"Жез қоңырау" жайында бірер сөз

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филололгия, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық бірлестігі әзірлеген, «Жез қоңырау» жинағының тұсаукесер рәсіміне бара алмай қалдым да, жинақ туралы жазамын деп жиынды ұйымдастырып жүрген студенттеріме уәде бердім. Сәті енді түсті.

Жинақты оқып шықтым. Қайсібір дүниелерді қайыра қарадым. Поэзия. Проза. Публицистика атты үш бөлімнен тұратын салмақты дүние жөпшендіге елең ете қалмайтын ендігі күйіме ерекше бір қуат құйғандай. Ешқайсысын қалыс қалдырғым келмегендіктен, шығарма туралы өзіндік ой-пікірлерімді авторлардың әрқайсысына қатысты айтпақпын.

Фараби ақынның «Көршінің қызы» өлеңіндегі өзіндік тапқырлық назар аудартады. Ұнатқан қызын бозбаланың барлығының да «көзімен сүйіп шығарып салатын» құпиясын айтып қойыпты. «Өсекші өлең». Ауылын сағынған балаң ақын оны көріп қалармын деп Алматының Көктөбесіне шығады. Көршінің көшіп кеткен қызын іздейтін өзі емес – жүрегі. Қыз бен жігіт жатақхана алдында кездесер кешкі сәт. Ай да елең етіп қызығып тұр. Ақын Фараби әлі де ізденеді, еңбектенеді. Ара-тұра жалт ету аз. Поэзия тұтас төгіліп сөйлесе ғой шіркін дейсің! Не дегенде де Фараби дүниені тінте қарап, сыр ұрлауда олжасыз емес. Екі жастың оңаша, оқшау жолыққан сәтінде ғаламды шаттық кернеп, дүрлігеді.

Бала жел де бал шағымен

Таудан төмен сырғанайды.

Кәрі емен де саусағымен

Түннің төсін тырмалайды.

Түннің мен де сырласымын,

Кеудемді ойлар кескіледі.

Қыздың таққан сырғасының

Сыңғырлары естіледі.

Жақсылық Қазымұратұлы қала құрсауындағы қазақтың жанын ашады. Ауылдан бел асып, алыс кетті. Бар үміті – жыры. Бұлдыр сағым, бір аңсау бар. Бірақ балаң ой әлденені түйсінеді, әлде бірдеңелерден тіксінеді.

Жанымды жылытатын жыр-шырағдан,

Жылайды көкіректе сыңсып арман.

Нән төбет не білді екен мен кеткенде,

Оралып аяғыма қыңсылаған.

                            («Ауылды аңсау»).

«Жез қоңырауды» авторларын «көріп» отырып оқыдым. Көпшілігі өзім дәріс оқыған 2, 3 курс студенттері. Факультет дәлізінде қатар түзіп солқылдап келе жататын сәттерін көз алдыма келтіріп отырып оқыдым. Олардың ойлы сөздерін ойладым. Адал сөздерін аңсадым. Таза қуаныштарын бөлісіп, өзім де қуанған шақтарыма қайта оралдым... Қазақтың қатпар-қатпар тағдыр тарихында түзілген құндылықтарынан құнар сіңген құлыншақтарды сағынып отырып оқыдым. «Жез қоңыраудың» авторлары туралы толқымай, елжіреп, тебіренбей жаза алмадым. Олармен санасамыз. Олардан үйренеміз. Олардың жедел заманға сай сергектігі мен сезімталдығын мойындаймыз. Ақындар Алматыны аруға балап, аяулысы санап, арманға орап жыр арнайтын. «Қазіргінің баласының» өмірдің көлеңкесінде де көздері түседі. Алматыға өкпе айту сарыны да бар. Жақсылық ақынның да «Мәйханада оқылған жыр» өлеңі ақындар мекені – Алматы туралы.

Мұнда кімдер мекендеп күл төкпеген,

Мұнда кімдер нөсерлеп жыр төкпеген.

Кеңсай жаққа кеткенде талай ақын,

Бұл қаланың бүйрегі бүлк етпеген.

Ерқанат Қуатбекұлы ересек, естияр зердемен барлайды өмірді. Қуған ой тоқтата алмас тылсымдардың алдын тосады. «Сыр сұлуы» өлеңінде жастықтың ештеңеден сескенбейтін өр мінезі, тірі жанды менсінбейтін менмен еркелігі бар.

