Хакім Абай өлеңдеріндегі ұлттық код мәселесі

Хакім Абай өлеңдеріндегі ұлттық код мәселесі
Фото: massaget.kz

Биыл ақын, аудармашы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, композитор, реформатор тұлға – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы. Сондықтан, ғұлама мұрасы біржақты емес, жан-жақты зерделенуі керек. Себебі, Абай – «түпсіз терең тұңғиық» (М. Мақатаев), өзінен кейінгі ұрпаққа құнарлы топырақ әзірлеп кеткен ойшыл ақын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абайды тану, Абайды дәріптеу, Абай туындыларын насихаттау жөніндегі ойларын «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ортаға салып, жұрт талқысына ұсынған еді. Осы ретте, ақынның өміршең өлеңдерін ұлттық код тұрғысынан саралауды ұйғардық.

Ұлттық код – күрделі ұғым. Бұның ішіне менталдық қабатты құрайтын әр ұлттың, әр этностың тарихы, әдеби қазынасы, мәдени мұрасы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, ділі, дүниетанымы, жүріп өткен жолы, тарихи-эволюциялық кезеңдер негізіндегі ой-санасында мықтап бекіген қайталанбас, төл образдар енеді. Әр ел түрлі-түрлі құбылысты өздігінше көреді, өздігінше пайымдайды, өздігінше қабылдайды. Георгий Гачевше айтқанда, «наш предмет – национальный космос, в древнем смысле – как строй мира, миропорядок: как каждый народ из единого мирового бытия, которое выступает вначале как хаос, творит по-своему особый космос. В каждом космосе складывается и особый логос – национальное миропонимание, логика. Это – самое тонкое, до чего нам добраться и постигнуть» [Гачев 1999, 1:10]. Ал, Клотер Рапай мұны былайша ұғынады екен: «Это бессознательный смысл той или иной вещи или явления, будь то машина, еда, отношения, даже страна в контексте культуры, в которой мы воспитаны» [Рапай 2008, 2:77]. Бір ұлтты екінші ұлттан ерекшелендіріп тұратын басты фактор – тек өзіне ғана тән менталитеті, ұлттық болмысы, мінез-құлқы, дүниетанымы, т.б. Айталық, филология ғылымдарының докторы, профессор, поэтолог, әдебиеттанушы Сәуле Әбішева «Поэтический мир М. Макатаева» атты монографиясында: «Макатаев обращается к выразительным образам, передающим состояние солнца и его цветовую гамму: «қызарып» («наливаясь огнем»), «жарқырап» («сверкая»), «қалтырап» («дрожа»), «сарғайып» («желтая»), «жалаулатып» («пылая»), «кешігіп» («запаздывая»). Использует метафорические ряды и мифологические коды для создания его внешнего облика. Традицией солярной мифологии объясняется наличие у солнца глаза: «Күн көзін» («Солнца глаз»). Отсылку к архетипическому образу солнечной колесницы содержат следующие строки: «Күміс жалды күн дейтін көлікпенен, / Көріп келем өмірді, көріп келем» («На колеснице среброгривого солнца / Я обозреваю жизнь, обозреваю»). В словах «дөңгелеп», «айналып», связанных с семантикой круга, поэт обыгрывает форму солнца. Словосочетание «күннің табағынан» в значении «с солнечного диска» тоже указывает на его форму» [Абишева 2018, 3:152] деген. Жоғарыдағы структуралистік талдауға негізделген мысалдарды Абай поэзиясынан да молынан табуға болады. Мәселен, «тайға міндік», «үкі тақтық», «қыран шықса қияға», «жүйрік тіл, терең ой», «жаңбырлы жайдай сырқырап», «шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «сіз – жалын шоқ, біз – бір май», «тұмар тағылса да», «күлімсіреп аспан тұр», «қой жайылып жаздыкүн», «аспаннан бүркіт құйқылжып», «қараңғы түнде тау қалғып», «желігін жерге тықпас», «шідерлігі жуандау, бота тірсек», «құс қаңқылдап», «суы ашыған батпақ көл», «толғауы тоқсан қызыл тіл», «қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ», «қарсақ жортпас қара адыр», «жуасты мінде, айран іш», «жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан», «желсіз түнде жарық ай», «жазғытұрым жасырып жердің бетін», «қыран бүркіт ен алмайды, салса баптап», «алпыс екі айлалы түлкі алғанда», «қойдан қоңыр, жылқыдан торы», т.б. Бұл сөздер, бұл ұғымдар, бұл ұлттық образдар  – әр қазаққа ұғынықты, әр қазаққа түсінікті. Абай «Қырық бесінші сөзінде»: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, керіспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. <...> Бұл ғадаләт, махаббат, сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» [Абай 2020, 4:218] дейді. Ойшыл өлеңдеріндегі бұлт, аспан, ай, жылқы, жаз, күз, қыс, бүркіт, қыран құс, түлкі, жазғытұры, т.б. түсініктер түрленіп, құлпырып, табиғатқа тіл біткендей әсерде боласыз. «Қылышын сүйреткен қыс» я «масатыдай құлпырған жаз» жанданып, адамға тән қасиеттер пайда бола бастайды. Мұны ғылымда персонификация, прозопопея, антропопатизм деп атайды. Осы хақында ғалым Қажым Жұмалиев бүйдейді: «Абай қыстың кескінін де аса шеберлікпен суреттейді. Үскірік бораны бұрқырап тұрған қысты рақымсыз адам бейнесіне ұқсатады. Қыстың малға да жағымсыз соқыр, мылқау күш екендігін аңғартады». Айталық, ақынның «Жазғытұры» өлеңіндегі өзгеше өрнектерге көңіл аударсақ:

