай халықтың көкейінен шықпай, түсініксіз болып жатса, соны Кафкаға теңеп, «Мынау Кафка ғой» дейтін болған. Кез келген оқырманнан сұрасаңыз да, Кафканың туындыларын түсіндіріп бере алмай, тек естерінде қоңыз боп оянатын кейіпкердің бар екендігін айтар еді. Мұндағы айтпағымыз, түсініксіздік емес, бұл қаламгердің әлем әдебиетіндегі орны о бастан айқындалып қойған. Мәселе бүтіндей бір ұғымның жазушы атымен байланыстырылуы. Соның есімімен алмастырылуы. Кейін бұл кафкалық деген сын есім әдеби айналымында одан да кең түсінікке жол бастаған дейді білетіндер. Біздің де әдеби айналымға бір қаламгердің атымен байланысты термин, әне-міне, енеді деп үмітпен қараймыз...
Автор: Бағашар Тұрсынбайұлы
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: .palestineposterproject.org