Қозыбай Құрман тынымсыз діріл, тіршілік тербелісін қалт жібермей, жанды бейнеде ұстап қалады. Тапқырлығы таңырқатып отыратын тұстар бар. Аспанды сезінуді ақындар айта бермейтін. Лирикалық қаһарман – дүние дүрмек аясында жарыққа шомылып күн кешеді. Күзгі бір шақтың күй-сарынмен елтиді.

Жапырақ төгеді,

      күз – дауыл, тал – қыршын.

Кеңкілдей жылайды.

     Бүгіліп, әрбір шың.

Теңселіп емен тұр,

Еңсеріп тағдыр шын.

Алыстан сонау бір тұңғиық жиектен,

Үздігіп жетеді талмауыр күй еппен.

(Аспанды сезінем Тұрғандай сүйеп мен).

Жас ақын шегеленген, жылжымайтын, мызғымайтын сөздің өзін итермелей отырып орнынан қозғап, ауыстыра қояды. Онысы жымдасып, орныға қалады. Ойды-шойқысы жоқ. Ойнап кетеді. Өз қолтаңбасын түзуге ынтық.

Бөрілер ұлиды.

Мұңға орап қырда ауық,

Кеңістік майданын мата бұлт тұр жауып.

Әріби – Әрібек Дауыл – «Әриам» атты жыр жинағын шығарған. Шалғайда туған ұлан қара шаңырақ – аталар мекеніне ынтығады. Түпкі түйсік түрткілеп тынбай аңсайды. Сумен жүзіп шекарадан өтіп кете беретін балықтың «бағын» қызғанады. Оның «Қорлану, күйіну» өлеңі – ширыққан шымыр, шалқар өлең.

Шөпке байланып шырылдап тұрмын,

Торғай боп саған қалықтап өтпедім!

Ей, есті Ертіс, сенімен еріп,

Семейге сал боп ағып та кетпедім...

Алыппын десем балыққа жетпедім.

Әріби-Әрібек Дауылдың ақыннан досы көбін байқап сүйсіндік. «Жез қоңырауда» жырлары басылған көп ақын-дос оның өлеңінен үзіп алып ой жалғайды. Оған сөз арнайды.

Бекзат ақын (Смадияр – Қ.М.) ежелгі мақамдармен маңызды, маңғаз сөйлейді. Қаны ежелгі дәстүрлерге қарай тартып тұрады. Дүниенің баянды бір ырғағымен баяу тербеп жыр төгу үрдісі арғы замандардың ақындық ғұрпын әспеттеу бар. Дүние дүбіліп, «бүлініп» кетсе де бағзы, байырғы сарынмен тыншымай тулаған жүректі орнықтырып ғажап сазға бөлейді.

Сенің Алтай қаратты сыртың елге;

Менің Шөлім баратты түркіменде –

Сардар болсақ қайтеді-ей бір түменге!

Қайтушы едік күң ертіп, құл түгендеп.

Еркектікті танытсақ дүркін еңбек

Аңыз қылсын сексен қыз үркіген деп.

Сен қайтарсың сонан соң шіркін, Өрге,

Мен қайтармын жаңбырсыз кір-кір Өңге!

Бауыржан Мырзақұлов өлеңдерінде «Жез қоңырауда» желілі сарынға ұласқан Алматыға арнаулар жалғасын тапқан. «Тасбауыр қала», «Шашын жайып жылаған кемпір қала» тұңғиық ойлар шырмауында. «Қарғыс» атты өлеңі елең еткізді.

Ақерке Әбілхан жырлары ерке, назды, нәзік. «Екі минуттық үнсіздік» өлеңі ешкім айтпаған, бірақ баршаға белгілі құбылысты сезінту тосындығымен есте қалады.

Екі жылда бір еске алу үшін

Екі-ақ минут үнсіздік жетед маған.

Ақерке сөз тапқыш. Айтылмаған теңеулері бар. «Күнсүйгіш ерікті жан», «Төзім көз ілді» дегендей.

Үмітті қалай жағар екенсің,

Көп күтіп бүгін көз ілді төзім.

Сен мені қалай табар екенсің,

Жоғалтып жүргенде өзімді-өзім?..

«Оянып жатыр Алматы» өлеңі – тамаша тапқырлық.

Жастығым – сағым, көрпем – мұң,

Жамылып алып, өртендім.

