Шетел әдебиеті дегенде бірден есімізге орыс, француз, латын, тағы басқа әдебиеттер түсетіні анық. Бұлардың арасынан ойып тұрып орын алатын ғажайып әрі сыршыл әдебиет бар. Ол — жапон әдебиеті.
Біздің бүгінгі жазбамыз осы жапон әдебиеті турасында болмақ. Нақтырақ айтсақ, жапон әдебиетіндегі үш алып тұлға — Рэноскэ Акутагава, Юкио Мисима, Ясунари Кавабата сынды жазушылардың шығармалары жөнінде. Осы аталған жазушыларға жеке-жеке тоқталмақпыз. Ендеше, кеттік!
Рэноскэ Акутагава
Рэноскэні жапондардан қызғануға болады. Оның шығармаларын оқып отырып «шіркін, біздің қазақта осындай жазушы болса ғой деп армандайсың...» Жазушының ең құдіретті новеллаларының бірі «Тозақ азабы». Осы новелласы көп пікір тудырыпты деседі. Бірі оны шедевр деп жоғары бағаласа, енді бірі новелла емес деп жоққа шығарады. Бізге керегі, әрине, ол емес. Бізге керегі - «Тозақ азабы» новелласының басты ерекшелігі, құндылығы.
Шығарманың негізгі мазмұны былайша өрбиді. Бірде қаһары қатты император атақты суретшіге тозақтың суретін салуды бұйырады. Суретші дел-сал күй кешеді. Салайын десе, тозақты көрмеген, салмайын десе, басы кесілмек. Сөйтіп жүріп суретші тозақтың бейнесін салуға кіріседі. Ол суретті салу үшін мынадай тәсілге барады. Өзінің шәкірттерін түрлі тәсілмен қинап, қиналған сәттегі суреттерін қағазға түсіруге тырысады. Суретті салып біткен кезде оған бір ғана нәрсе жетпей тұрғандай көрінеді. Қанша тыраштанса да, нағыз тозақтың суретін өз ойындағыдай шығара алмайды. Осыны көрсету үшін суретші әйел адамның отқа оранып, азаптан қиналып жатқандағы бейнесін салуды ойлайды. Ол ойын императорға жеткізеді. Император таудың үстіне күйме апарып, оның ішіне суретшінің жалғыз қызын отырғызып, өртеуге бұйрық береді. Өнерге деген құрбандықтан суретші бұл суретті аяғына дейін салып шығады. Бітіргеннен кейін екінші күні асылып қалады. Шығарма осымен тәмам.
Рюнэсконың «Тозақ азабы» новелласы сурет өнері туралы айтылады. Шығармашыл жанның азапты һәм жанкешті күйін жеткізеді.
Бағанадан бері сөз қылып отырған новелланың айтар ойын қазекем бір-ақ жолмен жеткізген ғой: «Өнерді үйрен де жирен».
Юкио Мисима
Жапоннан оқыған тағы бір жазушым Юкио Мисима. Бұл қаламгер жапон әдебиетіне көптеген сүбелі еңбектерді алып келді. Әлем әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты. Сол еңбегі еш кеткен жоқ. Бағаланды. Жазушы «Нобель» сыйлығын алмаса да, «Акутагава атындағы арнайы сыйлықты» иеленді. Юкио Мисиманың «Алтын ғибадатхана» романы мықты шығармалардың бірі.
1950 жылы будда iлiмiн үйренушi шәкiрттердiң бiрi ақыл-есiн жоғалтқан қос-үрейлi сәтiнде жапонның көне астанасы Киотоның ең мәшһүр сәулет жәдiгерлерiнiң бiрi Кинкокудзи ғибадатханасын өртеп жiберген болатын. Осы қылмыстық оқиға жазушының жан дүниесiне керемет әсер еттi. Ол қылмыскер шәкiрттiң болмысын тереңдеп зерделеу арқылы геростратшылықтың құпиясын ашуға талпынды.
Былай қарағанда роман желiсi оншалықты күрделi емес секiлдi. Қарапайым бозбала екiншi дүниежүзiлiк соғыс жүрiп жатқан күндердiң бiрiнде Кинкокудзи ғибадатханасына көп сабақ тыңдаушылардың бiрi болып орналасады. Алғашқыда оның оқу үлгерiмi де анау айтқандай аса жаман бола қоймаған. Бiрақ уақыт өте келе оның осы Кинкокудзи ғибадатханасына, оның әсем архитектурасына деген шексiз махаббаты оянады. Бала ғибадатхананы жаңбырлы күзде де, қарлы қыста да, төңiрек гүл атып құлпырған көктемде де бақылайды. Бұл ғибадатхананың ғажайып сұлулыққа ие екенiн түйсiнедi. Баланың ғибадатханамен бiрге өлгiсi келедi, «американ ұшақтарының бомбасы мен осы ғибадатхананың iшiнде отырғанда төбемiзге түсiп, екеумiз бiрге күл-тозаңға айналсақ» деп қиялдайды. Баланың мұндай адам сенгiсiз арманға берiлуiне не себеп болғанын жазушы шәкiрттiң басынан өткiзген оқиғалары арқылы бейнелейді.
