Оралхан Бөкей – ХХ ғасырдың ортасында қазақ әдебиетіне мифология мен ұлттық идеология ұғымдарын қабаттасырып әкелген постмодернист жазушы. Шығармалары астыртын ой мен жасырын идеяларға толы.
Өткен ғасыр – қазақ халқы мен мәдениеті, шығармашылығында үлкен ақтаңдақ қалдырған кезең. Ұлтқа қатысты мәселені айтуға, жариялауға, жазуға болмайтын уақыт. Алайда халқын сүйген, жеріне адал жазушылар постмодернизм бағытының түрлі ағымдарын пайдаланып ойы мен көзқарасын, ішкі толғанысын жеткізе бастады. Солардың алғашқысы – осы Оралхан Бөкей.
Оның "Апамның астауы", "Кербұғы", "Өз отыңды өшірме...", "Атау кере" сынды шығармаларында ұлттық мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрдің, ұлттық ойлаудың, таным-түсініктің сырлары жайында толғаныс айтады. Мәселен, "Апамның астауы" әңгімесінде халқымыздың ұлттық мәдениеттен ажырап бара жатқанын астау мен келінің ауылда қаңсып қалған бейнесі арқылы жеткізіп, тарихи жәдігердің ғасыр жетегінде жұтылып бара жатқаны қалай жанына бататынын сөзбен өрнектеген.
Ал "Атау кере" романында болса, жазушы бұдан да терең пәлсапалық ойдың ұшығын шығарады. Жалпы, шығарманың өзі 1989 жылы жазылған. Бастапқыда екі атауы болған екен: бірі – "Қауіпті будан", екіншісі – "Атау кере". Басында "атау кере" елге түсініксіз атау болар деп "Қауіпті будан" деп қойған. Бірақ кейін мұнда да ұлттық дүниелер астыртын жеткізілгендіктен халқымыздың жан-дүниесіне жақын "Атау кере" ұғымымен береді.
Атау кере дегеніміз – адамның өлім алдындағы соңғы асы. Кейде қарғыс ретінде "атау кереңді ішкір!" деп жатады.
Шығарманың өзекті идеясын жазушы, философ Тұрсын Жұртбай жақсы байқай білген. Философтың ойынша, Оралхан Бөкей "Қауіпті будан" романында интернационал жанұяда дүниеге келген баланың ұлттық таным-түсініктен жұрдай, не атаның, не ананың тегіне тартпай, жатбауыр боп туылатыны айтылған. Мәселен, сондай некеден дүние есігін ашқан шығарманың басты кейіпкері – Ерік өте қатыгез, дүниеқоңыз, тасжүрек, пайдакүнем, опасыз болып өседі. Яғни, бойында бар жаман қасиетті жинап алған. Бірде-бір жақсы қасиеттің тамтығы да қалмаған.
Жазушының ойынша, аралас некеден туылған бала атаның да, ананың да жақсы қасиетін бойына сіңірмейді: тегінен тайып, қанынан кетіп туылады. Тіпті, Американың ар жағынан әкелінген ара мен жергілікті араны буданастырғанда, одан туған аралардың да жаратылысы қатыгез, тойымсыз, жат, қансұйық боп кетеді. Жазушы табиғат заңдылығын шендестіре, Еріктің өмірімен параллель ала отырып, символикамен әсерлі бере білген. Ерік пен анасы Нүркенің қарым-қатынасы да жылы емес, ең соңында қауіпті будан аралар бас кейіпкердің анасын шағып өлтіреді. Мұның бәрі толып тұрған символика, яғни, шығарманың өзекті ойын жеткізуші сюжет.
"Жат жұрттық ешқашанда жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын..." дейді шығарма кейіпкері Нюра-Нүрке қария. Жазушының бұл ойды қарияның аузына салуы тегін емес. Өзінің ұлының тексіз екенін өзі де түсінетіндей...
Оралхан Бөкей бұл шығармасы арқылы сол заманда кең таралған интернационал некеге сыни көзқарасын танытады, мұны қолдамайды. Оны ұлтты құртудың жолы, амалы деп таниды. Мұндай ойын тіке айта алмағандықтан, "Атау кере" сынды пәлсапалық романы арқылы астыртын жеткізуге тырысқан. Аралас неке ұлттың атау кересі дегендей сыңай танытады.
Сондықтан "Атау кере" шығармасын жалпыадамзаттық идеяларды қозғаған шығарма деп қабылдауға болады.