Ұрысып қалып ұйқыммен

Төсегін түннің төңкердім.

Сезімдегі сергелдеңді Ақерке тағы да ешкімге ұқсатпай бейнелейді.

Кәрі түн неткен ұзақ тым,

Жұлдыз боп көкте жүз ақтым.

Алматы Ақеркенің өлеңінде иманды қала, киелі мекен.

«Кісінеді» қоңырау зарлы аты

Қарасам, сағат таңғы алты.

Сәждеге басын қоймаққа

Онып жатыр Алматы...

Ақерке – ақын.

Салтанат Бегісбекова жастықтың ұдайғы, қашанғы, бітпейтін, таусылмайтын ғашықтық күйін жырлайды. «Ораласың», «Жағалауы «көктемнің»» - жақсы өлеңдер.

Шұғыла Сәйденқызы жырларындағы мағынасы жұмбақ мазаң күй, бітпейтін сағыныш мұңы, сырлы сиқырлы ғашықтық сәт күйлері баурайды.

Өмірге және өзіме ғашық тулаған,

Көзімді жұмып кеудемді талай тыңдағам.

Мен сонда оны сөздермен ғажап мыңдаған

Тек өзім түсінер тілдермен үнсіз жырлағам.

Шұғыла елең еткізер тосын түйіндер жасайды.

Сен жайлы жырды жаза алмай талай түнімен,

Кереметтігіңді келтіре алмасымды біліп ем.

Жаным-ау бірақ жазамын кейін сырлы жыр

Әкетайлаған баламның былдыр тілімен.

Манас Қайыртайұлы өлең сөзде де, қара сөзде де «бақ сынап» жүр. Өзіндік талғамы, ойы, жазу машығы қалыптасып келеді. «Тұлғамда тұлпардың қаны бар» дейді. Рас-ау дейсің!

Асылан Тілегенов уақыт пен кеңістіктің ғажап тоғысуын жастық сезім өлшеуіне тартып, тапқырлық танытады.

Сені ұмытып кетуге қалды жетпей,

Арадағы сонар жол қос қаланың.

Орал мен Алматы арасындағы ұзақ қашықтық. Жақсы көрген адамды ұмыта алмау... Алматы туралы Асыланның айтқаны сендіреді.

...Алматы енді маған ұнамайды,

Біздерді қоштастырған осы қала...

Жас құрбы Жайықта қалды. Алматы жігітті оқуға алып кетті. Мұны бұрын еш ақынайтпаған.

Шерхан Талап – «Алматыдағы алғашқы өлеңі» елең еткізді. Өр рух, образды ой басым.

Қақсаң да шетке жамбастап жатып аламын,

Алатауыңның қар басқан шыңдары сынды.

«Ақ Жайық маған: «Қадырды жоқтатпа» - деді... деп аяқталған осы жыр маған қынаптан суырған «балдағы алтын құрыш болаттай» көрінді. Шерханның «Жайыққа жаяу тартып кетсем бе екен?» тәуекелшіл бозбала болмысы иландырады. «Ересек қыз» өлеңінде ақынның жанын ашып тастай алатын батыр мінезі бар. Серілерге сыйымды биік мәдениет бар. Бастан кешкен әр сәтінен нұр саулаған жастық ғұмырдың жарасымды сыр-назы, балаң бақыты мен «бақытсыздығы» қуатты сұлулыққа тұнған жырға ұласқан. Шерхан пәлсапашылданбайды, тарихты ақтарып, төңкермейді. Әлеумет қамын жалпы сөйлеуге де қыр беріңкіремейтіні байқалады. «Осал» жері – өлеңнің қыр соңынан өмірі қалмайтынын «білдіріп» алады. Ақын өлең боп өмір сүреді. Шерханның жырлары осыған меңзейді.

Нұртас Тұрғанбектің «Үнсіз махаббат» атты жыр жинағы шыққан. Өлеңге түр қосуға ынталы екендігі байқалады. «Жан жарым» өлеңіндегі түннің стихиясы көңіл аулады.

Түн...

Ойлар мен ойнақтың мекені,

Басымда онсыз да жетеді.

Жалғыздық жатады жаңғырып,

Сездіріп сорымды екі елі.

Өмірбек Сансызбай жүрек жырын өлеңіндегі өз арнасына бұра отырып, қашанғы, қалыпты үлгіде айту машығын ұстанып отырады.