Атақты ғибадатхананы бала бір түнде өртеп жібереді. Ол ғибадатхананы өзгелерден қатты қызғанатын. Бұл басқа қызғану еді. Бала ғибадатхананы өзгелерге қор қылғысы келмейтін. «Атың шықпаса жер өрте» деген нақылды ата-бабамыз «Геростакраттан» алған ба деген ой келеді. Оның қаламының құдіреті тіптен ерекше. Сенбесеңіз, оқып көріңіз…
Ясунари Кавабата
Жалпы жапон жазушыларының көпшілігі психологиялық сарында жазады. Айналаңдағы Әлемді неден біліп бастау керектігі турасында Ясунари Кавабата ұсақ-түйектерді атап көрсетеді. Әлемді таныған сайын ол кеңейе түседі. Бұл әлемде «адам тіршіліктің ажырамас бөлігі, ал оның айналасындағы қолы тигеннің бәрі оның жанын өздеріне әкеліп жасартуын және оның тарихына енуін жалғастырады. Мың қанатты тырна кітапта символикалық мағынаны білдіреді. Ежелгі жапон нанымында ақ тырна — жер шарындағы мәңгілік өмір дәрежесіне жеткендерді аспанға әкететін бақыт пен ұзақ жасаудың белгісі болып табылатын киелі құс. Юкиконың бейнесі Кикудзиді елітеді, алайда, ол жексұрындық пен қарсылық сезімін шақыратын басқа әйелге ынтасы ауды.
"Мың қанатты тырна" романы аяқталмаған, жалпы, бұл жапон әдебиетіне тән қасиет. Сол себепті шешуін күткен оқырман өзінің жеке ойларымен арпалысып, аң-таң күйде қалады. Бірақ соңы аяқсыз қалуы тек образдың әсерін күшейтуге ықпал жасайды, оқырманды индивидуальды тұрғыда, шығармашылық және шығармаға араласу тұрғысында өзіне баурап, тартып тұрады. Оқырман өзінің жеке өмірін, жеке сезімдерін ой таразысында қорытады, ал Әлем өзіне бұрын көрінбеген жаңа бояуларды енгізеді.
P.S. Жалпы жапондар аңыз-әңгімелерге, ертегілерге өте бай халық. Олардың әдебиеті әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алады. Небір мықты саналған классиктер біз айтып отырған осы жапон әдебиетін, оның басты өкілдері саналатын Рюноскэ Акутагава, Юкио Мисима, Ясунари Кавабата сынды жазушыларды мойындаған. Жапондардың әдебиетін әлем мойындайды. Жазбамызда есімі аталмай қалған Кэндзабуро Оэ деген тағы бір мықты жазушы бар. Дзюнъитиро Танидзакидің өзі бір әңгіме. Қазіргі таңда көзі тірі жапон әдебиетінің көрнекті өкілі Харуки Мураками бар. Кітаптары миллион данамен шығып жатыр. Бүгінде оны әлем іздеп оқиды. Айта берсек көп. Жапондардың құдіреттілігі жайлы Әмірхан ағамыз жетер жеріне жеткізіп жазып кетті. Ол кісіден артық жаза алмайтынымыз шындық. Егер қатты қызықсаңыз сол Әмірхан көкеміздің "Қасқыр құдай болған кез" атты кітабын тауып алып оқыңыз. Өкінбейсіз. Жапондардың кешкенін біздің қазақ жазушылары да кешті ғой, тек әлемдік деңгейге шыға алмай жатқанымыз болмаса бізде де Акутагавалар, бізде де Мисималар бар. "Қасқыр құдай болған кезді" оқыған соң жапондарға аңсарым ауды. Негізі, әдебиет құрбандықты, жанкештілікті талап ететін киелі өнер ғой. Жоқ, әдебиет мен үшін өнер емес, өмір! Оны жай ғана оқуға болмайды, онымен "ауыру" керек!..
Автор: Жандарбек Жұмағұлов