                            Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

                            Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.

                            Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,

                            Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.        

Бұнда оянудың белгісі бар. Көбіне-көп Шығыс әдебиетінде түлеуді, жаңғыруды, өмірді көктеммен байланыстырады. «Абайдың тұшынып, ұзақ сонар соңына түсіп оқығаны – шығыстық классикалық поэзиясы мен философиясы. «Медресенің тынысы ауыр, тар ғаламында, қысаң тәрбиесінде жүрген шәкірттің шын сүйетін жандары – Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули сияқты көне классикалық ақындар болған. Медреседе оқып жүрген кездерінде жаздыгүні елге қайтқанда, қаладан ала келетін кітаптары – тағы да сол ақындар еңбектері. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған», – деп Мұхаң Абайдың шәкірттік шақтағы кітапхана ауқымына жүрдім-бардым назар аудармаған» делінген «Қайым туралы сөз» кітабында. Алаш қайраткері, меценат Мұхамедхан Сейітқұлұлының баласы, текстолог, ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханұлының абайтануға, хакім мұрасын зерттеуге сіңірген еңбегі өте зор, ерен. Хакімнің:

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға, –

деп басталатын өлеңіндегі ұлттық образдар – ойлы жан үшін жат емес, қайта етене таныс. «Томағасын тартқанда», «сегіз найза қолыңда», «қанат, құйрық суылдап, ысқырады», «біреуі – көк, біреуі – жер тағысы», «қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл», «таудан жиде тергендей», «сілке киіп тымақты», «күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып», «аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш»... Бір өлеңнің өзінде нешелеген символ бар, нешелеген динамика бар, бірін-бірі алмастырған көркем сүгіреттің арғы жағында ұлттық кодқа негізделген таным жатыр. Атрибуттар белгілі бір қозғалыстан, тынымсыз тіршіліктен хабар береді. Пьер де Шарден «Феномен человека» еңбегінде: «Существует лишь необратимо персонализирующий универсум, способный вместить в себя человеческую личность», – дейтіні де сондықтан [Шарден 1987, 5:227]. Француз палеонтологы, ғалымы, философы әрі теологы Ұлы адамдар туралы айтып отыр, Абай солардың сойынан. Хакім қолданысындағы көптеген ұғымдар символдық мәнге ие. Соның әсерінен өлеңнің бояуы өзгереді, тереңдей түседі. Абай – айтарын турасынан емес, тұспалдап жеткізетін ойшыл ақын. Мәселен, «Күнді уақыт итеріп» (М.Ю. Лермонтовтан) өлеңіне мән беріп көрейік.

                                               Күнді уақыт итеріп,

                                               Көкжиектен асырса,

                                               Көлеңке басын көтеріп,

                                               Алысты көзден жасырса.

        

                                               Сонда көңлім жоқтайды

                                               Татуы мен асығын,

                                               Көзі жетіп тоқтайды

                                               Өткен күннің қашығын.

 

                                               Көкке бақтым «Алла» деп,

                                               Тамаша етіп құдыретін.

                                               Рахматы оның онда көп.

                                               Бізге түк жоқ тиетін.

 

                                               Неге сүйсін ол мені,

                                               Өзім ақмақ, алмадым,

                                               Көрдім артық бір сені

                                               Рахматынан Алланың.      