Айжан Айтқұлова өте жылы өлеңдер жазады. «Қараңғы түнді жамылған жарықай!» сынды тосын бейнелеулерді оп-оңай таба қояды.

Қымбат Слямбектің «Алтай Аманжоловқа арнау» өлеңінде сөз сомдаудыңкөкжиегін кеңіте түсетін ұтымды оралымдар мол екен.

Ақтолқын Орысбайқызы «Жапырақ» өлеңімен-ақ ақындықта алар асуларын«байқатып» алады.

Ең соңғы күнпарақтың бетіндей боп,

Бұтақта ең ақырғы тұр жапырақ.

Тылсым күш тіршіліктің бітпейтін сыры мен жыры. Соңғы жапырақтың үзіліптүскеннен кейінгі күйі мұңды. Жапырақпен бірге өзің де суықтап, аулақта қалғандайбір күй сезіндіреді.

Тыныстап суық дүние құшағында

Жатады біраз уақыт қарға оранып.

Айбол Исламғалиев «Соңғы кеш» өлеңінде «көздің жасы жүрекке таматыны» туралы тамаша сыр ашады.

Оралбек Ысқақ өмір жайлы ойлы өлең жазу бағытындағы ізденіс үстінде екен. «Қара күшік» өлеңіне әлеуметтік ой қосқан.

Ықылас Тұрсынбекұлының өлеңді түрлендіріп жазудағы ізденіс үстінде жүргенін сезіндік.

Қарлыға Темірғали жырларында тұнықтан сәуле сүзген жаңашыл, өзіндік әлемін ашқандай нышандар байқалады. Қарлығада М.Цветаева үлгісі де, Фариза, Гүлнәр мақамы да, Жұмекен мен Қадыр, Жұматай мен Светқали, тағы да басқа қазақ, әлем ақындығының көгін жарқыратып тұрған поэтикалық үлгілердің жарығыме ншұғылаланған, жылуынан қызу алған өлеңдер бар. Қарлыға «сырымды білмейсің, себебі енді өлеңімде өмір сүрмейсің!» дейді сыпайылап ауыр үкім шығарып. Өзі үшін ауыр үкім. Өлеңдегі өмір де қатал, қайырымсыз, қытымыр, алдамшы, аяр; жылы, мейірлі, шуақты бола алса – бұл поэзия. «Сіз күнаһарсыз» өлеңінде ақын тосын шешімге келеді. Адамның шатқаяқтау тағдыры, тайғанақ дүниенің жалт бұрылып бақытпен туатын сәттері де аз емес-ау.

Жайықтан да еркелеу ініңізге,

Иіліп көрсетемін жеңге ғұрып.

Сондайлық тапқыр болжам! Қазақ қызы ғана айта алатын болған соң айтылған ақиқат.

Тұрсынбек Башардың «Көктемдегі күз» өлеңі жаңашыл тәсілдерімен назар аудартты. Шарттылықтың сан бағыты, түрі туралы «бірдеңе» білетініміз бар еді. Тұрсынбек: «Жанарыңнан маған біреу қарап тұр,» - деп селт еткізді.

Ақниет Төленді әлеуметтік ойымен, азаматтық үнімен келсем дейді екен өлеңге. «Шерге толған жандар бар көкірегі», «Алматыда ескерткіші Абайдың» туындылары – осыған айғақ.

Абылайхан Жұмашев таңғажайып табиғат нұрына мейірленеді. «Қыс көркі» өлеңінде қарды «періште сынды көктен ұшқан аң-құсқа» балауы көкейде қалды.

Әйгерім Лесбекова «ғаламның бар жұмбағы сыйған жанарымен» жан-жағын барлайды. Ой түйеді.

Бұл өмірдің жалған бәрі мәңгі емес,

Әр бір сәтің секілді бір таңғы елес.

Жалғандағы осы болар оның да,

Биік болып көрінеді кей дөңес.

Ерзат Асыл. «Жүрегімде жүйткіп көшіп барады, қара дауыл қаңбақ қылған замандар» сынды кесек оралымдармен жырлайды. Ақындықты «Аспанның ар жағынан ақ нөсердей, сорғалап келе жатыр бір асқан үн» деп астастыра айтуы сыйымды.

