(Басы)
Кейін Төлебай балалары ержеткен соң, Рахымбай деген ұлын жылқы үйірін тізгіндеуге, Мұқайды түйе түлігін басқаруға, Әубәкірді ауылдың мәдени өмірін жандандыруға, келіп-кетіп жатқан қонақтарды күтіп алып, оларды разы-хош етіп аттандыруға, Ақыманды қорғанысқа, елдің мал-жанын ұры-қарыдан қорғауға қойған. Шын аты - Кәкімбай, ел арасында Кәбен атанып кеткен Мұстафа Өзтүріктің әкесі Ақыман сол кездің өзінде жұрт аузына іліге бастаған балуан, жойқын күштің иесі еді. Ал Төлебай Әлкембайдың кенжесі Құсайынды 7 жасынан бастап өз жанына алып, билікке баулыған. Өзі дүние саларда Құсайын 17 жаста болатын. Сондықтан Төлебай би соңғы өсиетінде: "мұнан кейін билік тізгінін Құсайын ұстасын" - деп артқы ұрпағына аманат еткен екен. Осы романға арқау болып отырған Төлебай атаның ізбасары сол Құсайын Тәйжінің 1918 жылдан 1955 жылға дейінгі атқарған 37 жылдық қызметін автор былайша жүйелейді:
1. 1918-1938 жылдары Баркөл, Нори, Шонжы, Бәйтік, Боғда өңіріндегі халық үшін істеген қызметтері;
2. 1939-1951 жылдары Газкөл, Жеті Чіменде оны екі жыл отырықшы ел болып, Өр Алтай, Шыңжаңда атқарған қызметімен даңқы шыққан;
3. 1951-1952 жылдары елінен, туған жері Өр Алтайдан айырылып, жолдастары Шолтан Шәріп, Дәлелхан, Бағси Қасен батыр, Рахимоллалармен бірге Кашмирге дейін, содан соң 1952 жылы Ұзын көш сапарын одан әрі жалғастырып, алғашқы қазақ көшін Түркия мемлекетімен қауыштырған.
Құсайын Тәйжі жолдастарымен бастап барған бұл көш жайында ағылшын дипломаты Годфрей Лайастың "Тарыдай шашылған қазақтар" (Kazak Exodus, by Godfrey Lias, London: Evan Brothers Limited (1956) атты ағылшын тіліндегі кітабында егжей-тегжейлі баяндалған. Өйткені бұл кітаптағы көптеген деректерді автор сол Құсайын Тәйжінің айтуы бойынша өз аузынан жазып алған. Аталған кітап 1956 жылы жарық көргендіктен тарихи деректерге бай, құнды болып отыр. Алайда әлі күнге дейін сол кітапты ешкім ағылшыннан қазақшаға аударған жоқ. Онда осы Құсайын Тәйжінің қазақтардың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, ертегі-аңыздары қатысты айтқан мәліметтері келтірілген. Кітаптың құндылығы сол онда фольклорлық -этнографиялық жәдігерлер көптеп кездеседі.
"Сергелдең" тарихи роман болғандықтан кейіпкерлердің бәрі шынайы өмірден алынған. Автор тарихи деректерді көнекөз қариялардың аузынан жазып алыпты. Мәселені, романдағы тарихи деректердің көбісін автор Нығмет ақсақалдан аузынан жазып алғанын айтса, кітаптың эпилогындағы Рахат Батыралиннің хатынан көптеген тарихи деректерге қанық боласыз.
Автормен сұхбаттасып отырған Рахымбайдың ұлы Нығмет ақсақалдың кітапты оқу барысында шежірелі қарт екенін бірден аңғаруға болады. Қазақ арасында "құралайды көзінен ататын мерген" деген сөз кең тараған. Алайда көбіміз осы сөздегі құралайды аң деп санаймыз. Алайда құралай дегеніміз аң емес, құс екен. Ол - бүркіттің ең қыраны және асылы екенін кітаптан оқуға болады. Құралай құс арқардың құлжасы сияқты ірі аңдарды көктен шүйлігіп келіп, бел омыртқадан бір тепкенде ол омақаса құлайды. Оны бас салып жеп қалғанын қарға-құзғынға жемтік ретінде қалдыратын мырза құс осы құралай екен.
Кітаптың тілі жатық қазақы тілде жазылғанымен Қытайдағы отандастарымыздың қолданысындағы кейбір сөздер еніп кеткен. Мысалы, лаубайшы-бұқара, Каса дагы - қазақ ағай, шаңия-ауыл бастығы деген сөздер кездеседі.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: pratyeka.org