«Символдар, белгілер, эмблемалар энциклопедиясында» тас – қуатты уақытқа үстемдік ететін доминантты күрделі символ» [Энциклопедия символов, знаков, эмблем 1999, 6:226] деген анықтама берілген. Егер, «Күннің көкжиекке барып құлай батуы өлімге теңестірілсе, ал таңертеңгі қайта шыққан Күн – қайта тірілу символы» [Сонда] екенін ескерсек... Таң ата көрінген Күн – жанданудың, жаңғырудың, түлеудің, жаңа өмірдің бастауы рәуіштес символ. Абай қолданысындағы «болат қанжар» заттық емес, рухани әлемге қатысты екені аңғарылады. Мысалы, «семсер – киелі қасиеті бар заттың бір түрі. Қазақ ұғымына сәйкес: а) семсер – адамның жанының орны, семсер иесінің орны; б) семсердің оттық қасиеті бар; в) семсер тірі тіршілік иесі – батырдың егізі ретінде көрінеді; г) семсер иесіне төнетін қауіптер немесе оның амандығы туралы хабар беруі» [Кондыбай 2005, 7:178] дейді мифолог Серікбол Қондыбай. «Шығыс аңыздарында «нөсерді білдіретін символ көкте қалқып жүрген, жерге тамшы болып төгілген бұлттың шартты бейнесі боп есептеледі» деп берілген [Шығыс символизмының энциклопедиясында 1996, 8:57]». Хакімнің «Күлімсіреп аспан тұр» өлеңінде аспан күлімсіресе, «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сенде» аспан нұрланса, «Күзде» түсі суық сұр бұлт аспанды қаптайды. Көркем мәтін бояуынан-ақ көп нәрсені аңғаруға тиіспіз. Мұндай сөз қолданыстарынан автордың көңіл-күйін, ахуалын, күйініші мен сүйінішін көре аламыз. Бұл жөнінде әдебиеттанушы Ирина Ковтунова «Поэтикалық синтаксис» зерттеуінде былай дейді: «Біздің алдымызда монолог емес, адам Менінің әр түрлі жақтары арасындағы диалог көрінеді. Мұндай ішкі диалог ой-санасы озық адамдарға ғана тән» [Ковтунова 1986, 9:64-65]. Ақын, жазушы, аудармашы Борис Пастернак поэзия табиғаттан күш алатынын айта келе, былай дейді: «Өнер әрекет ретінде шынайы және дерек ретінде символикалық болып табылады. Ол метафораны өзі ойлап тапқан жоқ, ол оны табиғаттан алды және оның қасиетін сақтай отырып суреттейді» [Пастернак 1985, 10:174]. Натурфилософиялық сипаттағы өлеңдер оқырманға табиғаттың қандай ғажап құндылық екендігін ұғындырып қана қоймай, ондағы сыр-құпияға толы таңба-белгілерді тануға да мүмкіндік береді. Бұны Абай аударған ақындардың бірі – Пушкинның өлеңмен жазылған романы («роман в стихах») «Евгений Онегиндегі» Ленскийдің көңіл-күйінен де байқай аламыз.

                                     Он рощи полюбил густые,

                                    Уединенье, тишину,

                                      И ночь, и звезды, и луну,

                                     Луну, небесную лампаду,

                                      Которой посвящали мы

                                      Прогулки средь вечерней тьмы,

                                      И слезы, тайных мук отраду...