Аян Жолдасовты заман күйі алаңдатады. Рухани дағдарыс қасіреті, әлеуметтік мұң сарыны жетеді құлаққа. Эльмира Сейілханқызы асқақ сезім жырлары бағытында қалыптасып келеді. Елі үшін марқаяды, шаттанады.

Гүлмарал Қайратқызы, Сәкен Әсетұлы, Ермек Атенов, Қымбат Лиманованың да өлеңіндегі өзіндік өрнектері айқындалу үстінде. Қымбаттың «Ауылым» өлеңі аялы сезім тұнған сәтті туынды екен.

Әрине, «Жез қоңыраудағы топтастырылған өлең атаулының барлығы «сөз жүйрігімін» деп тұрған жоқ. Жылт еткен жақсылығын жеткізуді мақсат еткендіктен, белгілі әңгімені қайыра баяндаған, кедір-бұдыры, бұлдыр, бұлыңғыры да аз кездеспейтін, кемшілігі көзге ұрып тұрған шығармаларды сынап, мінеуді мақсат етпегендіктен, көзге шұқып көрсете қоймадық. Амандық болса «Көкжиек» клубы бар, басқа да әдеби басқосулар бар, ақындық алым таразыға тартылып, талқыланып отыратынын ескердік. Не дегенде де шым-шым сезім ойнатқан сәтті жырлардың 17-18 жасар жас өркеннің жанын жарып шыққаны да рас. Балаң сана өресі жеткен өрістің кеңістігі шалқар көрінеді. Енді проза бөліміне ойыстық...

Рахат Ахметтің «Бір қазақтың құпиясы» эссесі ұрпақ әлеуетіне назар сал дейтіндей. Деректі негізде жазылған шығарма құрылымы жинақы. Жазудың «жаңа» тәсілдеріне, дәстүрден озық үлгілер жасауға ұмтылыс ақталған. Мағжан, Бауыржан сынды арыстар өмірінің бірер сәтіне бүтін ұлт тарихын, ұлт тағдырын шарпыған мазмұн сыйғызып жаза алған. Рахат Ахметке қазақ прозасының келешегі үміт артатын сыңайда. «Сібірдің аязы секілді суық амандасты» сынды салмақты, астарлы, қатпарлы, «ішіне көп дүние сыйған» сырлы оралымдар сөзсіз сенім ұялатады. Шығармашылық – түрткілеп жер тесіп шыққан тас бұлақтай тылсым бір күш. Автор Қиыр Шығыста Мағжанды жолықтырған Бауыржан Момышұлы дерегін сезімдік, ой-саналық тұрғыдан жалғастырып, толықтыра түсуге ынтыққан. Замана сұлбасы, аз ғана сәт көрінгенімен ақын тұлғасы да, батыр тұлғасы да жүрек тулатып, жарқ етіп ашылып, есте қалады.

Мейіржан Әуелханұлының «Қағаз кеме» әңгімесі қилы ойға түсіреді. Жетім балалар үйіндегі кішкене баланың қолымен жасалынып, ұлы теңізге арықпен ағып кеткен, шеті майысқан қағаз кеме «Теңіздегі Ана» сұрапыл дауылдан қорықпайды. Қып-қысқа әңгімеде ауыртпалығы мол өмірдің аяусыз ақиқаты мазмұндалған. Баланың түсі. Қиял мен шындық астасқан бірер сәт. Жас қаламгер шеберлік кілтін қолына түсіріпті. Бұлыңғыр тірліктің тұғыры – Ана. Қайран Ана... Кішкентай қағаз кемесін ағынға түсіріп жіберген тірі жетім бала ол теңіз айдынына шыққанда үлкен кемелер оған мама болатын шығар деп қиялдайды. Ананы аңсаудың шегі жоқ-ау. Қысқа әңгімеде бір сөйлемге сыйып кеткен «ой ағымы» да, кейіпкер тілі де, жауаптасу үлгілері де, кең шалқар баяндау. Моделі де, адам жанының күйзелуін жойып отыратын алдыңғыға асыққан арман шапағаты да сыйып тұр. «Ән» әңгімесінде де әлемдік өзгере «қол салған» сенімді батылдық байқалады. Адам өмірінің әр сәті, бар сәті – құпия. Ғажап. Дүниеде бала мұңы ауыр. Нұрға тұнған дүниенің жап-жарық бір нышаны сәби. Құйтымдай жан иесінің бойында әрдайым ұлылық бұғынып жатады. «Ән» әңгімесінде де жас қаламгердің келешек қолтаңбасын түзетін сәтті штрихтарға көз тоқтатасың, қиырдан шалып қисындау алымына ой тоқтатасың. Оқыстан болар опаттың тосын сұмдығын дүние болмыстың бір сәттік сілкінісі мәніндегі мазмұнымен жеткізуі – шынымен де шеберлік! Жас жазушылық тілі сазды, сырлы, сурет салып отырып баяндауы ұтымды.

