Кеше, тамыздың 28-ші жұлдызы күні Қазақстан Жазушылар одағы Әдебиетшілер үйінде «Зейнолла Сәнік – қаламгер, этнограф, тарихшы, ғалым» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сол дүбірлі шарада әдебиет зерттеушілері мен қоғам қайраткерлерінің марқұм Зейнолла Сәнік шығармашылығы, өмірі жайлы ғылыми толғамдары мен сөйленген сөздерінің бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
Жылбек Керімбек
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының PhD докторанты
Көне заманнан бері қазақ ұғымында дәулеті мен әулеті шалқыған үлкен бір ауыл шағын мемлекет тәрізді. Қабанбайдың інісі Туматайдың кіндігінен тараған Төлебай бидің ауылынан шыққан үлкен бір әулеттің тағдыр-тауқыметі осы "Сергелдең" романына арқау болған. Арқадан Тарбағатайға, онан Өр Алтайдан Гималай тауын асып, Үнді мұхиты арқылы Түркияға дейін төрт-бес ұрпақ бойына сергелдеңге түскен Қабанбай ұрпақтарының өмір жолдары, қиын-қызықшылығы роман желісінен көрінеді. Автордың айтуынша, ел билеген Төлебай би өзінің туыс-жекжаттарын ептілігіне, икемділігіне қарай жұмыс бөліп беріп, оларға бір-бір саланың тізгінін ұстатқан. Алғашқы кезде Төлебайдың өзі ел басқарып, тоғанақ тарту жұмыстарымен айналысса, кейін інісі Әлкембай екі ауылдың мал-жанын басқарып, соларды шашау шығармай шалқыта білген. Осы кітапта сөз болатын сергелдеңге түскен үш атаның үлкені Бәшкенің кіндігінен ұрпақ қалмаған. Ал Төлебайдан Рақымбай, Кәкімбай, Ақымбай; Әлкембайдан Мұқай, Әубәкір, Құсайын деген ұрпақтар дүниеге келеді. Осы үш ата ұрпақтарының басынан өткен алмағайып заман, азапты күндер бүкіл қазақтың басынан өткен тауқымет, тағдыр тәлкегіне тап болғандардың бастан кешкені тәрізді көрінеді. Сол себепті романды оқу барысында оқырман бірде жылап, бірде айызы қанып, сол оқиғалардың қақ ортасында жүргендей сезінеді. Осы кітаптың бас кейіпкерінің бірі Төлебай заманында Боғда шыңының теріскей бетіне орналасқан ежелгі Жібек жолы бойындағы Фукаң, Жемсары, Шонжы, Мори, Баркөл аудандарының іргетасы қалана бастаған. Төлебай бұл өңірге 1890-1917 жылдар аралығында билік жүргізген. Сондықтан көнекөз қариялар бұл дәуірді "Төлебай заманы" деп атайды дейді автор. Төлебай өзі шешен, әрі сөзге тапқырлығы бар, сегіз қырлы, бір сырлы сері азамат болған. Бір күні Төлебай бір топ адаммен шақабайлардың бірінің үйіне түседі. Ол үй бидай көже ішіп отырса керек. Ойламаған жерден келген қонаққа үй иесі құяйын десе, қатықсыз қара көже, құймайын десе тамақ үстінде келіп отыр. Аяқ астынан сол үйдің бойжеткені бір аяқ көже құйып, Төлебай жездесіне:
Дегенде Төлебай сал, Төлебай сал,
Жегені қазы-қарта, жая мен жал.
Бұл күнде ел ішкені бәрі көже,
Жездеке кейіндемей аузыңды мал, - деп әзілмен ұсыныпты. Сонда Төлебай бір аяқ көжені алып тұрып, жұлып алғандай:
Бабаңның баулуында атқан таңым,
Апаңның шарасынан татқан дәмім.
Балдызжанның қолынан ішсем көже,
Кетер деймін қайқайып қатқан тәнім. - деп Төлебай жарасымды әзілге үйлесімді жауап қайтарған екен.
(Жалғасы)
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: minber.kz