Хакім Абай – сөз-сөйлемді құбылтудың шебері, бір қарағанда елеусіздеу дүниеге жан бітіретін ақын. «Қазақ тілінде ұйқас сөздер көп. Қазақ поэзиясында ұйқастың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты сөздердің жақын ұқсастығын талап етеді. Қазақ тілі осындай ұйқастарды шектеусіз пайдалануға мүмкіндік береді» [Ахметов 2012, 11:425] дейді Зәки Ахметов. Ән поэзиядан, поэзия әннен нәр алады. Бақыт Қайырбековтың «Көшпенділер әлемі. Ұлы дала аңыздары. Қазақ этикеті» атты зерттеуінде айтылғанда, есте жоқ ерте замандағы аңызға сәйкес, «бұрнада жердің бетінде ән қалқып жүріпті, ол төмендеп ұшқан жерлерде адамдар ән айтуды үйреніпті. Ән қазақтың шексіз даласына жеткенде, жерге барынша жақындай түсіпті. Сол себепті қазақтар әлемдегі ең алғашқы әншілер болыпты» [Қайырбеков 2014, 12:154]. Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңіндегі қыз баланың көркем бейнесінде ұлттық дүниетанымға иек артқан белгі-нышандар жетерлік. Мысалы, «аласы аз қара көзі», «жіңішке қара қасы», «ақша жүз, ал-қызыл бет», «аузын ашса, көрінер кірсіз тісі», «жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны», «тақтайдай жауыры бар, иығы тік», «нәзік бел тал шыбықтай», «етіндей жас баланың білегі бар», «ажымсыз ақ саусағы», «қолаң қара шашы бар жібек талды», т.б. Автор кодталған ақпаратты көркем туынды арқылы жеткізеді. Оның әрқайсын жеке-жеке, бөлек-бөлек талдап, толықтай түсініктеме берген жөн. Әдебиеттанушы, профессор Вера Савельева «модели художественных миров жанров – это своеобразные формулы, в которую каждый автор подставляет свои особенные данные...» [Савельева 2000, 13:27] десе, ф.ғ.д., профессор, поэтолог Жанна Толысбаева «Трансформация жанров современной поэзии Казахстана» монографиясында: «Жанры с трудом поддаются систематизации прежде всего в силу своей множественности. Каждая историко-литературная эпоха «приводила» свои жанры: древнегреческая лирика – элегию, ямб, эпиникий, эпитафию; провансальская литература – канцону, пастораль, альбу; лирика Возрождения – сонет; эпоха классицизма – трагедию, оду» [Толысбаева 2010, 14:21] делінген. Абайдың әдеби мұрасын негізгі 3 бөлімге бөліп қарастырамыз, біріншісі – өлеңдері, екіншісі – ғақлиялары, үшіншісі – тәржімалары. Автор лексикасын қазақ, араб, парсы және орыс сөздері құрайтынын білесіздер. Сол арқылы сөздік қорымыз байыды. Ал, қазіргі мына қазақ жаһанданған заманда ойшыл шығармаларына дүркін-дүркін ден қою, қайта-қайта оқу – басты талап. Себебі, мұнда қаймағы бұзылмаған, маңызы бетінде тұнған қазақтың ғажап тілі бар, орны бөлек образдар бар, автор көзбен көріп, өне бойынан өткізген елдің тыныс-тіршілігі суреттелген және ең бастысы жұртшылық үшін, адамзат үшін қажет ұлттық код менмұндалайды. Сол себепті де, Абай – өміршең, Абай – мәңгілік, Абай – алып.   

Әлібек БАЙБОЛ жазушы-драматург,
әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Гачев Г.Д. Национальные образы мира. Евразия – космос кочевника, земледельца  и горца. – М.: Институт ДИ-ДИК, 1999. – 10 с.

2. Рапай К. Культурный код: как мы живем, что покупаем и почему / перевод с английского У. Саламатова. – М.: Альпина Паблишер, 2015. – 77 с.

3. Абишева С. Д. Поэтический мир М. Макатаева: Монография. – Алматы, 2018. – 152 с.

4. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Қара сөздер / Алматы: Алматыкітап баспасы, 2020. – 218 б.

5. Шарден де Т.П. Феномен человека. М.: Наука, 1987. – 227 с.

6. Энциклопедия символов, знаков, эмблем. М.: Локид-Миф, 1999. – 226 с.

7. Кондыбай С. Казахская мифология: Краткий словарь. Алматы: «Нурлы Алем», 2005. – 178 с.

8. Шығыс символизмының нциклопедия восточного символизма. Составитель К.А. Вильямс. М.: АДЕ «Золотой век», 1996. – 57 с.

9. Ковтунова И.И. Поэтический синтаксис. М.: Наука, 1986. – 65-65 с.

10. Пастернак Б.Л. Избранное. В 2-х т. Т. 1. Стихотворения и поэмы. М.: ХЛ., 1985. – 174 с.

11. Ахметов З. Казахское стихосложение (Проблемы развития стиха в дореволюционной и современной поэзии). Алматы: АRDA, 2012. – 425 с.

12. Каирбеков Б. Мир кочевья. Мифы великой степи. Казахский этикет. Астана: Казахский научно-исследовательский институт культуры, 2014. – 154 с.

13. Савельева В.В. От художественного текста к художественному миру. Теория. Методика. Практика. – Алматы: Фонд XXI век, 2000. – 27 с.

14. Толысбаева Ж.Ж. Трансформация жанров современной поэзии Казахстана. Монография. – Алматы: «СаГа», 2010. – 21 с.

Т. Раушанұлы