Сұлушаш Махмұтқызы «Бір уыс топырақ» әңгімесінде ғұмыр бойғы ғашықтық туралы атам заманғы тақырыпқа өз әлемін астастырып, жазу өнеріне ұмтылады. Бұла бұлқыныстың арна тауып, өз ағысымен көркемдік мұхитына ұмтылған құштарлығы негізсіз емес. Әдемі сәттер, әсерлі баяндалған жан-сезім күйінің нышандары бар.

Салтанат Мінәйханның «Мен емес...» әңгімесінде жас адам түн ұйқысын бұзып қариялардай мазаң күй кешкен. Алаңы - ұлт бітімі, ұлт бүтіндігі. « «» (тырнақша)» атты әңгімесінде орталық тұлға – Ақын. Қазіргі дәуірдің, сөз құны түскен, ақындық киесін жоғалтқан заманның ашқарын, жамау киім, жартылай қайыршы ақыны. Салтанат қысқа қайырымдарға ұзақ-ұзақ толғамдарға тартып әкететін астар сыйғызады, сурет қосып баяндауға төселіп қалған, әлеуметтік ащы мысқылға бейімдігін де байқатып қояды. Тапқыр тіркестері – жанын жарып шыққан, қанында бар оралымдар екені сезіліп тұр. «Құлан ойнақ» тіл дегенді, «Түр ұстасы» дегенді тұңғыш рет көзім шалды. «Видимость создавать» ету дейтінбіз ауызекі сөзде. Кейде қазақшасын нақтылай түсіп «өзінше болып» дейтінбіз. Мінәйхан Салтанаттың «түр ұстасының» дәлдік қуаты артық көрінді. Ет пісірім уақыттың уақиғасындағы ой бөлшектері әрекет-детальдардың үш-төрт жас пен Ақынның кездесу сәтінің ұзын ағысында қазанда асып жатқан үш-төрт жілікті ұдайы «қатыстырып» отырып кеш соңына орай осыған жалғап ой тоқтату Салтанаттың жазудағы өзіндік беталысын даралай түскен. Әңгіме арқылы айтары осал емес. Қашаннан белгілі жай ғой, автор жүрекке салмақ салып жазудың абыройынан құралақан қалдырмайтын туынды. Әлеуметтік арқау бар. Тіршіліктің қуаныш сәулесі күңгірт кешке жылу дарытады. Қуат қосады. Салтанат болса «Жас өмірін қартайтып шығарма жазуын» тоқтатпайды. «Жілікті ақын, білімі орасан, бір емес бірнеше кітабы шыққан ағам үшін ұялып көп дүниеден түңілгендей басым салбырап қалды. Сол екен көзім ағайдың көнетоз шалбарына түсіп кетті. Көрген көзде кінә жоқ. Кінә, илеген пұшпағымыз бір ішкі түйсігімде. Шалбар тозығы жетіп, жел қашаған жартастай жыртылған. Отыздан асып әлі отау да құрмағаны, ер жігітке ауыр сын. Әйелің болса әлеукедей жалақтап тұрар едің, аға. Қалтасының қаншалықты қалың екенін одан әрі паш еткендей жамауға да көзім түсіп, сүрінді. Тез басымды көтердім. Өлең жазып өзін құрбан еткен ағамды, сол арада құшақтап сүйіп-сүйіп алғым келді. Әңгіме сұйылайын деді. Бәріміз тағы қара қазанға алаңдадық. Салтанаттың орайын келтіріп, көздеп отырған көкейтестісін жеткізуді де тәп-тәуір меңгеріп жатыр екен. Оқушыға көзтаныс 3-4 жігіт отырған бөлмеге Жарқын атты жас ақын кірді». «-О! Ассалаумағалейкум аға! Жағдайыңыз қалай?-деп әлгі ағайымызбен әмпей-жәмпей шұрқыраса қалды. Жерлес, қаламдас бұрыннан етене таныс ағасы екен. Отыра кетіп, әңгімені қойыртпақтап-қойыртпақтап келіп: - Тағы кітап шығарайын деп жатыр екенсіз, жақсы өлеңдер жазыпсыз. Қасқайып еңбектендіңіз. Өзіндік қазақ әдебиетінде қолтаңбаңыз қалды, әйтеуір. Енді тұратын бір баспана тауып алсаңыз, сырмағыңыздың өзі сыз өткізбес табанға, жаңа күніңіз туар, - деп қойып қалды». Қалғанын өзің сезіп отырсың дегендей ой сындырып сөйлеу, жазу-өзгеше, шеберліктің бір қыры. Тоқ етер тоқтамға тартып, бәрін түгендеп айтып тауысу – шығармашылықтың мұраты емес екендігін сезінетін буын өсіп келеді.

Айгерім Сматуллаева «Махаббат құдіреті» әңгімесінде адамның ең асқақ артық қасиеті - сүйіспеншілік, махаббаттың бір сырын шерткен тәп-тәуір шынайы оралымдар бар. Жазуға құштарлық байқалады. Бағыт бар.

Ербол Қабылхановтың «Қимас», «Қисынсыз тағдыр» әңгімелері жастардың ессіз ғашықтыққа сенетін ерекшелігін айқындай түсетіндей. Жас қаламгерлер барша ғашықтық хикаялардың түп-төркіні Аллаға деген махаббаттан екендігін ескеріп жүрсе екен дейміз. Ерболдың әңгімесіндегі таңды күту – тамаша тапқырлық. Жас қаламгерлерде байқалмаған, дағдылы құбылыстардың құдіретін сезіндіріп жазуға талпыныс бар. Табыстары да жоқ емес. «Тіршіліктің тынысын бағып тұрған самал жел де мына қараңғыда ғайып боп тек артында топырақ үйлескен аң қалатын».

Гүлзат Нарытбектің «Биғаң» әңгімесі алғаш «Ай-Ару» әдеби-танымдық студенттер альманағында жарық көрді. Бір деммен, кедергісіз, шымырлап сіңіп отыратын әңгіме көп кездесе бермейді. Дәстүрлі әңгімешілдік машықта «оп-оңай», «жеп-жеңіл» жазуды оқып үйрене алмайсың. Бұл – жаратылыстан дарыған ерекшеліктің айғағы. Гүлзат классикалық әңгіме жазған. Ширақ, жедел, баянды етіп жазу тәсіліне тамсандырып оқылады. Өмірден өрбіп жататын қилы «қисынсыз» күйлер драматизмін бала танымында шарпыстырады. Ұлттық маңызы да ұйып тұрған әңгіме. Адырдың арғы жағында қалған балалық қайтып келмейді...Осында Гүлзат адам баласына ортақ күйді қызықтырып, елітіп айтады. Бұл әңгіме бір мәнде – қыз баланың балалығы туралы жазылған шынайы шығарма. Көп емес. Қазақ балалар әдебиетінде балалық шақты ер балалар ғана бастан кешкендегі баяндалатын. Қолдан әңгіме жазу келмеді. Әйтпегенде осыны осыдан отыз жылдан астам бұрын ойлаған едім. Гүлзаттың әңгімесінде көп сыр бар. Сағынышқа ұласқан қайран қызу, қызық, қысқа дәурен. Қыз бала үшін, тіпті қысқа еді. Гүлзаттың әңгімесі қазақ ауылындағы кішкентай қыздардың барлығын баурайтын өмір салтын жырлайды. Тәтті мұңмен баяндайды.

Манас Қайыртайұлының «Ай көлеңкесі» әңгімесінің жазу мәнері Әуезов дәстүріне ынтыққан беталысты байқатты. Шымыр-шымыр тұнған бір құт сезіледі. Әңгіме «Көксеректің» көлеңкесінде қалмаған. Өз алымы, өз бояуы қосылған. Сөз ұқсатуы шебердің икемін сездіреді. Әңгіме шешімі – түз тағысы қор болып өлді. Адам бұрынғы замандағыдан қатты, қаныпезер. Көкжал азаппен көз жұмды. Хайуанаттар бағы – табиғат Ананың ыстық-суық мейірін тұтас сезініп ғұмыр кешетін түз тағысы үшін қорлық. Манас алтын жалатқан арзан әшекей сынды сылдырмақ сөз қумайды. Сәулетті сөздер қаламынан өз-өзінен төгіліп отырады екен.

Ақбота Ғазизованың «Аңсар» әңгімесі. Авторды тылсым өмір мен өлім арасы толғандырады. «Жетім», «Көркемтайдағы» күй қылаулайды. Әділетсіздік, безбүйректік, қатыгездік адам жүрген алысқа ұзамай, қай заманда да осалды аңдып жүреді.

Шынар Жеңісқызы әңгімелеріндегі суреттеуде өзгеше бір айқын нақтылық бар. Тіршілік қозғалысын ұстап қалып отырады. Шынардың оқиғаларды біртіндеп, ретімен, тізбелеп баяндауы өзін ақтап тұр. Жандылық дарыта алған. Байқампаздық бар. «Жастары тату ауылдың әр күндері сауыққа толы болатыны белгілі.» Автор жақсылыққа, өмірге құштарлыққа, адамның жасампаздығын жырлауға ынтық. Жазудағы күрделі жаңа бағыттарға әуестік байқатпайды. Драматизм үйіріп әкететіндей шымыр жазу дағдысы бірте-бірте қалыптасатынына үміт бар. Алып-ұшпа жастық оқиғалары байқампаздықпен, әсерлі тілмен айтылғаны да сенім ұялатады.

Ерсін Оспанбектің «Жатақхана немесе студенттік түрме» әңгімесін жымиып оқисың. Кейіпкер өміріне бірде дән разы. Бірде көңілі олқы. Жастықтың мінезі ғой.

Тұрсынбек Башардың «Жігіт пен қыз» әңгімесі өмірдің тосын бұрылыстары, тағдырлар туралы қысқа толғам. Ғашық жігіт – мүгедек. Қиялында қызбен серуендейді. Интернеттен танысқан жаны. «Көзінде өмірдің өзі күліп жүрген жігіттің тәтті түсін, жазылмаса да дәрі егуге келетін медбикелері бөлмекші. Жігіттің жалғандағы жалған ғұмыры қайта басталмақ...» Дәрменсіз адам баласы аяусыз өмірдің айтқанына көніп, айдағанына жүріп ғұмыр кеше ме? Бақ па? Сор ма? Бұны біз біле алмаймыз. Жауабы бір Аллаға аян.

Қуанышхан Өмірханның «Қан исі қан шақырады» әңгімесін жаның суып оқисың. Дүниедегі кейбір азғындық, айуаннан өткен қорқаулық туралы ақпарат тасқынында жүрміз. Көзбен көріп келе жатқан сұмдықтар да аз емес. Қуанышхан Өмірхан жаныңды түршіктірердей көркемдік қуатпен жеткізген баян адам баласының өз еркінен тыс беймәлім бақытсыздығы туралы ойлантты. Осы әңгімеде астар көп. Жапалы бала сұмдық әрекеттерге барады. Өзін қорлап сөйлеген көккөз көршісінің бейкүнә кішкене балаларын жазатайым бірінен соң бірін өлтіреді. Ақыры азған заманның суық, жат мінезі шошытпай қоя ма? Жас жазушы жан сезіп, көзі көрген жат пиғыл дүние нұрға оранған тіршілік сәулесін сөндіріп кете ме деп қауіп айтатындай. Әңгіме арғы замандардан жаңғырып жеткен адамның айуанға айналу аңыздарымен астас құбылыспен аяқталған.

Нұрғазы Әскербекұлы ««Қара үйдегі» ақ елес». Мистика. Өмір фактісі бейнеленген, әдемі суреттерге толы.

Публицистика. Бұл бөлімде студенттердің қоғамдық ой-сана қозғау әлеуеті, жаһандық саралау біліктілігіне марқайдық. Құрман Қозыбайдың «Жұмекен неге үнсіз?» ой-толғамында жас автор ақындық туралы жақсы пайымдарымен назар аудартады.

PS. «Жез қоңырау» - дәстүрі бай, даңқы зор әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ежелгі үрдіс – шығармашылыққа баулаудың байыпты жалғасып отырғандығын көрсетті. «Көкжиек» клубының жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ләйлә Мұсалыға жас буынмен жұмысың жалғаса берсін дейміз.

Автор: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті,

ф.ғ.д., профессор Қанипаш Мәдібаева

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: massaget.kz